Inicio Білім ПРЕЗИДЕНТ: «БІЗДІҢ КҮШІМІЗ – ЖАСТАРДЫҢ БІЛІМІНДЕ»

ПРЕЗИДЕНТ: «БІЗДІҢ КҮШІМІЗ – ЖАСТАРДЫҢ БІЛІМІНДЕ»

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа Жолдауында:

Білім саласы ұлт сапасын жақсарту ісінде аса маңызды рөл атқарады. Қазақта «Ел боламын десең, бесігіңді түзе» деген сөз бар. Сондықтан, мектепке дейінгі тәрбие жұмысы басты назарда болуы керек. Алайда, бізде екіден алты жасқа дейінгі балалардың жартысынан астамы ғана балабақшаға барады. Мұндай олқылыққа жол беруге болмайды. Балаларды балабақшамен қамтамасыз ету мәселесін түпкілікті шешу қажет. Оған қоса, тәрбиешілердің әлеуметтік мәртебесін арттырып, жалақысын көбейту керек. Осы саладағы мамандарға қойылатын нақты талаптар бекітілуге тиіс. Олардың жұмыс жүктемесін де  біртіндеп азайтқан жөн. Өз ісіне адал ұстаздар білім беру саласының дамуына зор үлес қосады. Сондықтан, балабақшаны емес, тәрбиешіні аттестациялау қажет. Орта білімнің сапасы – табысты ұлт болудың тағы бір маңызды шарты. Әрбір оқушының білім алып, жан-жақты дамуы үшін қолайлы жағдай жасалуға тиіс. Сол үшін «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы қолға алынды. Педагогикалық жоғары оқу орындарын аккредитациялаудың жаңа стандарты қабылданады. Сондай-ақ, ұстаздардың құзырет аясы айқындалады. Жаһандық ғылыми-техникалық даму барысын ескерсек, жоғары сыныптарда жаратылыстану-математика пәндерін және ағылшын тілін оқытуды барынша күшейту маңызды. Қоғамда қазақ және орыс тілін мектепте оқыту мәселесі жөнінде пікірталас болып жатыр. Нақты айтайын: біз қазақ тілін де, орыс тілін де жақсы білетін балаларды  тәрбиелеуіміз қажет. Себебі, бұл ұрпақтың мүддесі үшін керек. Оқу-ағарту министрлігі популистердің жетегінде кетпей, балалардың мүддесін қорғауға тиіс. Білімді және бірнеше тілді меңгерген ұрпақ болашаққа сеніммен қадам басады. Біздің күшіміз – жастардың білімінде, – деді Президент.

Осы орайда облыс тұрғындарына Сауран ауданындағы Әшірбек Сығай мектебі жайлы маңызды мағлұматтарды ұсынып отырмыз. Сауран ауданы білім бөліміне қарасты барлық білім ошақтарының басшыларына мектептердің қазіргі материалдық-техникалық жағдайы, оқушылардың білім деңгейі, мұғалімдердің біліктілігі туралы сауалдарға жауап алған едік. Сауран ауданының білім бөліміне қарасты Әшірбек Сығай атындағы мектептің директорының біздің тарапымыздан қойылған сұрақтарға берген жауабымен таныс болыңыздар.

– Педагог мәртебесі көтерілді. Соған сәйкес оқушылардың білім сапасы мен ұстаздардың біліктілігі жетілдірілді ме?

– Білім сапасын арттыру үшін басты мақсат-мұғалімнің кәсіби шеберлігін арттыру, үздіксіз білім алу арқылы сапалы білім беру көзделеді. Мұғалім кәсіби шеберлігін ұдайы жетілдіріп отыруының арқасында өзінің білімін үздіксіз көтеріп отырған жағдайда ғана сапалы білім беруге ұмтылады. Өркениет көшінен қалмай білім беру ісін зор ізденушілікпен жұмыс жасағанда ғана оқушының білім сапасы артады. Қазіргі ХХІ ғасыр ақпараттық технологияның дамыған дәуірі. Осы тұста болашақтың кемелденуі жолында білімді шәкірттеріміз, еліміздің болашағы болмақ. Бәсекеге қабілетті ұрпақ тәрбиелеу үшін, мұғалімнің үздіксіз білімін жетілдіруі сапалы білім кепілі болмақ. Мұғалімнің рөлі сапалы білім берудің айғағы. Мұғалім үздіксіз білім алып, өз білімін көтеру арқылы шығармашылықпен жұмыс жасап, болашақ жастарды сапалы білім алуға жетелейді. Мектебіміздің мұғалімдері үнемі біліктілік арттыру курстарынан өтіп білімдерін жетілдіруде. Осы 2023-2024 оқу жылының наурыз айындағы қорытындысы бойынша мұғалімдеріміздің 57% -і өз кәсіби білімдерін жетілдіруде біліктілік арттыру курстарынан өтті.

– Жас мамандардың мектепке орналасуына кедергі көп деген шағымдар әлі күнге дейін толастар емес. Соның салдарынан көптеген жастар дипломы бола тұра басқа салаларда еңбек етуде. Мектептегі бос орындарға жас мамандарды қалай таңдап аласыз?

– Өзіңіз де жақсы білесіз, білім мекемелеріндегі білім сапасының артуы мұғалімге тікелей қатысты. Сол себепті мектептерде мықты мамандардың жұмыс істеуі заңды құбылыс. Дейтұрғанмен, жас мамандардың да білімі мен білігі жоғары болса, жұмысқа орналасуына ешқандай кедергі жоқ. Бүгінгі Заңға сәйкес жас мамандардың жұмысқа сәйкес келетін талаптардан өтуіне рұқсат беріп отыр. Егер бос орын болса, барлық талаптарға сәйкес келетін болса, ондай мықты жас мамандарға есік ашық. Тек жас маман сол өзі беретін пәннен білімі мен білігіне өте сенімді болуы керек. Мектебімізге бос лауазымға жұмысқа орналасу Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2012 жылғы 21 ақпандағы №57 бұйрығымен бекітілген мемлекеттік білім беру ұйымдарының бірінші басшылары мен педагогтерін қызметке тағайындау, қызметтен босату қағидаларына сәйкес білім беру ұйымдарының бірінші басшылары мен педагогтерін тағайындау конкурстық комиссияның оң шешімі негізінде жүргізіледі. Қабылданған жас мамандарға тәлімгерлік бекітіліп, жылдық жоспар бойынша тәлімгерлік етіледі.

– Мектептегі педагогтердің, жалпы оқушылардың ұлттық құрамын сонымен бірге, қазақ тілі мен қазақ әдебиеті пәндерінен сабақ беретін ұстаздардың аты-жөні жөнінде мәлімет бере кетсеңіз?

– Мектебіміз қазақ -өзбек аралас мектебі, педагогтердің саны-90. Оның ішінде ұлты қазақ мұғалімдер – 57, ал ұлты өзбек мұғалімдер саны -33. Жалпы мектепте 673 оқушы бар. Оның 395-і қазақ ұлты болса, ал қалған 278-і өзбек ұлты. Қазақ тілі мен әдебиеті пән мұғалімдері:Алиева Мереке Кенжетайқызы,Оспанова Нурзада Орынбайқызы, Шерметова Ұмсынай Халменқызы, Назаров Ораз Баймаханбетұлы, Сабыр Айнұр Сабырқызы, Дүйсекеева Ақерке Еркебұланқызы, Бекжанова Лаура Ергешбайқызы Елубай Гүлсім Алтайқызы,Сәрсенова Жанат Талғатқызы.

– Қазіргі таңда мемлекеттік мектептермен бірге жекеменшік мектептердің де саны артып келеді. Осы аралықта өзіңіз басқарып отырған мектептің жеке мектепке қарағандағы ерекшелігін айтып өтсеңіз?

– Мектебіміз «Қазақстан халқына» қоры, Білім беру саласын тұрақты дамыту қоры және Назарбаев Зияткерлік мектептерінің бірлескен «Ауылдық аймақтардағы тірек мектептердің әлеуетін дамыту» жобасына еніп, материалдық-техникалық тұрғыдан қайта жабдықталды. Сондай-ақ, мектеп Назарбаев Зияткерлік мектептерінің мұғалімдерімен әдістемелік байланыс орнатуда. Меніңше жекеменшік мектептерге қарағанда мемлекеттік мектептердің мәртебесі әрқашан биікте болады.

– Қазіргі таңда мектептің мақтанышына айналатын оқушыларыңыз бар ма. Болса олардың жетістіктері жөнінде мәліметтер ұсынсаңыз?

– Әшірбек Сығай атындағы жалпы білім беретін мектебіміздің ашылғанына бар болғаны 2,5 жыл болса да, оқушыларымыз білім мен ғылым, өнер мен спорт салаларында ауыз толтырып айтарлықтай жетістіктерге жетті. Атап айтқанда 2021-2022 оқу жылындағы алғашқы түлектеріміз Ұлттық бірыңғай тестілеуден 133 балл жинады. 2022-2023 оқу жылында 44 оқушы бітіріп, 40 оқушы еліміздің жоғарғы оқу орындарының білім грантын жеңіп алды.

Білім саласы бойынша дәстүрлі түрде өткізілетін Республикалық пәндік олимпиаданың аудандық кезеңінде мектебімізден 16 оқушы жүлдегер атанып, облыстық кезеңде Елтай Бекарыс пен Юлдаш Сугдиана жүлделі ІІІ орынмен марапатталды. Ғылым саласы бойынша оқушыларымыз түрлі байқаулар мен жобалардың жеңімпаздары атанды. «Мамандықтар әлемін ашамын» байқауының облыстық кезеңінде 9 сынып оқушысы Сүлеймен Ақжан жүлделі ІІІ орынмен марапатталды. «Менің Отаным-менің бастамам» республикалық шығармашылық жобалар байқауы облыстық кезеңінің «Қазақстанның жеті кереметі» номинациясымен ІІ дәрежелі диплом және Түркістан облысы Жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен өткен «Жас талантсың» байқауының жүлдегері Жұмаділлә Қажыакбар марапатталды. Жалпы білім беретін пәндер бойынша ғылыми жоба байқауының облыстық кезеңінде 9 сынып оқушысы Амангелді Еркебұлан жүлделі ІІ орынмен марапатталды. «Қазақ қоғамындағы би-шешендер мұрасы» атты ұйымдастырылған ғылыми жобалар байқауының республикалық кезеңінде 11 сынып оқушысы Дадаханов Мансұр жүлделі ІІ орынмен марапатталды. 2-7 сыныптар арасында ұйымдастырылған «Зерде» ғылыми зерттеулер жобасының облыстық кезеңінен Мақсат Нұрислам және Құдайберген Аянат, Бексары Айболат жүлделі ІІІ орынға ие болды. Қазақстан Республикасының жастар және жасөспірімдер арасындағы волейбол жарысынан 11 сынып оқушысы Амангелді Шахрух командалық есепте жүлделі І орынға ие болды. Ұлттық мектеп лига жарысы бойынша спорттың футбол түрінен мектебіміздің 7- 8 сынып оқушылары аудандық кезеңде жүлделі І орын алып, облыстық жарысқа жолдама алды. Жасөспірімдер және ересектер арасында өткен ашық чемпионатта 45 килограмм салмақта Алишер Диас жүлделі ІІ орын алды. «Дарабоз» республикалық байқауында «Көркем сөз» номинациясы бойынша Дәулетхан Дана жүлделі І орын, «Аспапта ойнау» номинациясы бойынша Бәкір Бекнұр жүлделі І орынға ие болды. Бұлар әрине мектебіміздің мақтаныштары.

– Мектептегі Интернет жылдамдығының көрсеткіші қандай деңгейде?

– Мектебіміз Интернет желісіне қосылған. Мектептердің басым көпшілігінде Интернет жылдамдығын 8 мбит деп айтқанмен, шын мәнінде 2-3 мбит аспайды. Цифрлық құралдарды сапалы пайдалану үшін кем дегенде мектептерде 100 мбит жылдамдық болу керек. Мектепте Интернет жылдамдығы 30 Мбит/с құрайды, яғни орташа деңгейде. Алдағы уақытта Интернет жылдамдығының көрсеткіш деңгейін жоғарылату бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр. Мектебіміз елімізге танымал, Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері, театр сыншысы, аудармашы әрі педагог Әшірбек Сығай атында болғандықтан мұғалімдер де оқушылар да намысқа тырысып, барынша оқуда үздік болуға барымызды саламыз. Атақты ағамыздың абыройын асқақтатсақ деген ойдамыз.