Міндетбаев Амангелді Міндетбайұлы, 1942 жылы Майдантал ауылы, «Қаражон» елді мекенінде дүниеге келді. Есімін әкесі ырымдап, сұрапыл соғыстан аман келейін деген ниетпен Аманкелді деп қоюын ұрыс алаңынан жазған хаты арқылы өтінген екен. Сұм соғыс әкесін алып кетсе де, Амангелді Міндетбайдың өмір жолы, қалдырған ізі шүкір, өшкен жоқ. Батырдың жолын жалғар ұрпағы, тектінің тұяғы жалғасып келеді.
Мектеп бітірген соң, 1960 жылы Түркістан аудандық байланыс кеңсесінде телеграфист болып бастап, бір жылдан соң 3-ші разрядты морзист-телеграфист жұмысын атқарды. Семей қаржы – экономикалық техникумында білім алып, «Бюджет есебінің бухгалтері» мамандығы бойынша аяқтап шықты. 1964-1966 жылдар аралығында Түркістан аудандық медицина бірлестігінде есепші қызметін атқарды. 1966 жылы білім саласына келіп: әуелі аудандық оқу бөліміне қарасты ХХ Партсъезд сегіз жылдық мектебінің есепші қызметін атқарды. 1967 жылы аудандық оқу бөліміне ауысып, одан орталықтандырылған бухгалтерия бөлімінде есепші болып, кейін бас есепшінің орынбасары, сонан соң бас есепшілік қызметінде болды. Сонымен қатар, білім бөлімінің кәсіподақ саласының есебін де қоғамдық негізде 1972 жылдан бері қоса атқарып келді. 1997 жылы Түркістанның аудандары мен қаласының біріктірілуіне байланысты Түркістан қалалық білім бөлімінің бас есепшісі қызметін атқарды. 2007 жылдан құрметті зейнеткерлікке шығып, қалалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподақ кеңесінің ұсынысымен кеңестің бас есепшісі болып тағайындалып, он жылдай осы қызметті атқарды. Қалалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподақ комитеті жанынан құрылған ардагерлер кеңесін басқарды. Марапаттарына тоқталсақ, ҚР Білім және ғылым министрлігінің «Еңбек ардагері» медалімен, облыстық білім департаментінің бірнеше «Құрмет грамоталарымен», облыстық қаржы басқармасының «Социалистік жарыстың жеңімпазы», «Кәсіподаққа сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісімен, « Ел ардақтысы» медалімен, ҚР Білім және Ғылым қызметкерлері республикалық кәсіподағының «Құрмет грамотасымен», марапатталды. Түркістан қаласының «Құрметті азаматы» атанды.
Амангелді Міндетбайұлы жұбайымен бірге екі қыз, төрт ұл өсіріп, бүгінде әрқайсысы еліміздің әр түкпірінде кірпіш боп қаланып, еңбек етуде. Соңынан ерген немерелерінің алды бүгіңде шетелдерде қызмет етіп жатыр. Атап айтсақ, АҚШ-та GOOGLE компаниясында IT қызметкері, Kaspi.kz -бағдарламашы, Корея мемлекетінде, Чехия астанасы Прагада оқуларын жалғастыруда. Қазақстанда Назарбаев университетінде, Астана NURORDA мектебінде, Түркістан Білім Инновация Лицейінде, Greenschool мектептерінде білім алуда. Мақтауға да, мақтануға да тұрарлық перзенттері бар Амангелді Міндетбайұлының өмірдегі миссиясы орындалды десе дегендей. Амангелді Міндетбайұлы есеп-қисапты жетік меңгеріп қана қоймай, қолының босаған сәтінде қолына қалам алып, туған жер, Отан, табиғат туралы жүрекке жетер сыршыл өлеңдерін жариялап келеді. «Сауран» газетінің оқырмандарына ел ішінен шыққан тума талант Амангелді Міндетбайұлының бірнеше өлеңдерін ұсынамыз.
КЕСЕНЕ БОЛСА ЕКЕН МҰРАЖАЙҒА
Тұла бой тұнып тұрған сырлы Сауран
Көтерсең қатпарынан нұр тараған.
Ұрпағың тілдесуге енді шықты
Ізімен өткен өмір бабалардан.
Ибата Иқанменен Ынтымағым,
Қарашық, Жүйнекпенен Ораңғайым,
Яссымен, Үшқайығым Шорнағыммен
Бабайым, Жібекжолым Майдамталым.
Аталған аттарымен сыр аңғартар
Қызыққан аттарына ұрпағың бар.
Сыр берер өмірінен бабалардың
Қойнауы сырға толы мұражайлар.
Аумағын кім білмейді Сауранымның
Үмітін жайып салдым ойларымның.
Сыры көп ауданымның қойнауында
Бабалар ұрпақ үшін қымтағанын.
Қаншама мақтан етер батырлар бар,
Танымал елімізге ғалымдар бар.
Құр емес қай саланы алсаңдағы
Жазушы лауазымды даналар бар.
Қазаққа еңбегі бар ел басқарған,
Еліне тілеулестік батасы бар.
Намысын қазағының биік қойған,
Нұртастай Оңдасынов атамыз бар.
Ел үшін қайсар мінез аянбаған,
Бойында жігерлілік жалындаған.
Кім білмес Оразбеков Нұрмаханды,
Елімде баспасөзді ол басқарған.
Ұлы отан соғысының батырлары
Тарих қойнауында жатыр бәрі.
Танымал бүкіл одақ көлеміне
Тыныштық бар әлемге шақырады.
Жаулары көрінгендей теңіз көкшіл,
Құрманбай Ырысбеков мінез өршіл .
Жүрекке жігер беріп қайраттанса
Қасиет пайда болар мінез кекшіл.
Көтермес сабырлықты кескілесте,
Аянбас мінез екен Расул Исетовте.
Қопарып Қаратауды қақ жарғандай,
Қайсарлық Абдулламыз Үсеновте.
Айқасса найзағаймен жол таңдамас,
Батырын туған жерде кім танымас.
Қайратты Файзулладай Юлдашев бар,
Қайсарлық қуатпенен еш қайыспас.
Қанмайдан ортасында ерлігі бар,
Бәрінің жеке дара дерегі бар.
Еліне ескірмейтін асыл тастар,
Демеңдер енді кімге керегі бар.
Көп еді Еңбек ері әр саладан,
Ұрпағы ерліктерін қайталаған.
Егінші, қойшыменен жылқышылар,
Одақтың көлеміне айғақталған.
Жарыста социалистік еңбек ері,
Әлемге бүкіл одақ әйгіленді.
Майшайдай Әбенова апамызбен,
Тұрсынбай Сауранбаев мәртебелі.
Толыш-тай Әсілбекова анамыз бар,
Дүйсенбай Оразымбетов атамыз бар,
Қонысов Бейсенбайдай еңбекші бар
Осылар мақтаныш боп есте қалар.
Құжаттар түгелденіп сақталатын
Дерегін тарихтан ала-алатын.
Мұражай жыйынтығы болса екен
Келешек ұрпағымыз мақтанатын.
Деректер Мұражайға сұранып тұр,
Тарихи дүниелер құралып тұр.
Білдіме ұрпағының ойланғанын,
Дауысы Бабалардың ұрандап тұр.
Азамат қабыл көрсе ел басқарған,
Жайылар жүректерде ақ дастархан.
Бабалар жүріп өткен жолдарына,
Ұрпаққа болар еді көңіл дархан.
Айналар мәдениет ошағына,
Өлшемін өркендетер заманына.
Ағымын айғақтайтын тіршіліктің,
Кесене болса екен Мұражайға.
ҚОЙЫЛСА ТАҢБА БАСЫП МАҢДАЙЫНАН
Қызықпадым байлыққа көңілім боп,
Аларым жоқ ешкімге берерім жоқ.
Базарлаған барыммен өмірім бар,
Сондықтанда өзіме көңілім тоқ.
Келген емес дүние артық маған,
Ақ жүрегім сондада жарқылдаған.
Тапшылықпен дос болып жүргенім көп,
О бастан ақ бермеген жартып маған.
Бармен жоққа үйренген жан боп өстім,
Жүргенім сабырлықпен көмпістігім.
Пір тұтып туыс бауыр қазағымды,
Келемін арасында ұлы көштің.
Ісіңді бітірмеуге созып тұрса,
Күдігің үмітіңнен озып тұрса,
Сезініп жан дүниеңмен қорланасың,
Қазағың қазағыңды мүжіп тұрса.
Кімде кім асып кетсе қанағаттан,
Құтылмас өмірінде жаман аттан.
Табылса ел ішінен ондай жемқор,
Қойылса таңба басып маңдайынан.
ҚҰЛҚЫНДЫ ОЯТАТЫН ҚОШЕМЕТ БАР
Әркімнің көтерілер тұғыры бар,
Қарағым мұны еске ұғынып ал.
Зәуіммен көтерілсе лауазымың,
Отырар креслоңның құлқыны бар.
Жүретін жасырынып қауесет бар,
Бітер істің бәрінде бір есеп бар.
Төменнен жоғарыға сәлем беріп,
Құлқынды оятатын қошемет бар.
Бауырға бұра тартар бүйрек екен,
Құлқынға осы бүйрек керек екен.
Жер болса бұра тартар көмейіңе,
Алдынан жан өткізбес зерек екен.
Осындай есептерді білемісің,
Өткенін көз алдыңнан көремісің.
Сақтай ма сақтамай ма заңдылықты,
Байқарсың жоғарыдан дәудің күшін.
Дәулердің жүріп тұрған дәурендері,
Маңына түссе дейміз сәулелері.
Құлқынның қылығына тап болғанда,
Дәулердің қателігі дәу келеді.
Көрінбей көпшіліктің құрамында,
Бұл бүйрек бауырына бұрады ма.
Қоныш бас қолдан келсе деген сөзге,
Иланып мәңгілікке тұрады ма.
ШЫҚСА ЕКЕН АЗАМАТ
ЕЛІМ ДЕГЕН
Нашарын лағының теке қоймас,
Жігіттің бойдағының есі болмас.
Осылай ойлап пішкен бабаларым,
Қазақтың өмірінде кемдік болмас.
Тәуірін лағының теке қойған,
Текесі тәуірлікпен қой бастаған.
Тірлігі қазағымның оңға басып,
Жағдайы шаруаның ой қостаған.
Бәрінде бабаларым болжай білген,
Текені қошқарымен сайлай білген.
Осылай шаруаның жайыменен,
Болашақ өмірінде ойлай білген.
Бұл күнде бұл пікірді қостамаған,
Өзінше бір жаңалық жоспарлаған.
Ұрғанда құламаса қалпақпенен,
Тұғырға туыстарын отырғызған.
Тәуірі қошқардың да текенің де,
Керек емес бұл күнде шенеунікке.
Қабілет қарымыңа қараған боп,
Жүресің ақшаң болса жетегінде.
Ойлағанда құлқынды кенеу кеткен,
Құлқынымен бәрінде жеделдеткен.
Мансапты лауазымды орындарға,
Сүйреген туыстарын шенеуніктер.
Тани алмай қой бастар текені де,
Жеке бастың келеміз жетегінде.
Шықса екен азамат елім деген,
Жерім деген қазақтың келбетіне.
Абыройға қазаққа маңдай берген,
Қой күзетер иттіде таңдай білген.
Елің үшін елжірер азаматтар,
Қазағыма қазағым қайдан келер.
ЖАСТЫҒЫҢ МЕН ҚАРТТЫҒЫҢДЫ САЛЫСТЫР
Алма мойын қыпша белдер баяғы,
Сары қарын ауыр тартқан аяғы.
Жетектеген немере мен шөбере,
Жарасады қолдарында таяғы.
Бір кездегі қутыңдаған жігіттер,
Күш-қуатқа болмас еді күдіктер.
Бұл күндері уақытқа көндіккен,
Үндемейтін қара бура түртіп көр.
Жастықпенен тып-тып басқан қадамы,
Ынтықтырып қытықтаған сананы.
Сол күндердің ізі қайда бүгінде,
Маң-маң басып қазға ұқсап барады.
Мөлдіреген сұлуларды көзкөрген,
Жігіттерің сұлу көрсе тербелген.
Мәңгілікке өзгерместей сол кезде,
Бұл күндері қандай болып өзгерген.
Отыру мен тұруында сыры бар,
Бұл сырқаттың ешкім білмес жыры бар.
Қартайғанда келер екен бұл сырқат,
Ал ендеше мен айтайын ұғыңдар.
Отырғанда тізем-ай деп ойбайлар,
Тұрарында белім-ай деп айқайлар.
Тұруменен отырғанда ышқыну,
Ал ағайын мұндай ауру қайда бар.
Ойбайлайды отырарда тізем деп,
Айқайлайды тұрарында белім деп.
Тұрып алса бір жамбасқа сүйеніп,
Жүре берер бір мықынмен күлімдеп.
Құрдастардан кімдер қалды замандас,
Іздеп тауып бір-біріңмен хабарлас.
Отты көзің, шоқты кезің баяғы,
Кешегідей көз алдыңнан тарқамас.
Өмір деген күнделікті тартыс бір,
Өткенің мен жеткеніңді жарыстыр.
Ақыл-ойдың кемелі бар әр кезде,
Жастығың мен қарттығыңды салыстыр.
СЕКСЕНІМ СЕНДЕР БАРДА СЕСКЕНБЕЙДІ
Жігіттер мақтанамын қараңыздар,
Ақсақал ортасында он бір тұлпар.
Қадірменді замандас інім едің,
Жарасар сыйластыққа Орынбасар.
Ортада топ жетекші Сәуірбайым,
Түгелдеп жүретұғын түрен жайын.
Сөзіне берік болған ұстаныммен,
Сөз айтса әрқашанда өрге дайын.
Сыйластық Оразбенен жөні бөлек,
Жүрер ек әкімдіктен көңіл демеп.
Ақ-көңіл жайма шуақ құдіретпен,
Өткізер әрбір ісін ойдан елеп.
Ауылдан бір інім бар Балтабайым,
Ешқашан бұл інімді аттамаймын.
Сыйласар мінезі бар тұрақтылық,
Танысын танымасын жатқа дайын.
Ұнменен бидай санап Пазылменен,
Жүріп ек әкімдікте қарызбенен.
Төленбей төлем ақы, жәрдем ақы,
Ақша жоқ әлек болып бидайменен.
Білетін бітер істің ықтиярын
Ертеден сыйлас болған Бақтиярым.
Жақсыны жарастырып жан сырына,
Қоймайды артық етіп сұрақтарын.
Ақ көңіл арқа жарқа көңіл дайын,
Сыйласқан бір інім бар Өміртайым.
Ортадан намыс үшін аянбайтын,
Бәрінің таба білер болар жайын.
Қадірлі сыйлас болған Құрманбайым,
Толғантып жүрген едік өмір жайын.
Өлеңді өзің жазған оқыған соң,
Қатарда өздеріңмен тұрғандаймын.
Айтайын бір інімді Серікбайым,
Меңгерген тіршіліктің өмір жайын.
Жүзінде ізгіліктік ибасы мол,
Әрқашан жүрегінде орын дайын.
Жігіттің бірегейі таза жүрген,
Қызметтес болған едік Базарқұлмен.
Кезіне тапшылықтың тап келгенбіз,
Атқарған жұмысымыз бірлікпенен.
Хабары болғандықтан байланыстан,
Бәрінде жігіттердің даусын қосқан,
Қарамай саулығына Ақылбегім
Кірісіп жүре берер ойланбастан.
Құттықтаған жігіттер сексенімді,
Сезіндім өздеріңнен ескен желді.
Бәріңе тілек еттім бар жақсыны,
Сексенім сендер барда сескенбейді.
Бәріңе әрқашанда тілеулеспін,
Абырой, құт-береке келе берсін.
Шаршамай ұзақ жасқа шалдықпайтын,
Көріңдер бар қызығын жүз онбестің.