Inicio Қоғам ТҮРКІСТАН: «АУЫЛ АМАНАТЫ» ЖОБАСЫНА БИЫЛ РЕСПУБЛИКАЛЫҚ БЮДЖЕТТЕН 13,2 МЛРД ТЕҢГЕ ҚАРАСТЫРЫЛМАҚ

ТҮРКІСТАН: «АУЫЛ АМАНАТЫ» ЖОБАСЫНА БИЫЛ РЕСПУБЛИКАЛЫҚ БЮДЖЕТТЕН 13,2 МЛРД ТЕҢГЕ ҚАРАСТЫРЫЛМАҚ

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында: «Ауыл-аймақты дамыту үшін шағын шаруашылықтарды қолдау өте маңызды. «Ауыл аманаты» бағдарламасының елге қажет екені айқын көрінді. Оның келесі кезеңінде жеңілдетілген несие берумен шектеліп қалмау керек. Жеке қосалқы шаруашылық иелері өзара бірігуі қажет. Осыған қажетті жағдай жасалуы керек. Машина-трактор паркінің әбден ескіріп, тозуы – күрделі мәселеге айналды. Қазір ауыл шаруашылығы техникасының 80 пайызы тозып тұр. Сондықтан жыл сайын оның 8-10 пайызын жаңартып отыру қажет. Бұл ретте еліміздегі техника өндірушілер мен шаруалардың да мүддесін ескерген абзал»,-деген болатын.

Сонымен қатар Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ауылдарды дамыту жөнінде нақты тапсырма берген болатын. Бұл орайда, биыл елімізде халықтың табысын арттыру бағдарламасын орындау мақсатында «Ауыл аманаты» жобасы жүзеге асырыла бастады. Ауыл тұрғындарына 2,5 пайызбен жеңілдетілген несие беріледі.

«Ауыл аманаты» жобасының негізгі мақсаты – ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерін жан-жақты қолдау, ауыл тұрғындарын агробизнеске барынша тарту, азық-түлік қауіпсіздігі және азаматтардың өмір сүру сапасын жақсартуға байланысты мәселелерді шешу.

 «Ауыл аманаты» жобасына қатысуға ерекше қызығушылық танытқан өңірдің бірі – Түркістан облысы. Қарапайым ауыл тұрғындарының тұрмысын түзеп, кәсіп ашуына мүмкіндік беретін бағдарламаға биыл бірқатар өзгерістер енгізілді.

Атап айтқанда, несие алуға ауылдық елдімекендермен қатар, шағын қалалар қосылды. Бағдарлама қаражатының 50 пайыздан аспайтын бөлігі мал, құс, балық сатып алуға беріледі. Биыл бұл мақсатта республикалық бюджеттен 13,2 млрд теңге қарастырылмақ. Нәтижесінде 62 ауылдық округінде жаңадан 62 кооператив құру жоспарланып отыр. 2640 жоба қаржыландырылып, 4500-ге жуық жаңа жұмыс орны ашылады.

Осы мақсатта Түркістан облысы әкімі Дархан Сатыбалды жауапты басқарма басшылары, аудан әкімдері, микроқаржы ұйым жетекшілерінің басшыларымен жиын өткізді. Облыс әкімі әлеуметтің әлеуетін арттыруға бағытталған игі жобаны егжей-тегжейлі талдап, су үнемдеу технологияларын қолдануды арттыру, дақылдарды өсіру және өндірістерді ашуға болатын қолайлы аймақты анықтау жөнінде нақты тапсырмалар берді.

Пилоттық жобада жинақталған тәжірибені ескере отырып, биылғы бағдарламаға енгізілген өзгерістердің бірі – жобаға қатысушыларға тұрақты жұмыс орындарын құру мінеттеледі. Сондай-ақ бөлінген қаражатқа техника сатып алып, жабдықтармен қамтылуы тиіс. Бөлінген қаржыға жеңіл автокөлік сатып алуға болмайды. Және ауыл шаруашылығы жануарларын жақын туыстарынан сатып алуға тиым салынады.

– «Ауыл аманатының» нәтижесін ел көріп отыр. Жаңа жобалаларды үйлестіруде бағыттарға басты назар аудару керек. Әр ауданның өз брендін қалыптастыруға назар аударыңыздар. Мысалы, Бәйдібек, Сайрам аудандары десе, ел мал шаруашылығын еске түсіреді. Шардара десек, балық өндіру дамыған аймақ екенін білеміз. Сол секілді бұрын Сарыағаш десе, ел жүзімді алқаптарды айтатын. Сонықтан әр аймақтың өзіндік ерекшелігін қарастыра келе, сол бағытқа бет бұру. Жаппай бәрі мал өсіріп, не қызанақ егіп, қалған салалар құр қалмау керек, – деді Дархан Сатыбалды.

Түркістан облысында өткен жылдан бері 19,8 млрд теңгеге 3200-ден астам жоба қаржыландырылды. 16 ауданның 64 ауылдық округінде жаңадан 75 кооператив құрылып, 3,5 мыңға жуық жаңа жұмыс орны ашылды. Халықтың 80 пайыздан астамы ауылды жерлерде тұратын Түркістан облысына пилоттық жобаға қатысатын 32 ауылдық округте тұратын мыңдаған адам қатысты. Сондай-ақ 16,4 га алаңға 328 жылыжай құрылысы қаржыландырылды. Жоба аясында 21 трактор, 2 комбайн алынып, 19 қайта өңдеу орындары ашылды.

– Етті бағыттағы ірі қара малдың саны 5 714 басқа, сүтті бағытта 22 400 басқа, жылқы саны 2 500 басқа, ұсақ мал 14 286 басқа артты. Ауыл тұрғындары мал бордақылап, балық өсіруді қолға алды. Енді бірі шағын кәсіпкерлікті дамытуда. Бағдарламаның игілігі жөнінде халыққа жан-жақты түсіндіру жұмысы жүргізілді. «Ауыл аманаты» жобасының мақсаты – ауыл халқының табысын арттыру, тұрғындардың әл-ауқатын жақсарту, ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілерді жан-жақты қолдау, аграрлық бизнесті ілгерілету мәселелерін шешуге бағытталған, – деді өз баяндамасында облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Нұрбек Бадырақов.

Жан-жақты зерделенген жобада ауыл азаматтары кооператив құрамында жеңілдетілген несие ала отырып, техниканы лизингке рәсімдеуге мүмкіндік алады. Несие немесе микронесиенің мерзімі – 5 жыл болса, мал және ауыл шаруашылығы кооперативтерін құру саласындағы жобаларға 7 жылға дейін беріледі. «Ауыл аманаты» бағдарламасының аясында шаруаларды несиелендіру 6 бағытта жүзеге асырылуда. Атап айтқанда, өсімдік шаруашылығын дамыту, мал, құс, балық шаруашылықтарын дамыту, кооперативтерді техникамен жабдықтау және өз кәсібін ашу.

Ауыл тұрғындарының табысын арттыру үшін агроөнеркәсіптік өндірісті жандандыру, кәсіпкерлікті және ауыл шаруашылығы кооперациясын дамыту жолымен шешу жоспарда тұр. Осылайша, шағын шаруашылықтарды біріктіру және ауыл шаруашылығы кооперативтерін ұйымдастыру фермерлерге тұқым, тыңайтқыш, жем, агро­техникалық және ветеринариялық қызметтер шығындарын қысқартуға, жер учаскелерін, ауыл шаруашылығы техникасын, ирригациялық және дре­наж­дық жүйелерді бірлесіп пайдалану есебінен өндірілген өнім көлемін арттыруға, сондай-ақ өндірілген тауарларды делдалдарсыз тұрақты өткізуге мүмкіндік береді. Жалпы, мұндай тәсіл бизнес-ортаны дамытуға және ауылда нарықтық, көліктік және логистикалық инфрақұрылымды қалыптастыруға ық­пал етеді. Сонымен қатар қызмет ба­ғыт­­тарын кеңейту есебінен жаңа жұмыс орын­­дары пайда болады, осылайша ауыл­дан жас кадрлардың кетуі азаяды.

Ауылдық аумақтарды дамытудың 2023-2027 жылдарға арналған тұжырым­да­масы бірқатар шараны қамтиды, со­ның ішінде ауыл тұрғындарын жер­гілікті өзін-өзі басқаруға тарту, әр­түр­лі мемлекеттік қолдау көрсету, ту­ризм­ді дамыту, экспортты ынталандыру, эколо­гиялық қауіпсіздікті қамта­ма­сыз ету. Аталған тұжырым­да­ма­дан күтетін нәтиже – табысы ең төмен­гі күнкөріс деңгейінен төмен ауыл хал­қының үлесі 5,8%-ға, ал ауылдық жер­лерде жұмыссыздық деңгейі 4,2%-ға дейін төмендейді. Сонымен қатар елді мекен­дерді таза сумен қамтамасыз ету – 100%, интернетпен қамту – 97%, нор­ма­тивтік жағдайдағы жергілікті жол­дар­дың үлесі 95% болмақ.

 «Ауыл аманаты» жобасының басты мақсаты – ауылды жерлердегі халықтың табысын арттыру. Бағдарлама 2023-2025 жылдарға арналған және несиелер 2023 жылдан бастап берілді. Жоба аясында төмендегідей жеңілдіктер қарастырылған:

— “Ауыл аманаты” жобасы бойынша ауыл тұрғындары өз бизнесін дамытуға немесе кооператив құрамында жеңілдетілген несие ала алады, сондай-ақ техниканы лизингке рәсімдеуге болады. Қарыз алу шарттары да өте тиімді, себебі ондағы пайыздық мөлшерлеме әлдеқайда төмен.

— несие/микронесие мерзімі – 5 жыл, ал мал шаруашылығы және ауыл шаруашылығы кооперативтерін құру саласындағы жобалар бойынша 7 жылға дейін;

— несиенің/микронесиенің ең жоғары сомасы қолданыстағы заңнама бойынша айқындалады;

— номиналды сыйақы мөлшерлемесі – 2,5 пайыз, кепілмен қамтамасыз ету.

Мұндай несиенің халыққа пайдалы болары анық. Мәселен, бүгінде бірде-бір коммерциялық банкте ауыл тұрғындарында мұндай шарттармен несие алу мүмкіндігі жоқ. Әлемдегі инфляцияны ескеретін болсақ, 2,5 пайыздық несие бұл – өте тиімді. Сондықтан да ауылда қандай да бір өндіріс ашып, оны дамыту үшін бұл – үлкен мүмкіндік.

Ел ішінде «Көмектескің келсе, балық берме, қармақ бер» деген жақсы сөз бар. Ауыл тұрғындарының тұрмысын көтеру, ауылды жандандыруға берілген тиімді қармақ, бұл – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ұсынған «Ауыл аманаты» бағдарламасы. Бағдарламаның ең басты мақсаты – қарапайым ауыл тұрғындарын кәсіпке баулу арқылы тұрмыс-тіршілігін жақсарту, ауыл шаруашылығы кооперативтеріне бірігіп, бір-біріне қолдау көрсетіп, ауылдық жерде шикізат өңдейтін өндірісті дамыту. «Ауыл аманаты» бағдарламасы бойынша ауыл тұрғындарына 5 жылдан 7 жылға  дейін өсімі 2,5 пайыз болатын шағын несие беріледі. Алу шарттары да жеңілдетілген, яғни кепілге қойылатын жылжымайтын мүлік, меншіктегі жер немесе арнайы техниканы бағалап, соған сәйкес шағын несие алуға болады.