Inicio Қоғам ТҮРКІСТАН: ҚАЗАҚСТАН ЖАЗУШЫЛАР ОДАҒЫНЫҢ КӨШПЕЛІ ПЛЕНУМЫ ӨТТІ

ТҮРКІСТАН: ҚАЗАҚСТАН ЖАЗУШЫЛАР ОДАҒЫНЫҢ КӨШПЕЛІ ПЛЕНУМЫ ӨТТІ

Ағымдағы жылдың желтоқсан айының 4-ші жұлдызында Түркістан қаласындағы «Фараб» әмбебап-ғылыми кітапханасында Қазақстан Жазушылар Одағының ұйымдастыруымен «Әділетті Қазақстан: Ғасырлар ғұламалары мен Қазақстан қаламгерлері» атты көшпелі пленум өтті. Түркі әлемінің туристік астанасы мәртебесін ресми иелеген тарихи шаһарымызда қаламгерлер қауымының бас қосып, ел келешегі, ұлт руханияты мен дамуы, өркендеуі, ғасыр ғұламалары мен қазіргі қоғам арасындағы байланыс, әділетті Қазақстанның жаңа келбеті туралы келелі әңгіме қозғауын дер кезінде жасалған маңызды қадам деп бағалаған жөн.

Аттарынан ат үркетін, атақ-дәрежелерін тізбелеп шығудың өзіне парақ толатын, мүйіздері қарағайдай, әдейілеп шақырсаң келтіре алмайтын небір атақты ақын-жазушылар, әдебиеттанушылар мен сыншы, аудармашылар, ғалымдар мен журналистер, ақпарат саласының өкілдері, жалпы осы тақырыпқа қызығушылық танытқан жұртшылық қатысқан пленум басталмас бұрын фойедегі екі күннен бері өтіп жатқан «ПарақTimеs» кітап көрмесін тамашалап, бір-берімен амандасып, мауқын басып, естелік суретке түсіп, мәре-сәре болып қалысты. Еліміздің түкпір-түкпірінен жиналған қаламгерлердің сағынышпен қауышқан сәттері, жарасымды әзілдері кітапхананың ішін нұрландырып жібергендей әсер алдық. Жас талапкер ақындар аға буын өкілдерінің риясыз көңіліне мәз.

Жазушылар пленумына жазушы, Қазақстан Жазушылар одағы Басқармасының төрағасы, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, «Құрмет», «Парасат», І дәрежелі «Барыс» орденінің иегері Мереке Құлкенов модераторлық етіп, алғашқы сөзді өзі бастады:

– Қадірлі киелі Түркістанда тұратын ағайындар! Қадірлі қаламгерлер! Бүгін біз 2024 жылдың аяғында Қазақстан Жазушылар одағының көшпелі пленумын қасиетті Түркістанда өткізгелі отырмыз. Жалпы, жоспар бойынша бес пленум өткізілуге тиіс болса, соның екеуі биылғы жылы жүзеге асырылады. Оның біреуі-қасиетті Түркістанда, екіншісі Атырау қаласында өткізілмек. Мен сөзімді Түркістан облысының әкімі Дархан Амангелдіұлына, Түркістанда тұратын бүкіл ағайындарға арнап айтқым келеді. Сіздерге көп-көп рахмет! Қазақтың жерінің бәрі қасиетті. Бірақ бүкіл әлем мойындайтын, мен білетін екі-үш-ақ жер бар. Ол осы – Түркістан. Екінші – Отырар, үшінші – Атырауда жатқан Сарайшық қаласы. Бұл киелі орындарды бүкіл әлем біледі. Соның ішінде исі мұсылман қауымы қастерлейтін Түркістанның жөні бөлек. Сондықтан осында тұрып жатқан адамдардың сезімі, жалпы Қазақстанға ықыласы бөлек болу керек деп ойлаймын. Өйткені, киелі Түркістанда кез келген кісі тұра алмайды. Түркістанды айтқан кезде біздің ет-жүрегіміз елжіреп кетеді. Өйткені, Түркістанның тарихы әріде жатыр. Неліктен біз Түркістанды қаладық? Себебі, біз Түркістансыз ешбір істі бастай алмаймыз. Пленумның әлем ғұламалары және Түркістан деген тақырыпқа арналуының мәнісі де осында. Түркістансыз қазақ қазақ емес. Соны ескеріңіздер. Бүгін Қазақстан бойынша ең белгілі жазушыларымызды алып келдік. Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, қазақтың ғұлама тарихшы-жазушысы Қойшығара Салғараұлы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, қазақтың көрнекті ақыны Өтеген Оралбаев, көрнекті жазушымыз, «Қазақ газеттері» серіктестігі бас директорының кеңесшісі, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, «Құрмет» орденінің иегері Жүсіпбек Қорғасбек, өздеріңіздің ағайындарыңыз, Түркістанда туып-өскен қазақтың белгілі ақыны, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, «Парасат» орденінің иегері Қасымхан Бегманов, сонымен бірге осы үлкен жиында бөлекше баяндама жасайды деп дінтанушы, Қазақстан мен Орта Азия тарихы институтының бас ғылыми қызметкері, тарих ғылымдарының кандидаты, түркістантанушы Зікірия Жандарбекті шақырдық – деп сөз бастаған Мереке Құлкенов Қазақстан Жазушылар одағының атқарған қызметі, көшпелі мәжілістің мақсаты жайлы кіріспе сөз сөйледі.

Содан кейін сөз алған ҚР Мәдениет және ақпарат министрінің кеңесшісі Шерхан Талап министр Аида Балаеваның пленум жұмысына сәттілік тілеген, алғыс сөздерін жеткізді. Облысымыздың бас идеологы, Түркістан облысы әкімінің орынбасары Ертай Кенжебекұлы Алтаев қаламгерлер қауымының құтты қадамынан, мазмұнды ұсыныстарынан туындап отырған игілікті істің баяндылығын тілге тиек ете отырып, облыс әкімінің алғыс сөзін, қолдау-қуаттауын жиналған көпшілікке айтып өтті. Жоғарыда Жазушылар Одағының төрағасы ресми таныстырып өткен спикерлер өз салалары бойынша белгіленген тақырыптарда, атап айтқанда, Жүсіпбек Қорғасбек «Қазақ әдебиетін әлемге танытудың алтын қақпасы», Қасымхан Бегманов «Ғұламалар, заманалар, жылдар», сондай-ақ, филология ғылымдарының докторы, Қазақстан Жазушылар одағының Павлодар облысындағы өкілі Серік Елікбай «Әділетті Қазақстан: әулие Мәшһүр феномені» тақырыбында, тарих ғылымдарының кандидаты Зікірия Жандарбек «Қазақ халқының рухани-мәдени байланысының қалыптасуына Қожа Ахмет Иассауи ілімінің ықпалы» тақырыбында баяндамалар жасап, еліміздің жарқын болашағына жол ашатын ұсыныс-пікірлерін айтты.

Жарыссөзге шыққан жазушы, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлы-ғының иегері Қуандық Түменбайдың өзіне тән ерекше стилімен жеткізген дерек-мәліметтерін де қаламгерлер жылы қабылдады.

Қорыта айтқанда, өте ауқымды да маңызды тақырыпты арқау еткен Қазақстан Жазушылар одағының көшпелі пленумы ұлтымыздың рухани жаңғыру жолындағы дамуына кең жол ашқан, өткен тарихымыз бен бүгінгі қоғамның, жаңа, әділетті Қазақстан-ның сабақтастығын жұртшылыққа паш етіп, терең ой тастаған қаламгер-лер қауымын шығармашылық құлшынысқа жігерлендірген, өзара пікір алмасқан келелі жиын болды. Қаламгерлер басқосуының соңы әдемі концертке ұласты.

Роза НАРЫМБЕТОВА.