Біреу есік қаққанға қақпаны ашсам, қолдарында қағаз-қаламдары бар екі бойжеткен тұр екен. «Апа, үйлеріңізде мектепке баратын бала бар ма?» – болды алғашқы сауалдары. «Балалар есейіп кетті. Немерелер басқа қалада тұрады» – деп едім, «Сізді суретке түсіріп ала салайықшы» – деп телефондарын «сырт» еткізді. «Неге?» дедім бұл қылықтарын ерсі көріп: «Басшыларымызға қанша үй аралағанымыз туралы есеп береміз. Мектебімізге оқушы жинап жүрміз. Жеке меншік мектепте жұмыс істейміз» – деген жауаптарын естігенде басымды түрлі ой қамалап кетті. Міне, бәсекелестіктің сипаты. Өткен жолы жұмыс бабымен қаламыздағы бір мектептің басшысына жолыққалы барсам, жиналыс болып жатыр екен. Біршама уақыт күтуге тура келді. Іштегі дауыстар сыртқа естіліп тұрды. Жиналыс бойы талқылаған мәселе, ұстаздарға сағат бөлу туралы болып, өзара келісе алмай жатты. Директорға кірген соң: «Сағат бөлу мәселесі шаршатыңқырап тұр екен сіздерді?» – дедім естіген соң үндемей қала алмай. «Айтпаңыз! Жекеменшік мектептер түрлі уәде беріп оқушыларымызды әкетіп жатыр. Сол әріптестеріме мұғалімін де қоса әкетсеңдерші. Мына жақта біз күйіп жатырмыз деймін» – деп шаршаған кейіпте сыр бөлісті мектеп басшысы. Бәсекелестік келді деген осы. Шын мәнінде, жеке меншік мектептердің жағдайы қалай? Ата-аналар балаларын қандай мектепте оқытқанды қалайды? Балаларды мемлекеттік мектепте оқытқан дұрыс па? Әлде жекеменшік мектеп жайлы ма? Бұрын бұл мәселеге мән бере қоймаған екенмін. Осындай оймен жан-жағымдағы көршілерден, ағайын-туыс, таныстардан сұрастырсам, біразының балалары жекеменшік мектепте оқиды екен. Айтатын себептері «Үйге жақын. Сыныпта аз бала оқиды. Бақылауда болады. Өздері тасымалдайды. Кешке дейін мектепте болып, үй тапсырмасын орындап бір-ақ келеді. Білмеймін, әйтеуір осы мектеп қолайлы сияқты болды» – деген тұрғыдағы әңгіме. Білім сапасының жағдайы, жекеменшік мектептің материалдық-техникалық жайы туралы айтқан адам жоқтың қасы. Оларға сабақ беретін ұстаздар қауымының біліктілігі қандай дәрежеде? Ол жағы да ойланарлық мәселе. Әрине, баласын қандай мектепке беру әркімнің өз еркіндегі шаруа. Құдайға шүкір, «қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған» заманда өмір сүріп жатырмыз. Өркениетті қоғамымыздың әрбір азаматына өмір сүруге де, білім алуға да жан-жақты жағдай жасалған. Алайда, білім ордаларының осылай жікке бөлінуінің балаларымыздың болашағына әсері қандай болар екен? Бұл бағытта мен сұхбаттасқан жерлестерім: «Бұл – кеңінен отырып әңгімелесетін келелі мәселе екен» – дегеннен арыға бармады. Бәлкім, уақыттары тығыз болар. Мүмкін, ой бөліскілері келмеді ме? Сөз жоқ, жеке меншік мектептердің жұмыс істеуі қоғамда бәсекелестік тудырып, мемлекеттік мектептердің жұмысын жан-жақты жетілдіруіне ұмтылысын арттырады.
Десек те, жекеменшік мектеп ашқандардың бәрі бірдей ұрпақ болашағын ойлап отыр ма, әлде бұл да бір бизнестің түріне айналып бара жатқан жоқ па? «Ақыл – тозбайтын тон, білім – таусылмайтын кен» – дейді халық даналығы. Олай болса, күн сайын өзгеріп жатқан жаңа дәуірде, инновациялық дәуірде ғаламат жаңалықтар көшіне ілесу үшін ұлан- ғайыр білім керек. Ал, енді, жас ұрпақ бойына осы ұлттық құндылықтарымызды, дәстүр-салтымызды, туған елі үшін жанын пида етер патриоттық сезімді қалыптастыруды, яғни білім саласындағы идеологияны, методиканы, тәрбиелеу стандартын барлық мектептер бірдей ұстанып отыр ма? ҚР Оқу-ағарту министрлігінен жеке меншік білім ордаларын ашуға берілетін лицензия талабына сай білім ордасына арналған ғимараттарды жалға алуға болады. Алайда, меншік иесінің таңдауына ілінген ғимараттарда спорт зал, ойнайтын алаң, жатақхана сияқты оқушылар мен студенттер өмірінің жайлылығын қамтамасыз ететін алғы шарттар сақтала бермейтінін көріп жүрміз. Екіншіден, талап біреу болғанмен, оқу бағдарламасы, тәрбиесі, бақылау нормасы, елімізде қалыптасқан түзу бағыттағы идеология сақтала ма? Ұрпақ тәрбиесі, білім саласы бей-жай қарауды көтермейтін өзекті мәселе болғандықтан да, балалар болашағы үшін алаңдайтынымыз заңды да орынды.
Бұл туралы «QAZBILIM.KZ» ұлттық мектептер желісі басқарма басшысы Аятжан Ахметжанұлы:
«Білім саласы – көрінбейтін соғыс. Соғыста жетістікке жету үшін мықты әскер керек. Мықты құрал-жабдық, мықты стратегия керек. Сол сияқты, білім саласы табысқа жету үшін мектеп, ұстаз, әдістемең, материалдық базаң мықты болу керек. Ал, біз білім деңгейі жоғары елдерге жету үшін барлық мектеп бір ауысымда білім беруге, барлық сыныптағы оқушы саны мемлекет бекіткендей 24 оқушыдан аспау керек» – деген түйін жасайды.
«Жайлы мектеп» пилоттық ұлттық жобасы шеңберінде 3, мемлекеттік бюджеттен 1 мектеп бой көтеруде. Аталған төрт білім ошақтары жыл соңына дейін ел игілігіне беріледі деп күтілуде. Осы жоба аясында 2000 орындық жаңа білім ошағының құрылыс жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Жыл соңында қолдануға берілу жоспарланғанымен, қыркүйек айында оқушыларды қабылдайды деп күтілуде. Бүгінгі таңда мектеп ғимаратында 350 жұмысшы уақытпен санаспай еңбек етуде. «Жайлы мектеп» жобасы арқылы облысымызда 63 мектеп салу жоспарланып, оның біразы қолға алынды. Бұл құнды қадам аймақтағы мектеп тапшылығын жою, апатты және үш ауысымды мектептер мәселесін түбегейлі шешуге оң ықпал ететіні сөзсіз. Сондай-ақ, қай салада болсын, материалдық-техникалық базаны нығайтумен іс бітпейді. Осы игі мақсаттарды жүзеге асыратын адами капитал – білікті кадрлар. Дамыған ел қатарына қосылу үшін ұрпақтың дүниетанымын, санасын өзгерту қажет. Оны жүзеге асыратын – ұлы тұлға ұстаздар. Білім саласының ұстанған бағыты да бұқара халықтың күнбе-күн толғанып жүрген мәселесі. Білім саласындағы басшы кадрларды конкурстық негізде, жариялы түрде тағайындау көңілге аздап болса да қанағаттанарлық сезім ұялатады. Осы орайда өз басымнан өткен мына бір жағдайды баяндай кетсем, артықтық етпес. Балалары мектеп жасындағы ата-аналарға белгілі, бүгінгі таңда жартылай мемлекет тарапынан қаржыландырылатын қазақ-түрік лицейі – тәрбие жағынан да, білім сапасы жағынан да мақтаулы оқу орындарының бірі. Сол оқу орнының қабылдау тестінен кешігіп, іліне алмай қалған немеремді жарнамасы жарқырап тұрған Шымкент қаласының іргесіндегі баламалы негіздегі ақылы оқу орнына бердік. Оқу ғимараты да өздерінікі екен. Жап-жаңа. Сырт көрінісі де әдемі. Ұстаздары да инабатты екен. Алайда, оқу жылы барысында, келісім-шартта көрсетілген біраз дүниелер сөз жүзінде қалды. Бәрінен де бұрын, әлі жоғары оқу орнын бітірмеген студент-жастардың ұстаздық етуі, қаржыны үнемдеу мақсатында бір маманға екі-үш адамның міндетінің жүктелуі салдарынан шаршап-шалдығып жүргендігі, сауаттылық деңгейі қынжылтты. Қаншалықты «Көш жүре түзеледі» – деп өзімізді жұбатқанымызбен, көзге ұрып тұрған кемшіліктерге көз жұма қараудың да шегі бар. Жастарға жол берген дұрыс. Олар жаңаша ойлайды. Заманауи, инновациялық жобаларды, цифрландыру жүйесінің тетіктерін меңгерген. Заман көшімен ілесіп, даму жолдарын жүзеге асырады. Десек те, өмірлік тәжірибенің, ұстаздықтың қыр-сырын меңгерудің орны бөлек. Көненің бәрін келмеске жіберуге болмайды. Бұл, әрине, менің жеке пікірім. Көпке топырақ шашпаймын. Жеке меншік мектептердің бәрі туралы ондай ой айтудан да аулақпын. Дегенмен, барлық жағынан жайлылылығы қарастырылған мемлекеттік мектептердегі жағдай оңтайлы көрінді. Себебі, көптеген жеке меншік мектептердің ғимараттарын жалға алып отырғаны, оның көп жағдайда талапқа сай еместігі жасырын емес.
Ұрпағымыздың өздері қалаған жағдайда, таңдауына қарай білім алуы үшін елімізде жан-жақты жағдай жасалуда. Білім саласында нарықтық бәсекелестік қалыптасып, мемлекеттік және жеке меншік мектептер арасындағы айырмашылықтар анықталып отыр. Әркім өз қалауына қарай қалаған мектебінле білім алуда. Дегенмен, осы білім ордаларының жүргізіп отырған идеологиясын, ұстанған бағытын, оқып жүрген оқулықтарын, діни наным-сенімдері мен өмірге көзқарасын, әдістемесі мен тәрбиелік стандартын қатаң қадағалауға алу артықтық етпес еді деген ой келеді. Таяуда бір жиында болашақ ұрпақтың тағдырына алаңдаған абыз ақсақалымыз Жарылқасын Әзіретберген: «Қазір мектепті қоғамдық ұйымнан бөліп тастады. Егер сіз оқушылармен кездесу сұрасаңыз, екі сабақтың ортасында отыз минут қана уақыт бар», – дейді. Еркін сөйлеспеген соң жарты сағатта не айта аласыз?» – деген әңгіменің ұшығын шығарды. Сонда қоғамнан бөлінген ұрпақ ұлттық дәстүр нәрін қайдан алмақ? Қазыналы қарттар тәрбиесін көріп, халқымыздың санасын бойына сіңірген ұрпақтан айырылып қалмайықшы!..
Роза НАРЫМБЕТОВА,
Түркістан.