Inicio Басты жаңалықтар Дархан САТЫБАЛДЫ: Мақсат – жалпы өңірлік өнім көлемін екі есе арттыру

Дархан САТЫБАЛДЫ: Мақсат – жалпы өңірлік өнім көлемін екі есе арттыру

Біраз жыл бұрын еліміздің әкімшілік-аумақтық құрылымы өзге­ріп, Түркістан облысы құрылғаны белгілі. Қоңыртөбел тірлік кешіп жатқан қаланың бір күнде өңір орталығына айналуы, қоржыны тоқ мегаполистен бөлінуі бастапқыда тұрғындарды алаңдатқаны да рас. Алайда қайта құрылымдау дамуға тың серпін бергенін аймақтың бүгінгі келбеті айғақтап тұр. Осы ретте бүгінгі ілкімді істер мен алдағы межені білмек ниетпен облыс әкімі Дархан САТЫБАЛДЫНЫ әңгімеге тартқан едік.

Дархан САТЫБАЛДЫ: Мақсат – жалпы өңірлік өнім көлемін екі есе арттыру

Суреттерді түсірген – Ерлан ОМАР, «EQ»

Инвесторды қолдау – маңызды басымдық

– Дархан Аман­гел­ді­ұлы, өткен жылғы есебіңізде өңір дамуы қарқынды екенін айт­тыңыз. Дегенмен осы көр­сет­кіш­терді кейінгі бірнеше жылмен салыстыра айтсаңыз. Облыс мәртебесі Түркістанға не берді?

– Өздеріңізге мәлім, облыстың құрылғанына 6 жыл болды. Түркіс­тан­ды рухани астана ретінде дамыту іс-шаралары өңір экономикасына тың серпін берді. Негізгі макроэкономикалық көрсеткіштер өсімі қалыптасты. Жалпы өңірлік өнім 6 жылда 2,5 есе өсіп, былтыр 4,2 трлн теңгеге жетті. Биыл 6 трлн теңгеге жеткізуді көздеп отырмыз.

Жалпы, өнеркәсіп өнімінің кө­ле­мі 2018 жылмен салыстырғанда 2,3 есе артып, өткен жылы алғаш рет 1 трлн теңгені құрады. Былтыр өңдеу өнеркәсібінде жоспарланған 20 инвестициялық жоба толық іске қосылып, 594 жаңа жұмыс орны ашылды. Түркістан түркі әлемі көз тіккен қалаға айналды. Мұнда 250-ден астам заманауи ғимарат бой көтерді. Тұрғын үйлер, мәдениет, спорт, білім, медицина, инфрақұрылым нысандары ел игілігіне берілді.

Дегенмен проблема жоқ деп айта алмаймыз. Өңірдің өзіндік кірісі әлі де төмен. Жұмыссыздық та – басты проблеманың бірі. Облыс негізінен республикалық трансферттерге тәуелді. Қазба байлық табысымен өңірді дамыту қиын. Тағы бір мәселе, кейінгі жылдары еліміз­ден Корея Республикасына жұмыс істеуге барғандар саны артқаны белгілі. Кейінгі 5 жылда облыстан 484 мың тұрғын басқа өңірлерге қоныс аударған. Оның 56 пайызы – жастар. Сондықтан бізге экономиканы дамыту бағыттарын өзгертуге күш салу маңызды. Бұрынғы таптау­рын жолмен елдің әлеуетін көтере алмаймыз. Түбегейлі өзгеріс керек. Қазір осыған баса мән беріп отырмыз. Мақсатымыз – облыстың жалпы өңірлік өнім көлемін екі есе арттыру. Экономиканы әртараптандырып, жұмыс орындарын ашуға, кіріс көздерін ұлғайтуға күш саламыз. Өндіріс, ауыл шаруашылығы, туризм, мәдениет, кәсіпкерлік салаларын дамытуға басымдық бере бастадық. Тағы бір мәселе, жаңа зауыттарға маман қажет. Облыста екі ірі оқу орны ғана бар. Біз білікті кадр даярлап, жастарды өңірде тұрақтандыру үшін Оңтүстік Кореямен бірлесіп, Түркістанда оқу орнын ашамыз. Сарыағаш колледжінде заманауи ІТ саласы маманын даярлаймыз. Мұның бәрі өңірде жас кадрлар, кәсіпорын санын арттырып, жаңа зауыттар салынуына серпін береді.

– Мемлекет басшысы «Ай­мақ­қа инвестиция тарту – әкім­нің бас­ты міндеті» дей келе, қо­мақ­ты қаржы салуға дайын инвес­тор­лар­ға жағ­дай жасауды тапсырды. Осы ба­ғыттағы жұмыс­тарға тоқтал­са­ңыз?

– Дұрыс айтасыз, біз инвестиция тарту жұмысын бірінші орынға қойдық. Өңірде инвестициялық штаб жұмыс істейді. Әрбір инвес­тормен жеке кездесіп, қолдап, әр жобаның түпкілікті жүзеге асуын жіті бақылап отырмыз. Барлық аудан, қала әкіміне нақты индикаторлар бекітілді. Оларды кәсіпкерлермен бірге Қытай, Аустралия, Өзбекстан елдерінің өндірістік аймақтарына іссапарға жібердік. Делегация әлемге танымал кәсіпорын, зауыттарды аралады. Алпауыт компаниялармен келісімдер жасалды.

ва

Алты жылда облыс экономи­касына тартылған инвестиция 3 есе артып, 2023 жылы 972 млрд тең­гені құрады. Негізгі капиталға бағытталған қаржының басым бөлігі жеке инвестицияға тиесілі. Был­тыр жоспарланған 56 инвестжоба толық іске қосылды. Экономикаға тың серпін беретін 145 жоба пулы қалыптасты. Бұл жобалар 17 мың жаңа жұмыс орнын ашып, өзіндік кірісті қосымша 100 млрд теңгеге ұлғайтуға мүмкіндік береді.

Бұл тұрғыда инвесторларға қо­лайлы жағдай жасауға баса мән беріп отырмыз.

Біріншіден, өңірде 594 гектарды құрайтын 10 индустриялық аймақ және 580 гектардан тұратын арнайы экономикалық аймақтар бар. Онда 49 кәсіпорын жұмыс істейді. Қосым­ша 39 жобаның құрылысы жүргізіліп жатыр.

Екіншіден, шағын өндірістік парк аумағында 42 ғимарат салынып жатыр. Бірінші кезеңде 14 ғимарат құрылысы аяқталды. Жалпы құны 30,7 млрд теңге болатын 10 жоба жос­парланса, соның 7-еуі (24,2 млрд теңге) іске қосылды. Олардың қатарында тоңазытқыш өндіретін «UBC group», әскери шатыр мен жиһаз өндіретін «Aqniet holding», жаңбырлатып және тамшылатып суару жүйесін шығаратын «BNK group» компания­лары бар. Өндірістік парктің биыл аяқталатын екінші және үшінші кезеңінде 70 млрд теңгеден астам инвестиция қаржысына өндіріс орындарын ашу жоспарланған. Осындай паркті аудандарда да салуды жоспарлап отырмыз.

Мемлекет басшысының қо­мақ­­ты қаржы салуға дайын­ ірі ком­па­нияларға «бір терезе» қағи­даты­мен жан-жақты қолдау көр­сету жөніндегі тапсырмасы айрықша назарда. 2024–2027 жылдар аралығында 2,1 трлн теңгеге 145 жобаны іске асыру жоспарланған. Оның ішін­де «ПГУ Түркістан» қуаттылығы ­926,5 МВт құрайтын бу-газ­ қон­дыр­ғысы, «Standard Petro­leum» мұнай өңдеу зауы­ты, «Қазатом­пром­ның» күкірт қыш­қылын өндіру зауыты, «Казкрах­мал» жүгеріні терең өңдеу зауыты бар. Мәселен, «Beibars-Bottlers» ауыз су және түрлі түсті сусындар зауытында жылына 85–100 млн литр өнім шығару көзделіп отыр, 100-ге жуық адам жұмыспен қамтылады. Ал «Global textile» зауыты іске қосылғаннан кейін 10 мың тонна мақта талшығын өнді­реді. Сонымен қатар 2000 жұмыс орны ашылмақ. «Lihua xinjang group» текстиль кластері жобасының құны – 180 млрд теңге. Мақта кластерін дамытып, оны өңдеу, жіп иіру, мата шығару және мақта егу өндірісін жүзеге асырады. 2500-дей жұмыс орны құрылады. Зауыт ашып қана қоймай, одан шығатын тауар мен өнімді өткізуге де ерекше көңіл бөлінген.

Инвестиция тарту оңай емес. Түркістан қаласында халық саны, жұмыс күші аз. Оған қоса, инвестор инфрақұрылымға, білім, медицина сапасына мән береді. Олар мамандарын әкелуі үшін балаларына шет тілінде білім беретін бәсекелі мектеп іздейді. Мұндай білім ұялары өңірде жоққа тән. Сондықтан инвестор тартуда көрші елдерден еке есе көп жұмыс істеуіміз керек. Инвестиция тарту, жұмыс орындарын ашу арқылы елдің әл-ауқаты ғана жақсармайды, халықтың санасы, мәдениеті, тұрмысы көтеріледі. Сол арқылы елімізде саяси тұрақ­тылық беки түседі.

Суды үнемдеп, қорды молайтуға кірістік

– Түркістан – агроөнеркәсібі қар­қын­ды өңір. Мемлекет бас­шы­сы «Ауыл­ шаруашылығымен шұғыл­­данатындар санын мей­лін­­ше кө­бейту керек», деді. Бұл ба­ғыт­та қан­дай жұмыстар іске асып жатыр?

– Президент 2023 жылы халық­қа Жолдауында ауыл шаруа­­шы­лығындағы көкейкесті мәселелерге тоқталып, осыған қатысты нақты тапсырма берді. Түркістан өңірі үшін бұл аса маңызды. Себебі халықтың 80 па­йызы ауылда тұрады. Сондықтан біз жаңа технология енгізу жұмыстарын күшейттік. Нәтиже де бар. Ауыл шаруашылығы саласындағы өнім көлемі 2023 жылы 1,2 трлн теңгеден асып, республикада көш бастадық. Егістікті әртарап­тандыру нәтижесінде рекордтық 3,3 млн тонна көкөніс, бақша өнімі жиналды.

Еліміздегі жылыжайдың 70%-ы Түркістан облысына тиесілі. Өңірде жылыжайдың жалпы көлемі 1640 гектарға жетіп, 140 мың тонна өнім жиналды. Республика халқының 42%-ы көкөніспен қамтамасыз етілді. Жүйелі жұмыс нәтижесінде арнайы стандарт әзірленіп, 801 жылыжай сертификатталды. Бұл шаруа­шы­лықтарды субсидиялаудың жаңа ережесі бекітіліп, өндірушіден тікелей көмір сатып алу келісілді.

Облыста мақта өсірумен шұғыл­данатын 25 мың агроқұ­ры­лымда 75 мың адам еңбек етеді. Жиналған 98 мың тонна мақта талшығының 82%-ы экспортқа бағдарланған. Тиісінше әлемдік биржа бағасына тәуелділігі жоғары. Осыны ескере отырып, мақта-тоқыма кластерін құру жобасы әзірленді. Онда алқапты 25%-ға азайтып, егістікті әртараптандыру көзделген. Сондай-ақ сапалы тұқым шаруа­шылығын дамыту, су үнемдеу технологиясын кеңінен енгізу және мақтаны қайта өңдеу үлесін 100%-ға жеткізу жоспарланып отыр. «Ауыл аманаты» жобасы 6 бағытта іске асырылды. Оған 19,8 млрд теңге жеңілдетілген несие бөлініп, 3256 жоба қаржыландырылды. Нәтижесінде 3517 жұмыс орны ашылып, атаулы әлеуметтік көмек алушы саны қысқарды. 19 қайта өңдеу кәсіпорны ашылып, 75 кооператив құрылды.

Өңірде 875 мың гектар егіс алқабы бар, оның 99%-ын пайдала­нып отырмыз. Жердi ауыл­шаруа­шы­лық айналымына енгiзу мүм­кiндiгi мейлiнше шектеулi. Сон­дық­тан еңбек өнімділігін арттыру үшін облыстың климаттық тиімділігін пайдалана отырып, шетелдің озық тәсілдері енгізіліп жатыр.

– Тағы бір маңызды мәселе – су тапшылығы. Өңірде құрғақ­шы­лық қаупі аса жоғары екені, сон­дықтан дақылдың суды көп қажет ететін түрін азайтып, төзімді түрін көбейту, су үнем­дей­тін технология­ны енгізу қажет­тігі айтылды. Бұл жұмыс қалай атқа­рылып жатыр?

– Иә, жылдан-жылға су мәселесі күрделеніп келеді. Оны үнемдеу, нысандарды ретке келтіру ісі облыс экономикасына тікелей әсер етеді. Ауыл шаруашылығы саласында ескі әдіспен жұмыс істеуге болмайды. «Ел өседі, жер өспейді» демекші, жер, су тапшылығына байланыс­ты ауыл шаруашылығы саласында жаңа мәдениетті қалыптастыру керек. Кеңестік тәсілден бас тартып, жылыжайлар форматына өту маңызды. Дамыған елдерде ауыл шаруашылығымен халықтың ­2 пайы­зы, орташа дамушы елдерде 5–7 ­па­йызы ғана айналысып, өніммен толық қамтыса, біздің өңірде тұрғындардың 25 пайызы осы салада жұмыс істейді. Бұл – тәуекелі көп қиын сала. Ауыл шаруашылығына терең трансформация жасалуға тиіс.

Өңірде су шығынын азайту технологиясы 32 298 гектарға енгізіліп, ол суды 2 есе үнемдеп, өнімді 3 есе арттыруға мүмкіндік берді. Биыл облыста ауылшаруашылық дақылдары 873 мың гектарға себілді. Сұранысқа байланысты түсімі жоғары дақылға басымдық беріліп отыр. Атап айтқанда, масақты, малазықтық дақылдар, көкөніс, картоп, бақша дақылдары 3 мың гектарға артты. Ал мақтаны 11 мың гектарға, майлы дақылдарды 6 мың гектарға азайтып отырмыз.

Биыл тәжірибе ретінде 3000 гектар алқапқа мақта жаңа әдіспен егілді. Бұл технология су, энергия, еңбек ресурсын, минералды тыңайт­қыш­тарды үнемдей отырып, гектарынан кемінде 60 центнерден өнім алуға мүмкіндік береді. Түсім облыс­тың орташа көрсеткішінен 2,5 есеге жоғары. Алдағы 5 жылда мақта 41,4 мың гектарға, күріш 1,2 мың гек­тарға азайып, жүгері, бұршақты, ма­ла­зық­тық дақылдарға алмастырылады.

Су үнемдеу технологиясының тиімділігі өсімдікке қоректі тіке­лей беріп, су мен тыңайтқыш шы­ғынын айтарлықтай азайтып, шаруа жұмысын жеңілдетіп, өнім­ділікті 2-3 есе арттырады. Там­шы­латып суарудың тағы бір ар­тық­шылығы – су ойлы-қырлы ал­қап­­тың кез келген жеріне бірдей жетеді.

Үнемдеу тетігін енгізіп қана қоймай, оған қажет жабдықты шыға­ратын кәсіпорын ашуды да бастап кеттік. Атап айтқанда, биыл «BNK Group LTD» ЖШС-ның құны 4,1 млрд теңгені құрайтын «Жылына 1000 дана жаңбырлатып суару машиналарын шығару» зауыты ашылды. Осы кәсіпорынның 50 мың гектарды, «Тұран су» мекемесінің жылына 9 мың гектарды тамшылатып суару жүйесін өндіретін кәсіпорындары маусым айында іске қосылады. «Инвестициялық субсидия» бағдар­ла­масы аясында су үнемдеу техноло­гия­сын енгізу шығынының 50%-ын өтеу, жергілікті бюджет есебінен өтеу үлесін қосымша 30%-ға ұлғайту қарастырылған.

Республикадағы суармалы жер­­­­лер­дің төрттен бірі облысқа тие­сілі. Осыған байланысты тасқын кезең­­дерінде су жинауға мүмкіндік беретін бірқатар су нысандарының құрылысы басталып, пайдалануға берілді. Атап айтқанда, Түркістан магистралды каналының 59 шақыры­мы күрделі жөндеуден өтті. Соның нәтижесінде 60 млн текше метр су үнемделді. «Кеңсай – Қосқорған-2» суқоймасы салынып, 31 млн текше метр су Түркістан қаласы аумағына жеткізілді. Бұдан бөлек «Бәйді­бек ата» суқоймасы салынып жатыр. 68 млн м³ су сыятын жобаның құны –­ 15,9 млрд теңге. Келесі жылы «Бо­ралдай» суқоймасы құрылысын бас­тау көзделген. 50 млн м³ су сыятын су қоймаға 13,8 млрд теңге қажет. Аталған жобалар қосымша 113 млн текше метр суды жинауға мүмкіндік береді.

Инфрақұрылым жақсарып, туристік әлеует артады

– Бұл аймақтың табиғаты, тарихи орындары, халықтың қызмет көрсету саласындағы белсенділігі ерекше. Осынау игілік­терден Түркіс­тан жеткі­лік­ті табыс та­уып отыр ма? Осы ретте туризм саласының бүгіні мен келешегі туралы айтып өтсеңіз.

– Өңірде туризмді салмақты табыс көзіне айналдырудың мүм­кіндігі мол екені рас. Мемлекет басшысы­ның тапсырмасымен Түркістанға ерекше мәртебе беру бастамасы жұрт­шылықты қуантты. Жақында Премьер-министр «Түркістан қаласының ерекше мәртебесі туралы» заң жобасын Мәжіліс қарауына енгізу туралы қаулыға қол қойды. Осы заң мәдени мұраны сақтау және жаңғыртуға, дәстүрлі қолөнерді дамытуға, Түркістанды рухани-мәдени, тарихи, туристік орталық ретінде түрлендіруге серпін бермек.

Былтыр Түркістанды түркі әле­мінің 2024 жылғы туристік астанасы деп жариялау ұсынысы қолдау тапты. Бұл шешім – бауырлас елдердің туризм бағытындағы байланысын нығайтуға айрықша ықпал ете түседі.

Облыста туристерге ұсы­ныла­тын негізгі 3 бағыт айқын­далған: тарихи-танымдық, экологиялық және емдік-сауықтыру туризмі. 2023 жылы турист саны 560 мыңнан асып, 2022 жылмен салыстырғанда 19%-ға артты. Былтыр бір күндік келушілер саны 1 млн адамға жуық­тады. Былтыр туристік жолдарды жақсарту үшін 10,6 млрд теңгеге 7 жоба атқарылды. Биыл 19 жоба іске асады. Түркістан қала­сын­­да жеке инвестиция есебінен «Қол­өнер орталығы» жобасы қолға алын­ды. Бұдан бөлек Қожа Ахмет Ясауи кесенесі маңындағы «Күл­төбе» ескі қалашығы абаттандыры­ла­ды.

Облыс орталығында аумағы 11,8 гектар жерге аквапарк, вилла аймақтары қамтылған бес жұлдызды қонақүй салу жөнінде келіссөз жүргізілді. Сондай-ақ шетелдіктер қызығушылығын ескеріп, ұлттық ойындарымызды және туризмді дамыту мақсатында 99,3 гектар аумақ­қа ипподром нысаны салынады. Түркістан әуежайының ұшу географиясы да кеңейтіліп жатыр. Қазір әуежай 3 халықаралық (Ыстанбұл, Кувейт, Абу-Даби) және 6 ішкі (Астана, Алматы, Ақтау, Ақтөбе, Орал, Қостанай) әуе бағы­­тына қызмет көрсетеді. Біз туризм­ді жұмыс орнын ашатын әрі эконо­микаға үлес қосатын сала ретінде дамыта береміз.

– Ендігі сұрақ білім саласы ахуалына қатысты. Түркістан – халық саны қарқынды өсіп келе жатқан өңір. Осы тұрғыда аймақта оқушыларды мектеппен қамтудың өзекті екенін білеміз. Бұл мәселені реттеу қалай жүзеге асып жатыр?

– Облыс халқының 38%-ы – бала­лар мен кәмелетке толмаған жас­өс­пі­­рімдер. Өңірде жалпы 1052 мек­теп­те 520 мың оқушы білім алады. 5 үш­­­ауысымды және 4 апатты мек­­­­­теп бар. Жаңа білім ошақтары құрылы­сы­ үшауысымды және апатты мектеп мәселесін толық шешеді. Былтыр өңірде 20 мектеп пайдалануға берілді. Бюджет есебінен үш жылда 100-ге жуық мектеп салу жоспарланған. Биыл облыста 43 білім ордасы салынып жатса, оның 29-ы – «Жайлы мектеп». Жалпы, 3 жылда 63 «Жайлы мектеп» салу көзделген.

Екіншіден, Президент тапсырмасымен «Қауіпсіз мектеп» жобасы іске асты. 6 млрд теңге бөлініп, білім ұялары қоршаулары реттеліп, күзет мәселесі шешілді. 200 мыңға жуық бастауыш сынып оқушысы ыстық тамақпен қамтылды. Өңірде 121 білім ұясы күрделі жөндеуді қажет етеді. Оның 22-сі күрделі жөндеуден өтсе, 63-і ағымдағы жөндеу арқылы реттелетін болды. Жалпы, бір жылда 108 білім нысаны жөнделеді. Бұл – облыс тарихында болмаған жағдай. Осы мәселенің көбін салаға бөлінген қаржыны үнемдеу арқылы шешіп жатырмыз.

– Түркістан үшін тағы бір ма­ңызды сала – құрылыс. Көріп отырмыз, облыс орталығының бет-бейнесі өзгерген. Жаңа ғимарат қана емес, мекеме, кәсіпорын көбейіпті. Осыған орай халықты баспанамен қамту мәселесі өзекті бола түсетіні белгілі…

– Облыс құрылғаннан бері құры­лыс қарқыны 2,9 есеге өсті. 176 көп­қабатты үй салынды, 40 мыңға жуық отбасы жаңа пәтерге ие болды. 232 тұрғын үй күрделі жөндеуден өтті. Түркістан қаласында шамамен 80 мың тұрғынға инфрақұрылым жасақ­талып, тұрғын үй салынды. Жаңа шағын аудандар бой көтеріп, талай отбасының баспана мәселесі шешілді.

Биыл бюджет есебінен 41, жеке инвесторлар есебінен 24 көпқабатты үй салу жоспарланған. Жеке қаржы есебінен салынатын жер үйлер жос­пары – 781,851 мың шаршы метр. Сонымен қатар 2024 жылы жалпы 145 000 шаршы метрді құрайтын 191 үй салу жоспары бекітілді. Қазір 159 тұрғын үйдің құрылысы бас­талып, жыл соңына дейін тапсыру жоспарланған. Өңірде тұрғын үй кезегінде тұрғандар саны көп. Біз бұл бағыттағы жұмыстарды жалғастырамыз. Аудан, қалаларда да жұмыс жүреді.

Өңірдің инфрақұрылымын жақсарту бағытында да құрылыс қарқыны жоғары. Табиғи газбен қамту саласында құрылысы 2012–2022 жылдар аралығында жүргізіліп, іске қосылмаған 38 проблемалық нысан болған. Әрбір нысан бо­йынша тиісті жұмыс атқарылып, нәтижесінде 91 мың халық тұратын 35 елді мекен және 4 газ тарту стансасы табиғи газға қосылды. Сарыағаш қаласында 13 көпқабатты арендалық тұрғын үй кәріз жүйесінің болмауына байланысты бірнеше жылдан бері бос тұрды. Аталған мәселе модульдік кәріз жүйесін салу есебінен шешілді. Нәтижесінде, 585 отбасы баспаналы болды. 2018 жылы облыстың оңтүстік аймағындағы 5 ауданда 800 мың тұрғынды сапалы электр қуатымен қамтамасыз ететін «Қызыләскер» қосалқы стансасының құрылысы басталған. Оның құрылысын 2023 жылдың желтоқсан айында толық аяқтап, халық игілігіне бердік.

Аймақты дамыту, халықтың әл-ауқатын көтеру, ауылдардың инфрақұрылымын жақсарту, кәсіпорындар ашу бағытындағы жүйелі жұмыстар жалғасын табады.

– Әңгімеңізге рахмет.

Әңгімелескен –

Қамбар АХМЕТ,

«Egemen Qazaqstan» 

https://egemen.kz/article/366066-darkhan-satybaldy-maqsat-%E2%80%93-dgalpy-onhirlik-onim-kolemin-eki-ese-arttyru