Inicio Білім ТҮРКІСТАН: МҰҒАЛІМНІҢ БЕДЕЛІ ІЗДЕНІСПЕН КӨТЕРІЛЕДІ

ТҮРКІСТАН: МҰҒАЛІМНІҢ БЕДЕЛІ ІЗДЕНІСПЕН КӨТЕРІЛЕДІ

Кезінде Шоқан Уәлиханов «Әр халықтың өркендеп дамуы үшін алдымен азаттық пен білім керек», – деген екен. Шындығында Қазақстан Тәуелсіздік алғаннан кейін ғана ұлттық мектептеріміздің іргесі көтеріле бастады. Кеңес кезінде де білімге жақсы көңіл бөлінді. Алайда, аса қажетті кітаптардың дені орысшадан аударылатын.

Қазір елімізде электронды кітаптар да көптеп шыға бастады. Үнемі ізденіп білімін талмай жетілдіріп отыратын ұстаздардың орны қашанда төрде. Мектеп тарихы-ел тарихы. Мектеп –қоғам өзгерістерінің тікелей көрінісі. Сол көріністің көшбасшысы. 1950-1951 жылдары мектеп қазақ-өзбек бастауыш мектебі болып ашылды. Балаларды Омаров Саруархан деген кісі оқытады. 1955 жылы 9 колхозды біріктіріп, «Коммунизм» колхозы құрылады. 1956 жылы өзбек балалары Калинин (қазіргі Хамза) атындағы мектеп колхозына көшіріледі.

Сабақ берген ұстаз Әлмұханбетов Әбіл болған. Мектеп жайы 5 бөлмеден тұрады. 1965 жылы мектептің аты «ХХІІ партсьезд» мектебі болып аты өзгертіледі. 1977 жылы мектеп директоры Әлмұханбетов Әбіл зейнеткерлікке шығып,оның орнына Шағырбаев тағайындалған. Жыл сайын бала санының өсуіне байланысты сынып бөлмелері қосыла берді. 1984-1993 жылға дейін мектепті ұлағатты ұстаз Баялиев Тоқтасын басқарған. Ұстаздардың ұстазы Тоқтасын Молдаәліұлы қоғамдық және ауылшаруашылық жұмыстарға белсене араласты. Мектеп ауласына көгалдандыру, жеміс-жидек ағаштарын отырғызуды ұйымдастырды. Жаңа ғимараттың мектепке берілуіне зор үлес қосты.1993-2010 жыл аралығында мектеп директоры болып Исатаев Ибадулла еңбек етті. Исатаев Ибадулла мектепті қала көлеміндегі алдыңғы қатарлы үлгілі оқу орнына айналдыру мақсатында үздіксіз ізденіп, қазіргі заман талабына сай көптеген істер атқарды.

1996 жылғы 1 наурыздан бастап, осы ауылдан шыққан Социалистік Еңбек Ері Майшай Әбенқызының есімі берілді. Исатаев Ибадулла жас ұрпақты оқыту мен тәрбиелеу ісіндегі елеулі табыстары үшін, Қазақстан Республикасының «Білім Беру ісінің» үздігі төсбелгісімен және Қазақстан Республикасының Білім министрлігінің «Ы. Алтынсарын» атындағы медалімен марапатталған. 2010-2012 жылдар аралығында Мұстафаев Тауасар мектеп директоры қызметін атқарды. Көпжылдық педагогикалық басшы қызметінде ол оқу-тәрбие ісінің қай саласында болмасын іскерлік, ұйымдастырушылық қабілетімен көзге түсіп, өзінің еңбекқорлығы мен жаңашылдығы арқасында оқушылармен, мұғалімдермен өмір талабына сай жұмыстар жүргізді. 2012 жылдың қазан айынан 2015 жылға дейін мектепте Макашева Гүлмира Нәлдібекқызы директорлық қызмет атқарды. 2015 жылдың маусым айынан бастап мектеп директоры қызметін Тулеуова Эльмира Тілеуханқызы жалғастыруда. Мұғалімдердің жұмыстарын ізденістерін қорыту, оны практика жүзінде іске асыру және озық тәжірибені тарату мақсатында бірнеше аймақтық, қалалық ғылыми-практикалық семинарлар ұйымдастырды. Ұстаздардың теориялық және әдістемелік тәжірибесін жетілдіруді үнемі назарда ұстап, мектеп ішілік бақылау мен басшылықты дұрыс ұйымдастырудың нәтижесінде ынтымағы берік, ұйымшыл ұжым қалыптастыруға қол жеткізіп жүр.

Қазір мектепте 848 бала оқиды. Мұғалімдер саны – 88. Барлығы да жоғары білімді. Жоғары санатты – 13, І санатты – 25, ІІ санатты – 33 мұғалімдеріміз бар. Оқыту тілі – қазақ тілі, интернет жүйесіне қосылған. Лингафон кабинеті – 2000 жылы, мультимедия кабинеті – 2005 жылы орнатылған. Арнайы кабинеттер – физика, химия, биология кабинеттері 2005 жылы ашылған. Мектеп маңына «Жасыл ел» бағдарламасының орындалуы бойыншы 200 дана жеміс ағашы, 300 дана терек, 98 арша көшеті отырғызылды. Бүгінде көптеген оқушыларымыз жоғарғы оқу орындарына түсуде. Біз өз түлектеріміздің бір де бірінің жаман атын естігеніміз жоқ. Олар тамаша мәдениетті, ұлттық намысы мол азамат болып қалыптасып, егемен еліміздің өсіп өркендеуіне өз үлестерін қосуда. Біз олармен мақтанамыз. Біз оларды мақтан етеміз және оларға нық сенеміз.

Біздің басты мақсатымыз да, еңбегіміздің басты мұраты да осы деп білеміз. Мектебіміз егемен елімізбен бірге жарқын болашаққа нық қадам баса бермек. «Ұстаз болу жүректің батылдығы» деп ақын жүрегі жырлағандай, алдына келген сан шәкірттің санасына білім, жанарына нұр, бойларына жігер берерлік түрлі іс – шаралар өткізіп, өмірдің үлкен арнасына жетелеп келе жатқан мектебіміздің ұстаздарына тоқтала кетсек, олар: Б.Боранбаева Ш.Әбдірова, Б.Әнгірбаева, Б.Ақылбеков, Е.Аймырзаев, А.Жұманова (Ы.Алтынсарин медалінің иегері), Ж.Жұмаділлаева, А.Іскендірова, Г.Мамбетаева, Н.Құрбанова, Л.Құлбаймбетова, Т.Меңдібаева, А.Раймбетова, Е.Байжанов, Б.Сұлтанқұлова, Ж.Молдабекова, К.Сейтханова сияқты ұстаздар бүгінгі жас шәкірттерге білім беруде. Жоғарыда аталған ұстаздар қауымы бүгінгі күні еңбек етіп келе жатқан ұстаздар болса, бұл қауымға дейін де еңбек етіп, мектеп негізін қалауға зор үлес қосып, білім нәрін себу жолында аянбай тер төгіп қазіргі таңда зейнеткерлікке шыққан ұстаздарды атап өтсек, еңбектерінің ақталғаны болар. Олар: Ә.Байболов, М.Оспанова, Т.Өмірбекова, Р.Сәбенова, Ұ.Жүргенбаева Ұ.Бегалиева (Білім беру ісінің үздігі), А.Усманова.

Мектепке келген үлкен де кіші де ең алдымен жақсы психологиялық климатты байқайды. Біз әрбір балаға, тек балаға ғана емес ересек адамға да өзіміздің көмек, қолдауымызды аямаймыз. Мектептің әдістемелік құрамына 10 пән бірлестігі кіреді. Ұйымдастырылған құрылым мұғалімдердің білімін, кәсіптік деңгейін, шеберлігін жетілдіру мақсатында жасалады. Әдістемелік кеңестің және бірлестіктердің жоспары бойынша пән апталықтары және арнайы семинарлар ұйымдастырылып, ашық сабақтар, сабақтан тыс іс-шаралар өткізілді. Осы өтілген апталықтарда біз мұғалімдердің жаңа педагогикалық технологияларды қалай меңгергенін, теориялық, практикалық дайындықтарын оқыту және тәрбиелеу ісіндегі тиімді әдістердің игерілуін, шығармашылықпен еңбек етуін, ұмтылыстарының артуын бақылай алдық. Биылғы оқу жылында мұғалімдер кәсіптік деңгейін көтеру мақсатында біліктілігін жетілдіру үшін арнайы курстарға жіберілді. Әрбір оқушымен ҰБТ-ке дайындық жұмысы ерекше мектеп әкімшілігі тарапынан қадағаланып отырады. Мектепте ҰБТ-ке дайындық барынша жақсы жолға қойылған. Мектептің басшысы Г.Макашева мен оқу ісі орынбасары Т.Меңдібаева бітірушілерді ұлттық бірыңғай тестке дайындығын арттыру мақсатында өлшеусіз жұмыстар атқаруда. Мұғалімдердің оқушыларды ұлттық бірыңғай тестілеуге дайындау тәжірибесі өз нәтижесін беруде. Биылғы оқу жылындағы ұлттық бірыңғай тестілеу қорытындысы бойынша 3 оқушы «Алтын белгі» иегері атанып, оқушылардың орташа балы – 83,0 болды. Өткен оқу жылымен салыстырғанда жоғарылағаны көрініп тұр. Қорыта келсек өткен оқу жылында мектеп ұжымы білім беру саласына өз үлесін айтарлықтай қосты деп айта аламыз.

Жетпіс жылда мектеп қаншама түлектерді ұшырды. Олардың көбі мемлекет құрамында жоғарғы орындардан көрінеді. Жастардың өзін айтсақ Ибрагимов Жанболат – қала әкімінің орынбасары, Рысбекова Мадина- қалалық білім бөлімінің әдіскері, Бабажанова Жанат- қалалық қаржы бөлімінің бас есепшісі, Алдабергенов Асқар- Оңтүстік Қазақстан облыстық ұлттық қауіпсіздік комитеті қызметкері, Тұңғышбаев Ерұлан- Түркістан қаласы әкімінің аппарат қызметкері. Бұлардың барлығы да өздерінің түлеп ұшқан мектебіне жиі ат басын бұрып, ұстаздар қауымын қошеметтеп отырады. Бұл әрине мұғалімнің мәртебесі күн санап көтеріліп келе жатқандығын көрсетеді.