Inicio Білім ТҮРКІСТАН: ЖАҢА ОҚУ ЖЫЛЫ ЖАҢА МАҚСАТҚА БАСТАЙДЫ

ТҮРКІСТАН: ЖАҢА ОҚУ ЖЫЛЫ ЖАҢА МАҚСАТҚА БАСТАЙДЫ

Жадыраған жаз өтіп, жас жеткіншектеріміздің, жалпы оқушылар қауымының сүйікті мектебімен, ұлағатты ұстаздарымен қауышатын қуанышты күн де жақын. Киелі шаһардың білім саласының жаңа оқу жылына дайындықтарын білу мақсатында Түркістан қалалық білім бөлімінің басшысы Қолдасова Оразкүл Шайхықызына жолығып, сұхбаттасқан едік.

– Әне-міне дегенше, жаңа 2024-2025 оқу жылы да келіп қалды. Білім бағбандарына жас ұрпақты тәрбиелеу жолында сәттілік тілейміз. Жаңа оқу жылына әзірлік жағдайы қалай? Биылғы оқу жылының қандай ерекшеліктері бар? Қолымызда бар мәліметтерге сүйенсек, көптеген мектептерде жартылай және толық күрделі жөндеулер жүргізілуде. Қыркүйек айына сақадай-сай болып үлгересіздер ме?

– Ізгі ниеттеріңіз үшін алғысым шексіз. Алдымен айтарым, жаңа оқу жылына дайындық бізде көктемнен басталады. Бұл орайда біз мектептеріміздің материалдық жағдайларын бағамдап, қала әкімдігі және облыстық білім басқармасымен бірлесе отырып жөндеу жұмыстарын жүргізуді қажет ететін білім мекемелеріне талдау жасаймыз, тиісті қаржы қарастыру, жобалық-сметалық құжаттарын дайындау бойынша жұмыстарды жүргіземіз. Осы жұмыстарымыздың нәтижесінде биылғы жылы 4 мектепке күрделі жөндеу, 7 мектеп пен 10 балабақшаға ағымдағы жөндеу жұмыстары жоспарланған. №17 Ататүрік, №7 С.Ерубаев, №9 Некрасов, №31 Абай мектептерінде күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Қазіргі таңда ағымдағы жөндеу жұмыстары №26 Әйтеке би, №22 Б.Момышұлы, №8 Н.Төреқұлов, №12 Қ.Сәтбаев, №24 М.Шоқай, Ш.Ниязов, №13 Ә.Науаи мектептерінде жүргізілуде. Жөндеу жұмыстары 1-30 тамыз аралығында бітіп, тапсыру жоспарланған. Дегенмен, біз мердігерлермен бірлесе жұмыс жасай отырып тамыз айының 20 жұлдызына дейін барлық жұмыстарды аяқтауды жоспарлап отырмыз. Сонымен қатар, «Балғын», «Балбөбек», «Мереке», «Балапан», «Бөбек», «Болашақ», «Ертөстік» балабақшаларында ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізіліп, аяқталған болса, «Гүлдер», «Айгөлек», «Келешек» балабақшаларына алдағы уақытта жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Ал, басқа мектептердің барлығында ағымдағы әрлеу жұмыстары атқарылып, жаңа оқу жылына сақадай-сай болып отыр.

– Сондай-ақ, кез-келген саланың жетістікке жетуі – білікті кадрларға байланысты. Осы мәселелер қалай шешілуде? Мәселен, зейнетке шыққан немесе әлдебір себептермен басқа жұмысқа ауысқан мектеп директорларының орнына басшы қандай жүйемен тағайындалмақ? Конкурстық жүйемен бе әлде ротация арқылы ма?

– Түркістан қаласында жалпы саны 34 мектеп, 6 мектептен тыс мекеме және 21 мектепке дейінгі мекеме болса, барлығы да сапалы кадрлармен толық қамтамасыз етілген. Барлық пәндер өз мамандарымен толық. Кадрға сұраныс болған жағдайда, білім мекемелеріне педагог кадрларды қабылдау Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2021 жылғы 19 қарашадағы №568 және Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің 2021 жылғы 22 қарашадағы №432 бірлескен бұйрығы негізінде (3-тарау, 1-параграф) конкурстық негізде іске асырылады. Білім беру ұйымында бос жұмыс орны болған жағдайда мектеп әкімшілігі әлеуметтік желілердегі парақшалары арқылы хабарландыру жариялайды. Жұмысқа қабылдау бойынша құрылған комиссия үміткерлердің ұсынған құжаттарын қарай отырып, талаптарға сай келетін үміткерді жұмысқа қабылдауға мектеп басшысына ұсыныс береді. Ал, басшы кадрлар туралы айтсам, өздеріңіз білесіздер, 2022-2023 оқу жылында мектеп басшыларының ротациясы іске асырылып, 13 мектеп басшылары (№4 С.Сейфуллин, №6 М.Мәметова, №8 Н.Төреқұлов, №9 Некрасов, №16 Т.Бигелдинов, №19 Төле би, №20 Р.Исетов, №22 Б.Момышұлы, №24 М.Шоқай, №26 Әйтеке би, №27 Ө.Жәнібеков, №31 Абай, №13 Ә.Науаи), 13 балабақша меңгерушілері («Ертөстік», «Мереке», «Балғын», «Балбөбек», «Асыл бөбек», «Әлия», «Балдәурен», «Балапан», «Арай», «Өркен», «Балдырған», «Айгөлек» және «Болашақ») ротацияланды. Зейнеткерлік демалысқа шығуына байланысты босаған 5 мектеп басшысының орнына жаңадан директорлар «Мемлекеттік білім беру ұйымдарының бірінші басшылары пен педагогтерін лауазымға тағайындау, лауазымнан босату қағидаларын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2012 жылғы 21 ақпандағы №57 бұйрығы негізінде тағайындалды (№11 Ж.Жабаев, №7 С.Ерубаев, Ш.Ниязов, №3 Әмір Темір, №22 Б.Момышұлы). Байқап отырған болсаңыз, басшы орны босаған кезде облыстық білім басқармасы тарапынан конкурс өткізіліп, лайықты үміткер тағайындалады.

– Жалпы білім саласында қандай жаңалықтар мен жоспарлар бар? Жеке меншік мектеп пен мемлекеттік мектептердің айырмашылығы, сипаттары қандай? Екеуінің аражігін ажыратудың білім сапасына әсері қандай деп ойлайсыз?

– Білім саласы үнемі жаңаруды, ізденуді талап ететін сала. Сондықтан жыл сайын елімізде білім саласын дамыту бойынша қаншама шешімдер қабылданып, саланы дамыту бойынша жұмыстар атқарылады. Өзіңіз білесіз, жыл сайын жаңа оқу жылында Тамыз конференциялары өткізіліп, жаңа оқу жылының жаңалықтары жарияланады, педагогтар саладағы жаңалықтармен танысады, тәжірибе алмасады. Биылғы жылы конференция тамыз айының үшінші онкүндігінде өткізіледі деп күтілуде. Сондықтан да бұл сұрағыңызға содан кейін жауап берсем деп отырмын.

Өзіңізбен өткен бұрынғы сұхбаттарымда да жеке мектептер мен мемлекеттік мектептердің арасындағы айырмашылық туралы айтқан едім. Яғни, жаңа Қазақстанда шынайы бәсеке ғана жетістікке жеткізетініне тағы бір көз жеткізіп отырмыз. Қазіргі таңда Түркістан қаласында мемлекеттік мектептер саны 34 болса, жеке мектептеріміздің саны 42-ге жетті. Мемлекеттік болсын, жекеменшік болсын, барлығында оқып жатқан Түркістан қаласының балалары, яғни біздің балаларымыз. Мектептер Министрлік бекіткен бір оқу жоспарымен жұмыс жасайды. Ал, балаларын қай мектепке беру ата-ананың құқығындағы шаруа. Қай білім мекемесінде оқытамын десе де шешімді өзі қабылдайды. Жеке мектептерде де оқушыларға сапалы білім беруге мүмкіндіктері бар деп айта аламын. Барлығын іске асыратын білікті педагог екендігі сөзсіз. Өз мамандығын жетік меңгерген педагог қай мектепте болса да бәсекеге қабілетті шәкірт тәрбиелей алады.

– Оқушылардың білім деңгейі, ұстаздардың біліктілігі, осы орайда қандай жобалар жүзеге асырылуда? Түркістандық ұстаздар қауымының республикадағы әріптестер арасындағы білім-беделі туралы не айтар едіңіз?

– Түркістан қаласы педагогтарының біліктілігі мен оқушыларының білімі республикадағы басқа өңірлерден жоғары болмаса төмен емес. Бұған жыл сайын педагогтар арасындағы кәсіби байқауларда, оқушылар арасындағы пәндік олимпиадаларда көз жеткізіп жүрміз. Оқушыларымыз облыстық, республикалық білім бәсекелерінде топ жарып келеді. Тіпті, Халықаралық сайыстарда қатарластарының алды болып жүрген оқушыларымыз да жетерлік. Білім сапасын көтеру бойынша ізденіс жұмыстары үнемі тоқтаған емес. Нәтижесінде жыл сайын білім сапасы мен оқушыларымыздың жетістіктері де жоғарылап келеді. Алдымен бүгінгі білім сапасының жағдайына тоқталар болсам, Түркістан қаласы облыстағы қала және аудандар арасында алғашқы қатардан түспей келеді. 2022-2023 оқу жылында білім сапасы 60% болған болса, 2023-2024 оқу жылының қорытындысы бойынша қала мектептеріндегі оқушылардың білім сапасы 62,4%, орта баллы 4,14 болып отыр. Бұл облыс көлеміндегі ең жоғары нәтиже екендігін де айта кеткенім жөн.

Биылғы жылы орта мектепті 2826 оқушы бітірді. Олардың ішінде 168 оқушы «Алтын белгі», 174 оқушы «Үздік аттестат» иегерлері атанды. Бұл өткен жылғыдан едәуір жоғары көрсеткіш. Ал, пәндік олимпиадалардағы жетістіктерді айтар болсам, 2022-2023 оқу жылында облыстық негізгі олимпиадаларға 114 оқушы қатысып, 77 оқушы жүлдегер атанса, Республикалық олимпиадаға қатысқан 8 оқушының ішінен 7 оқушы олимпиада жүлдесін жеңіп алды. 2023-2024 оқу жылында облыстық олимпиадаларда 143 оқушыдан 99 оқушы, Республикалық олимпиадаларда 10 оқушыдан 7 оқушы жүлделі орындарды жеңіп алды. Сондай-ақ, түрлі деңгейдегі байқаулар мен оқуларда 150-ден астам оқушыларымыз облыстық және республикалық байқаулардың жеңімпазы атанды. Сонымен қатар, педагогтар арасында да жетістіктер аз емес. Облыстық, республикалық байқаулар мен фестивальдерде, олимпиадаларда жүлдегер атанып, түркістандық әріптестерінің мақтанышына айналған педагогтарымыздың саны жыл сайын артып келеді.

– Сұхбатыңызға рахмет! Жаңа оқу жылында зор табыстарға жете беріңіздер!

Роза НАРЫМБЕТОВА.