Inicio Дін Қазақ дәстүріндегі ислам мәдениеті

Қазақ дәстүріндегі ислам мәдениеті

Сонау ықылым заманнан адамзат баласының дүниеге көзқарасын қалыптастыруда дін маңызды рөл атқарды. Өйткені, қоғам мүшелерінің мәдениеті сенім негізінде қалыптасып отырды. Дінсіз, дәстүрсіз һәм мәдениетсіз елді еш елестете алмаймыз. Сол секілді қазақ та мың жылдықтар ішінде өз мәдениетін қалыптастырып, дәстүрін дәріптей білген дара халық. Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев «Қазақстан-2050» Стратегиясы қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Қазақстан халқына арнаған жолдауында «Біздің халқымыздың өз мәдениеті, өз дәстүрі мен салты бар» деп мағыналы сөз айтқан болатын. Бұл сөзде кешегі бабаларымыздың салып кеткен сара жолының сыры жатыр. Сонымен тарихымызға тереңдей көз салсақ, сан ғасырлардан бері ата-бабаларымыз ислам мен әдет-ғұрыптарымызды сабақтастырып, күні бүгінге дейін мәдениетіміз бен құндылықтарымызды жалғастырып келді. Тарихы қалыптасқан және қоғам үшін пайдалы әрі ұрпақтан-ұрпаққа беріліп отыратын әрбір халықтың әдет-ғұрпы, жүріс-тұрысы, тәртіптері мен жөн-жоралғылары бар. Мұны бірауыз сөзбен дәстүр деп атайды. Қазақтың қанына сіңіп, өмірінен көрініс берген имандылық, ізеттілік, мейірімділік, инабаттылық, қонақжайлылық секілді қалыптасқан болмысы ұлттық мәдениетіміздің айқын белгілері болып табылады. Ислам құндылықтарымен біте қайнасқан қазақ халқының салт-дәстүрлері ұлтты ұйыстырып, халықты ынтымағымен баурап келеді. Өзара сабақтасып, үндесе білген дін мен дәстүр бүгінге дейін үлкен маңызға ие болды. Өйткені, кешегі ата-бабаларымыздың қалыптастырған салт-дәстүрлері мен әдет-ғұрыптарының бастауы исламға тіреледі. Тіпті, Мұхаммед (с.ғ.с.) пайғамбарымыздың сүннеті мен хадистері әдет-ғұрып ретінде қалыптасып, халқымыздың мәдениетінен ойып тұрып орын алды. Тарихшылардың саралауынша Қазақстанға ислам діні VII ғасырдың басында келді. Сол уақыттағы қазақ халқы ұстанған салт дәстүрлерінің біршамасы әлі күнге дейін сақталып келеді. Халықтың мұсылмандыққа дейінгі ұстанған салт-дәстүрлері мен әдет-ғұрыптары да болды. Мәселен, «тасаттық», «бесік құда», «қарсы құда», «сүйек жаңғырту», «қалыңдықты алып қашу», «қалың төлеу» сияқты әдет-ғұрыптар ел ішінде кең тарады. Ислам келгеннен кейін де аталған салт-дәстүрлер жалғасын тауып, ислам шариғатымен жанаса білді. Өйткені, ханафи мектебінің негізін қалап, сүнниттік бағыт көрсете білген Әбу Ханифа жолы халықтардың әдет-ғұрып заңдарын көбірек ескеретін болғандықтан, ата-бабамызға да бұл өте тиімді келді. Байқасаңыз, салт-дәстүрімізде көрші ақысына ежелден көңіл бөлініп, оған баса назар аударылған. Бұл қазақ халқының мәдениеттілігінің бірден-бір көрінісі. Сол үшін де халқымыз «Көрші ақысы – Тәңір хақысы»,«Үй алма, көрші ал» деп қанатты сөздер қалдырған. Ал оның шығу тарихына қарасақ, Пайғамбарымыздың:«Көршісі аш болып, өзі тоқ жатқан кісі мумин емес»;«Үйден бұрын көрші ал»; «Үйден бұрын көрші тап, жолға шықпай тұрып жолдас тап» – деген хадистерінен басталғанын анық аңғарамыз. Қазақтың дәстүрінде қайтқан кісінің жақындарына «көңіл айту» жоралғысы бар. «Алдынан жарылқасын!» «Иманы жолдас болсын!», «Артының қайырын берсін!» деген секілді сөздермен жұбату айтып, көңілін білдіріседі. Бұл да шариғатымызбен байланысып жатқан құндылық. Осының өзі мұсылманның мұсылманға жасаған дұғасы болып табылады. Тіпті, күнделікті Жаратқанның есімін жадымызда ұстап «Алла сақтасын», «Алла жолыңды берсін», «Алла алдынан жарылқасын», «Аллаға аманат бол», дейтін жақсы әдетіміз де бар. Мұның барлығы сайып келгенде, тіршілігімізге һәм рухани тәлім-тәрбиеге жол сілтей отырып, мәдениетіміздің дұрыс болуына ықпалын тигізеді. Мысал ретінде алсақ, күнделікті тұрмысымызда мұсылмандық әдеп нормалар сақталған, тіпті дәстүрге айналып та кеткен. Қарапайым сәлемдесуден басталатын сыпайы мінезіміз мұсылмандық этикамен астасуда. Қазақ халқының әдептілік қағидалары қасиетті Құран мен хадистерден алынғанын мазмұнды мақал-мәтелдерінен біле аламыз. Ал мақалдай айтылған бірауыз сөздер қазақ халқына өмірлік бағыт-бағдар көрсетіп, темірқазық рөлін атқарды. Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.): «Шыншылдық жақсылыққа жетелейді, ал жақсылық жәннатқа жетелейді», – деген хадисі бар. Ал халқымыз мұны: «Шындықтың шырағы сөнбейді», – деп жеткізген. Өтіріктің өрге баспайтынын алға тартқан Алла Елшісі (с.ғ.с.): «Өтіріктен сақтан, себебі, өтірік пен иман бір жерде болмайды» деп айтқан. Дана халқымыз: «Өтірікшіде иман жоқ» деп мақалдатқан. Міне, қарап отырсақ халқымыз хадистің аясында өрнектеп сөз айтып, өскелең ұрпағына шыншылдық пен өтіріктің ара-жігін көрсету арқылы тәлім-тәрбие бере білген. Онан қалды қазақ халқы ерлік пен батырлықты, туған елге деген жанашырлықты имандылықпен түсіндіре білген. Исламның кәусарынан сусындаған хәкім Абай атамыз да қара сөздеріне хадистер мен аяттарды қолданса, имандылық иірімінен нәр алған әл-Фараби, Ахмет Яссауи, Жүсіп Баласағұн секілді ойшыл бабаларымыз өздерінің өшпес еңбектері арқылы бүгінге дейін ислам мәдениетінің дамуына үлесін қоса білді. Қай халықтың болмасын тарих бетінен ойып тұрып орын алуы үшін әрине экономикалық жағдайымен қатар ұлттық дүниесін байытатын мәдениеті де болуы заңды құбылыс. Елбасы «Қазақстан-2050» стратегиясы қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Жолдауында: «Біз, мұсылманбыз, оның ішінде Ханафи мазхабының сүнниттеріміз. Бұл жол біздің ата-бабаларымыздың ұлттық дәстүрге деген құрметімен негізделген… Біз мұсылман үмбетінің бір бөлігі екендігімізге мақтан тұтамыз», – деген-ді. Мұнан не түйеміз? Әрине, қазақ дәстүріндегі мәдени өмірдің исламмен ұштасқанын көреміз. Бұған дәлел, ғасырлар аясында халқымыз Алла Елшісінің (с.ғ.с) жолын ұстанып, ислам ілімдерінен сусындап, өз салт-дәстүрлерін шариғат шеңберіне бейімдеген. Мың өліп, мың тірілген халықпыз. Міне, талай тағдыр тәлкегін бастан кешіріп, зұлматтың зардабын тартса да дәстүрінің аясында мәдениетін еш жоғалтпады. Қазақтың исламның аясында мың жыл үстінде өмір сүргендігін ескерсек, халықтың бойына сіңген, өмірінен орын алған әдет-ғұрып пен дәстүрімізге ерекше мән берілу қажеттілігі айқындалады. Себебі, дәстүр халықтың күнделікті тыныс-тіршілігі мен танымының іс-жүзінде қалыптасқан көрінісі. Кез келген ұлттың құндылығы өзімен бірге жасасып келе жатқан тілінде, салт-дәстүрінде және мәдениетінде. Оларды бір-бірінен бөліп те қарай алмаймыз. Себебі, олар бірін-бірі толықтыра отырып, тұтас бір ұлттың болмысын құрайды. Осы орайда қазақтың ұлттық және діни дәстүрлерінің тәрбиелі ұрпақ қалыптастырудағы рөлі орасан екенін атай кеткен жөн. Айтуға тиіс бір ақиқат бар. Ол кешегі жетпіс жыл бойы бізді төмпештеген кеңестік идеологияның қазақтың ошағынан дінді алып кетсе де, дәстүрді өшіре алмады. Шынын айтқанда, қазақ халқы үшін дін мен дәстүр егіз ұғымға айналды. Сол дәстүрдің сақталуының арқасында біз жетпіс жылдың ішінде өзіміздің мұсылман екенімізді ұмытпадық. «Малым жанымның садағасы, жаным арымның садағасы» деген ұлы ұстанымды тіршілігінің басты қағидасы етіп ұстанған қазақ халқы үшін ар-намыс, ұят, ар-ождан ұғымдары аса киелі. Дүние күйіп кетсе де, ар-намысты таптатпауға тарс бекінді. Жаны үшін малын садақа етсе, ар-ұят үшін жанның өзін пида етуге дайын болған. Өйткені қазақ үшін «өлімнен ұят күшті». Сондықтан да ел арасында мынадай мақалдар кең тараған. «Жарлы болсаң да, арлы бол», «Ұят бар жерде иман бар», «Ұялмаған бұйырмағаннан ішеді», «Ер болсаң нәпсіңді жең» т.б. Мұндай биік ұстаным айқын мәдениеттіліктің белгісі. Ал, Құран аяттары мен хадистерден ұятты болуға шақыратын ұлағат сөздерді көп кездестіреміз. Алланың Елшісінің (с.ғ.с.): «Әрбір діннің өзіне тән мінезі бар. Исламның мінезі – ұяттылық», – деп айтқан хадисі бар. Қазақ халқында өзінің қажыр-қайраты мен ақыл-парасатының тереңдігіне сенімді нағыз жігіттерден бірнеше өнерді бағындыру талап етілетін. Қайраты мен ақылы сай жігіт сұлтандарын «сегіз қырлы, бір сырлы» деп сипаттайтын. Сол «сегіз қырлының» бірі мұсылманша білімді болу еді. Сондықтан әрбір талапты ер мұсылмандық қағидаларын басқалардан гөрі жетік білуге тырысты. Арабша, парсыша, түркіше оқып, жазып үйренді. Ал діни білімнен мағлұматы мардымсыз, сауатсыз жандарды былайғы жұрт «әліпті таяқ деп білмейді» деп әжуалайтын. Расында да, араб әліпбиінің алғашқы қарпі әлифтің жазылуы тік тұрған таяққа ұқсайды. Ал мұны білмеген жан надан деп танылған. Абай заманында намаздың шарттарын дұрыс білмейтін, дұғаларын жөндеп оқи алмайтын адамдар қазақ қоғамында ең қор, төмен адамдардың қатарына жатқызылған. Өйткені сол кездегі қазақ қоғамында діннен бейхабар болу, намазды, Құранды дұрыс оқи алмау, парыздарын білмеу үлкен айып саналған. Шариғатымыздағы иман, ғибадат, нәпсі тәрбиесі секілді тақырыптарды қарасақ, мұның барлығы адам баласын мәдениетті болуға жетелейді. Қазақтың дәстүрінде орын алған қолға су құю, тамақты жасы үлкен кісі бастау, конақты күтіп алу үрдістері дінмен біте қайнасқанын көреміз. Қорыта айтқанда, қазақтың дәстүрінде ислам мәдениеті ерекше көрініс тапқан. Сол үшін де ұлт болып қалыптасып, елдігімізді онан әрі нығайтуда дінімізді берік ұстап, дәстүрімізді дәріптеуіміз керек.