Бүгін Қазақстан Президенттігіне кандидат Қасым-Жомарт Тоқаевтың Республикалық қоғамдық штабының мүшелері Түркістан облысына келді.
Штаб мүшелері сапарын Түркістан қаласының жаңадан салынып жатқан әкімшілік-іскерлік орталығынан бастады. Құрылыс нысанына арнайы келген олар құрылысшылармен кездесіп, Қ.Тоқаевтың Сайлауалды бағдарламасының бағыттарын түсіндірді.
– Кандидатымыз халықтың әл-ауқатын арттыруға және өңірлердің біркелкі дамуына үлкен мән беріп отыр. Сондықтан өзінің бағдарламасында өңірлерді дамытудың мемлекеттік бағдарламасы қолға алынатынын атап көрсеткен, – деген Республикалық штабтың басшысы Мәулен Әшімбаев Қ.Тоқаевтың тәуелсіздікті күшейтіп, мемлекеттігімізді нығайтуға зор еңбек сіңірген қайраткер екенін де тілге тиек етті.
Сапар барысында Қ.Тоқаевтың сенімді өкілдері түркістандық зиялы қауыммен және жергілікті ақсақалдармен кездесті. Іс-шарада кандидаттың негізгі үш ұстанымы – сабақтастық, әділдік және өрлеу қағидалары туралы сөз болды.
Өз сөзінде М.Әшімбаев Қ.Тоқаевтың президенттік міндетке кіріскеннен кейінгі алғашқы сапарын киелі Түркістаннан бастауының өзінде үлкен мән бар екенін айтты.
– Түркістан қаласының 1500 жылдығы кезінде ЮНЕСКО деңгейінде аталып өтілді. Бұл іске де сол кезде елдің Премьер-Министрі болған Қасым-Жомарт Кемелұлының сіңірген еңбегі зор, – деді М.Әшімбаев.
Іс-шара барысында түркістандық зиялы қауым өкілдері Қ.Тоқаевқа өңір тұрғындарының атынан арнайы хат салынған тайқазан жолдады. Хатта Мәңгілік елді көздің қарашығындай сақтау, кең жеріміздің бір қарысын да басқаның меншігіне бермеу, қазақ тілінің әлем алдындағы мәртебесін асқақтату, ұлттық құндылықтарымыздың өміршеңдігін қамтамасыз ету, Елбасының «Рухани жаңғыру», «Ұлы даланың жеті қыры» еңбектерінде айтылған идеяларды әрі қарай жүзеге асыру, мәдениетімізді дамытып, өскелең ұрпақтың ұлттық тәрбие мен ұлағатты білім алуы үшін жан-жақты жағдай жасау сияқты халықтың 7 аманаты жазылған.
Облыс жұртшылығымен кездесуде де кандидаттың бағдарламасы жан-жақты талқыланды. Одан бөлек, Штаб мүшелері жергілікті оқытушылармен және жастармен кездесті. Онда кандидаттың жастардың сапалы білім алуына, олардың тұрғын үймен қамтылып, тұрақты жұмысқа орналасуына, ұстаздар мәртебесін көтеріп, жүктемесін азайтуға және еңбек адамдарына қолайлы жағдай жасауға үлкен көңіл бөліп отырғаны айтылды.
Сондай-ақ үгіт-насихат жұмыстары аясында Қ.Тоқаевтың сенімді өкілдері облыстың бірқатар аудандарына барып, жергілікті халықпен кездесті.
Inicio Басты жаңалықтар Республикалық қоғамдық штабтың мүшелері Түркістан облысының жұртшылығымен кездесті