Inicio Қоғам ТҮРКІСТАН: ҚАЗАҚТІЛДІ ЖАРНАМА САПАСЫ ҚАЙТКЕНДЕ СЫН КӨТЕРЕДІ?

ТҮРКІСТАН: ҚАЗАҚТІЛДІ ЖАРНАМА САПАСЫ ҚАЙТКЕНДЕ СЫН КӨТЕРЕДІ?

Бүгінгі күнімізді жарнамасыз елестету қиын. Әсіресе, қала адамдары үшін «жарнама» деген ұғым таңсық емес. Тұтынушы мен өндіруші арасындағы маңызды дәнекер буын бола отырып, жарнама экономиканың дамуын ынталандыратын, өндірістік үдерістер мен өнім сапасын жетілдіретін маңызды механизм ретінде көрінуде. Біздің елімізде де жарнама сауданы жүргізетін тетік қана емес, сондай-ақ тұтыну мәдениетін жаңа биіктерге көтеретін «өркениет үдеткіші» де болып отыр. Бұл дегеніміз, жарнамаға жауапсыз қараған ел, өркениетіне, халқының өркендеуіне жауапсыз қарайтындығын көрсетеді. Бұл ретте, қазақтілді жарнамаларымыз сапасыздықтың сарынына ұрынып жатқан қазақ өркениетінің дамуын қандай көрсеткішпен бағалаймыз? Осы орайда Түркістан облысы тұрғындарын қазақ тілін дамытуға бағытталған танымдық мақаланы ұсынып отырмыз.

Жарнаманың түрлері көп. Алайда, жарнаманың мәтінінде қай уақытта болмасын негізгі, жетекші қызметті «сөз» атқарады. Бүгінде тілші-ғалымдар жарнаманың тілін қазақ тілінде жаңа сала ретінде қарастыруда. Еліміздегі жарнамалардың ең кемшілік тұсы сол, бізде жарнама орыс тілінде дайындалады да, сосын барып қана мемлекеттік тілге аударылады. Ал, әлемнің кез келген елінде болмасын бұл үдеріс керісінше жүреді.

Қазақстан болғасын, жарнамалар алдымен қазақ тілінде әзірленуі керек. Еліміздегі қазіргі жағдай бойынша орыс тілінде әзірленетін жарнамалар мемлекеттік тілдің ыңғайына жығылу дегенді білмейді. Сол тілде қалай жазылса, үтір-нүктесіне дейін қалдырмай, қазақ тілінде солай жазу басым. Оған лайық балама немесе қазақ тілінің тілдік нормаларын сақтау ұмыт қалдырылады. Небір жарнама аудармаларын оқып отырғанда, қарап отырғанда, шынын айту керек, не оқып, не түсінгеніңді білмей қайран қаласың. Бірен-сараңы болмаса, тек қазақ сөздерінен құрылған тіркестер өзара байланыспай, қиыспай нақтылы ұғым берместен сіресіп тұрады.

Қазақша жарнаманың жарымжандығын жергілікті тілдерді дамыту басқармалары білмейді емес, біледі. Естеріңізде болар, былтыр Алматы қаласында жарымжан жарнамалардың көрмесі өткен болатын. Қызығы сол, мұндай көрме ешбір елде, ешбір жерде бұрын-соңды болмаған. Сол көрмеге қатысып, Алматы халқының қазақ тіліне келгенде сауатсыздығы өте жоғары екенін сол кезде байқаппын. Мәселен, балабақша бөбектері қатесіз жазатын «шаш» сөзін «шәш» деп жазылған жарнамаларды Алматының көптеген көрікті жерлерінен табуға болады. Ең сорақысы, қазақ үшін барын аямаған ұлт арыстарының атына берілген көше атаулары да қателіктерге тұнып тұрғанын сол көрмеде білдім. «Байтұрсыңұлы», «Шимбұлақ», «Салмакка киім» деп қазақша сөздерді ойына келген әріптермен шимайлап, қазақ тілін қорлайтын жарнамаларды қайтсек тоқтатамыз? 

Алматы қаласы Тілдерді дамыту, мұрағаттар және құжаттама басқармасының бастығы Мамай Ахетов жарымжан жарнамалардың сол бір көрмесінде: «Біз осы қателерді тікелей тексеруге құзыретіміз бойынша заң шеңберінде біз тікелей барып, ескертуге құқығымыз жоқ. Біз өзіміз айқындаған, анықтаған кемшіліктер мен қателіктерді түгендеп, прокуратура органдарына жолдап отырамыз. Енді шараны қолдану прокротура заң аясында жүзеге асырады» – деген болатын. Бұл да бір Қазақстан заңдарының солқылдақтығы шығар, еліміздегі тілдерді дамыту басқармалары көрініп тұрған қатені түзеу жұмыстарын заң жүзінде жүргізе алмайды екен, онда неге тіл саясатын жүргізіп отырмыз?

Қазақстанның жарнама айналымында 1 миллиард доллар жүретінін кейбір сарапшылар есептеп қойған. Ал, ҚР Статистика агенттігі 262 миллион доллардың есебін шығарған. Сонда 738 миллион доллар қайда? Бұл мәліметтерге қарап, еліміздегі жарнама нарығының өзінде де «қара нарық» қалыптасып кеткенін көреміз. Демек, 738 миллион долларды құрайтын жарнама мемлекеттің бақылауынсыз орнатылуда және тілдік жағдаятының нашарлауына алып келуде. Жалпы, ҚР «Жарнама туралы» заңында ҚР аумағындағы жарнама мемлекеттік тілде және орыс тілінде әрі жарнама берушінің ұйғарымы бойынша басқа да тілдерде таратылады (орналастырылады) деп жазылған. Сонымен қатар, біздің «Жарнама туралы» заңымыз сауатсыз жарнамаларды қудалауды нұсқайды. Ал, 70%-ы қара нарықта жүрген жарнамаларды, оның ішінде қазақша жарнамаларды тізгіндеуге заңның күші жетпейді екен, онда «өркениет үдеткіші» деп есептелетін қазақ өркениетінің болашағынан үміт күтпесек те болады.

Мемлекеттік тілді дамыту мақсатында құрылған жергілікті Тілдерді дамыту басқармаларына заң жүзінде құзырет беру қазір Парламентте қатаң талқылануда. Яғни, олардың көшедегі жарымжан жарнамаларды көре тұра прокуратураға шағым түсіруден әрі асуына заң жүзінде мүмкіндіктер берілген жөн екенін жоғарыдағы атқамінер ағаларымыз да біледі. ҚР «Тіл туралы» заңының талаптарын сақтау мақсатында жарнама беруші өнімінің (немесе ұсынатын қызмет түрінің) жарнама мәтінін алдымен жергілікті Тілдерді дамыту басқармасындағы (өз объектісін тіркеткен аудандағы) немесе оның бөлімшесіндегі тиісті мамандарға тексертіп, «мақұлданған» деген мөр соқтырып алуы тиіс екенін кейбір тіл жанашырлары ұсынады. Бұл ретте, әрине, ол тиісті мекеменің қызметі үшін ақы төлейді. Ал, ең басты пайдасы, қазақтілді жарнамалардың сауатты болуына алып келеді.

Бізде жарнама мәтіндерімен жер-жердегі жарнама агенттіктерінің мемлекеттік тілді меңгермеген аудармашылары айналысып келеді. Оған да заң жүзінде тосқауыл қоя алмай жатқан жайымыз бар. Өйткені, «Тіл туралы» заңның 23-бабында: «Мемлекеттік тілді белгілі бір көлемде және біліктілік талаптарына сәйкес білуі қажет кәсіптердің, мамандықтардың және лауазымдардың тізбесі Қазақстан Республикасының заңдарымен белгіленеді» делінген. Алайда, бұл құжат әлі өмірге келген жоқ. Сондықтан, халықпен жұмыс жасайтын қызметкерлерге (соның ішінде жарнама агенттіктеріндегі аудармашылары да бар) мемлекеттік тілді білу міндетті болмай тұр. Сондықтан, қазақтілді жарнамалардың жаппай сауатсыздыққа ұшырауы – «Жарнама туралы» және «Тіл туралы» заңдардың әлсіздігінен болып отыр. Ал, өркендегісі келетін ел, көркейгісі келетін ел бұл заңдарды әлдеқашан күшейткен болар еді.