Inicio Білім ТҮРКІСТАН: ТҮРКІСТАНДЫҚ ПОЛИГЛОТ ҰСТАЗ

ТҮРКІСТАН: ТҮРКІСТАНДЫҚ ПОЛИГЛОТ ҰСТАЗ

Гаухар Байметова – қазақ, өзбек, орыс, түрік, ағылшын тілдерінде еркін сөйлейтін полиглот ұстаз. Бүгінде ол Түркістан қаласындағы №9 Некрасов мектеп-гимназиясының білікті мұғалімі. Ол аталған мектепте 14 жылдан бері ағылшын тілінен сабақ беріп келеді. Оның айтуынша, оқушылардың жан-жақты дамуы, заманауи және сапалы білім алуы үшін ағылшын тілін үйренуі маңызды. Оқу бағдарламасына жыл сайын өзгерістер енгізіліп жатқанын назарда ұстайтын ұстаз дәрісті жаңаша үйрету дағдысында озық үлгімен оқытып келеді. – Тілсіз ұлт болмайды. Өз тілімізді сақтау, өз тіліңді құрметтеу отаншылдық рухты оятуға қызмет етеді әрі ата-баба алдындағы ұлы парызымыз. Тәуелсіз Қазақстанды дамыған өркениетті елдің қатарына енгізетін біздің болашағымыз – бүгінгі білім қуған жастар деп білемін. Өзінің тілін, тарихын жетік білген жастар қайда жүрсе де абырой биігінен көрінері сөзсіз. Қанша тіл білсек, сонша білімді игереміз. Сондықтан көп тіл білу де заман талабы. Өмірдегі көп мамандықтардың ішінде жан-жақты білімділікті, икемділікті, шеберлікті, ерекше шәкіртжандылықты, мейірімділікті қажет ететін мамандық – ұстаздық. Олай дейтінім, мұғалім еңбегі біріншіден, адамзат қоғамы тарихында жинақталған ғылым негіздерінен білім беруге тиіс болса, екіншіден, үнемі шәкірттерімен қарым-қатынаста болып, білсем, үйренсем деген бала арманы мен оның сырлы тағдырына басшылық етуді мойнына алған маман. Бүгінгі ұстаз шәкіртіне ғылым негіздерінен мәлімет беріп қана қоймай, оны дүниежүзілік білім, ақпарат, экономика кеңістігіне шығуға, яғни қатаң бәсеке жағдайында өмір сүруге тәрбиелеуі керек. Ол нағыз ұстаздың ғана қолынан келеді. Ұстаз атана білу, оны қадір тұту, қастерлеу, арындай таза ұстау – әрбір мұғалімнің борышы. Ол – өз кәсібін, өз пәнін, барлық шәкіртін, мектебін шексіз сүйетін адам. Осы іске деген қызығушылық пен сүйіспеншілік қана оны небір қиын әрекеттерге жетелейді, іске батыл кірісуге септігін тигізеді. Нәтижесінде бір емес, бірнеше жас жүрекке мәңгі ұстаз болып қалады. Ұстаздың осыншама қадір-қасиет, құрметке бөленуі өзін қоршаған орта мен әрбір шәкіртіне асқан сезімталдықпен, жауапкершілікпен қарым-қатынас жасауында. Өйткені оның қарапайым да сыпайы киім киісі, мәдениетті сөзі, әдепті жүріс-тұрысы, жинақы іс-әрекеті, білімі шәкіртке де, ата-анаға да, жұртшылыққа да өнеге.

Ұлы ағылшын ағартушысы Уильям Уорд: Жай мұғалім хабарлайды, Жақсы мұғалім түсіндіреді, Керемет мұғалім көрсетеді, Ұлы мұғалім шабыттандырады, — дейді. Білім беру жүйесі мамандардан кәсіби икемділік пен ұтқырлықты, сан қырлы шығармашылық қызмет пен өзін-өзі басқару, өзін-өзі ұйымдастыру жағдайындағы біліктілікті қажет етеді. Өйткені қазіргі жас буын – еліміздің келер күнгі келбеті. Бұл жөнінде Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев: «Ғасырлар мақсаты – саяси-экономикалық және рухани дағдарыстарды жеңіп шыға алатын, ізгіленген ХХІ ғасырды құрушы іскер, өмірге икемделген, жан-жақты жеке тұлғаны тәрбиелеп қалыптастыру», — деген тұжырым жасады. Ол үшін бүгінгі оқу үрдісіне сай педагогикалық шеберлік қажет. «Педогогтік шеберлік – дарынды талант емес, үйрену, ізденудің нәтижесі. Мұғалім шеберлігі жайлы жазылған дайын қағида жоқ, болуы да мүмкін емес. Адамның өзіне-өзі өмір бойы қоятын және оған әрдайым жауап іздейтін санаулы сұрақтары болады екен. Мен үшін сол мәңгі сұрақтың бірі де бірегейі – Мұғалім деген кім? Алдымен осы сұрақтың жауабын тағы да бір айқындап бағайық. Мұғалімге тән ең бірінші қасиет – баланы құрметтеу. Оның адамшылық ар-ожданын, намысын, тұлғасын жасына қарамай силау, құрмет тұту. Бұл мұғалімнің терең дүниетанымы мен үлкен жүрегінен келіп шығады. Ал, ХХІ ғасырдың нағыз ұстазы қандай болмақ керек? Әрине, ол өз кәсібінің майталманы, осы мақсатқа рухани күш-жігерін, парасат-қуатын салу керектігі айтпаса да түсінікті. Бұл – әркімнің қолынан келе бермейтін, ерекше талантты қажет ететін, бай қиялды адамға тән қасиет. Сондай-ақ ұстаз күнбе-күнгі өзінің көп қырлы еңбегінде мазмұны әр түрлі кездейсоқ жайттардың туындап отыратынын алдын ала сезіп, болжап және оның оң шешімін табуға дайын болуға тиіс. Сондықтан да ұстазды әр баланың жан-дүниесін танып-білуші әрі оны жеке тұлға етіп қалыптастырушы, ел болашағының мүсіншісі деуге болады. «Ұстаз» сөзінің 2 түрлі сипаты бар. Бірі – белгілі пәннен сабақ беретін оқытушы да, екіншісі – жоғары беделді адамдарға ықпал етуші дана адам. Мектептегі ұстаз – баланың екінші ата-анасы, болашаққа айқын жол сілтер ақылшысы. Оның мейірімге толы жүрегі шәкірт бойындағы талай ағаттықты кешіре біледі. Оның бойындағы білім мен ақыл, ойының қуаты талай тентекті жуасытып, небір еркені сабасына түсіреді, тәртіпке баулып, есейтіп, ержеткізеді. Сондықтан әрбір шәкірт өзіне үлгі-өнеге болған сүйікті мұғалімін ұстазым деп атайды. Осы тұста Абайдың: Ақырын жүріп, анық бас, Еңбегің кетпес далаға. Ұстаздық еткен жалықпас, Үйретуден балаға, — деген өлең жолдары еріксіз ойға оралады. Егер әр шәкірт өмірде бір кірпіш болып қаланып, ұстаздан шәкірт озып жатса, төккен тер мен адал еңбектің ақталғаны емес пе?!Қазіргі білім беру саласы қызметкерлерінің алдында тұрған басты проблема – жаңа формацияның жаңа ұстазын қалыптастыру. Жаһандану дәуірі – әлемдегі елдердің бәсекелестік жағдайында халықаралық деңгейде өзара кірігу үрдістерінің жандану дәуірі де болғандықтан, білім – пайдалы инвестиция саласы ретінде еліміздің экономикалық, әлеуметтік және саяси даму тұрақтылығын қамтамасыз етеді..Елбасымыз: «Біз білім-ғылым саласында бәсекеге қабілетті болмасақ, өз мақсатымызға жете алмаймыз. Барлығы мектептен, ал Қазақстан үшін ауыл мектебінен басталады”, -деген болатын. XXI ғасыр ұлттық бәсеке, ақпараттық сайыс, инновациялық технологиялар, күрделі экономикалық реформалар сияқты көріністерімен ерекшеленеді. Сол кезеңге сай интеллектуалды, дені сау, ой-өрісі жоғары дамыған, халықаралық деңгейге сәйкес білімі бар азаматты тәрбиелеу – әр мұғалімнің міндеті.

Мұғалім – барлық білім беру жүйесінің негізі, жаны және жүрегі. Мұғалімнің негізгі басты мақсаты – рухани бай, іздемпаз, адамгершілігі мол адамды қалыптастыру болып табылады. Қазіргі заманғы мұғалімдер информатор, бақылаушы, тексеруші, жазалаушы қызметін тастап, керісінше ізденуші, зерттеуші, технолог, өнертапқыш, шығармашылықпен жұмыс істейтін жаңашыл болу керек. Оқушыны субъект ретінде қарастырып, оның өзін-өзі тануына жол ашу, жеке тұлға бойындағы қасиетті дамыту, «Мен» менталитетін қалыптастыру, білім мен тəрбиені жеке тұлғаға қарай бағыттау – бүгінгі таңдағы мұғалімінің кезек күттірмейтін қасиетті міндеті. Мұғалімінің өзі жеке тұлғаға көтерілмей, мұндай зор мақсатқа жетуі мүмкін емес. Елбасымыз Н.Назарбаев: «Ұстаздықтың алдына қойған міндет өте ауқымды: білім жүйесін іштей қайта құру жəне сол арқылы бүкіл қоғамдағы ағарту жүйесінің барлық аймағын өзгерту. Ол үшін ішкі қайта құру қажет: құрылымдық, қызметтік, құндылық. Жаңа ұрпақ мұғалімдерінің, андрагогика мен акмеологияның, педагогика-психологиялық пен гумандық-педагогиканың міндеті – білім жүйесінің ішінен қайта құрудың мүмкіндіктерін іздестіру – адами рухани бастаулардың тазалығын тексеру. Мұнда этика мен адамгершілік дүниені біртұтас қабылдауға бағытталған рух философиясының рухани ісі. Ұстаз өзінің адамгершілік этикалық парызын орындауға тиіс. Білімді түрлендіруде, білім беру үрдісін реформалауда зерттеуші мұғалім жаңа формация мұғалімі ретінде орталық тұлға болып табылады. Қазіргі заман мұғалімі – рухани дамыған əрі əлеуметтік тұрғыдан есейген, педагогикалық құралдардың барлық түрлерін шебер меңгерген білікті маман, өзін-өзі əрдайым жетілдіруге ұмтылатын шығармашыл тұлға. Ол жоғары білімді шығармашыл тұлғаны қалыптастырып, дамыту үшін жауапты» деген. Мұғалімнің кəсіби білігін шыңдаудың үздіксіздігі оның шығармашылық қабілетінің дамуының кепілі жəне өзіндік жеке педагогтік тəжірибесінің дамуының алғы шарты болып табылады. Ұстаздың кəсіби шеберлігінің негізі, біріншіден, мұғалімнің өмірге көзқарасы, оның идеялық нанымы – дейді түркістандық ұстаз.