Inicio Білім ТҮРКІСТАН: ҰЛАҒАТТЫ ҰСТАЗДАР – ҰРПАҚ ҰЙЫТҚЫСЫ

ТҮРКІСТАН: ҰЛАҒАТТЫ ҰСТАЗДАР – ҰРПАҚ ҰЙЫТҚЫСЫ

Нина Василийқызы Украинская қаламыздағы Н.Төреқұлов атындағы (бұрынғы Никитин) жалпы орта мектебінде 33 жыл бастауыш сынып мұғалімі қызметін атқарған ұлағатты ұстаз. Дана халқымыздың «Сыры кетсе де сыны кетпеген» деген қағидалық теңеуі биылғы 9 мамыр күні 86 жасқа келетін Нина Васильевнаға арналып айтылғандай. Иінін тік ұстап, бізді күлімсіреп қарсы алған Нина әжейге қарап осындай ой түйдік.

– Мен 1936 жылы 9 мамыр күні Ресей елінің Ленинград қаласында дүниеге келдім. Зұлмат соғыстан кейінгі қиын жылдар болатын. Қазақ еліне мені өмірлік жолдасым Геннадий Украинский алып келді. Бұл 1958 жыл болатын. Бізді жатсынбай қарсы алған қазақтарға мың алғыс айтамын. Қазақ халқы қонақжай, кеңпейілді, бауырмал болады. Маған осы қасиеті қатты ұнайды. Леонид, Сергей есімді екі ұлым бар. Жолдасымның өмірден өткеніне біраз жыл болды. Мен үлкен ұлым Леонид пен келінім Любаның қолында тұрамын. Келінім Люба қаламыздағы №31 балабақшада тәрбиеші болып істейді. Екінші ұлым Сергей Ресейде тұрады. Қазақ еліне, халқына мың алғыс айтамын, – деп өз өміржолын бір сәт ой елегінен өткізген Нина әжей қазақ еліне келгеніне өкінбейтінін, қайта осындай кең өлкеде тұрып жатқанын мақтаныш ететінін жеткізді.

Біздің елдің салт-дәстүрі орыс халқына да әсер бергендей. Олай деріміз, көбіне ұлдары үйленісімен бөлек тұрады деп еститінбіз. Ал, Нина әжей үлкен әулеттің басын құрап отырған қария. Үлкен ұлы Леонид еңбегінің зейнетін көріп отырған 66 жасқа келіпті. Леонид пен Любаның екі қызы мен бір ұлы бір-бір шаңырақтың иелері. Нақтырақ айтар болсақ, Нина әжей ұлы Леонид пен келіні Люба, немересі Геннадий мен немере келіні Анжелика барлығы бір шаңырақ астында тату-тәтті тұрып жатқан бақытты отбасылар. Нина әжейдің шөбересі София да мектеп жасына жетіп қалыпты.

Осы арада тағы бір риза болғанымыз Нина әжейдің ұрпағын жалғастырып отырған келіндерінің ұйыған айрандай игі тірліктері. Екеуі де ұршықтай иіріліп, үй-тірліктерін ширақ қимылдарымен атқарып жатқандары. Люба да, Анжелика да қазақ тілін жетік меңгеріпті. Әсіресе, Анжеликаның қазақы мақал-мәтелдерді қолдана отырып сөйлегеніне таңғалысымызды жасырмадық. Біздің таңданысымызды байқаған Анжелика: – Таңданудың қажеті жоқ деп ойлаймын. Мен Түркістанда туылдым. Ал, Түркістанда туып-өскен өзге ұлт өкілдерінің барлығы да қазақ тілін жақсы біледі. Қаламыздағы гуманитарлық-техникалық колледжде білім алдым. Қазіргі таңда жаңадан ашылған «Зерек» балабақшасында тәрбиеші болып еңбек етудемін. Тіл білгенімнен тек жақсылық көріп келемін. Қазақ тілін терең деңгейде білетіндіктен, менің болашағыма жақсы әсерін тигізетініне сенімдімін. Болашағымның қазақ тілінде екенін де білемін. Сол себепті, орыс болғаныммен жаным – қазақ. Жүрегім «қазақ» деп соғады.

Мен әр ортаға оңай сіңісіп кете аламын. Менің ойлау қабілетім қазақша. Өйткені, менің ортам қазақтілді болды. Достарым қазақтар болды. Қазір екі тілді де қатар ұстап жүре аламын. Өзге тілдерді үйрену маған қиын соқпайды, – дейді Анжелика.

– Тәуелсіз Қазақстан елінде 130-дан астам ұлт өкілдері бір тудың астында тату-тәтті ғұмыр кешіп жатырмыз. Көпұлтты елде тұрып жатқан біз – өте бақыттымыз. Және ұлтаралық ешқандай мәселелер қозғалып жатқан жоқ. Аллаға шүкір, тіл көзден сақтасын. Қазақ елін өзіміздің Отанымыз деп мақтан тұтамыз. Менің ойымша, бұл мейрам – менің елім, менің Отаным деген әрбір адамға патриоттық сезімді оятуға ықпалы көп. Шыны керек, бұл мейрамды асыға күтеміз. Себебі, бұл мереке өте маңызды, әрі адамның жүрегінде мәңгілік сақталады. Сонымен қатар мерекені әрдайым дәстүрге айналдырып, «Рухани жаңғырумен» байланыстырсақ. Сондай-ақ мектеп табалдырығынан бастап, жоғары оқу орындарында осы мейрамның маңыздылығына қатысты көптеген насихаттар жасалса, игі бастама болар еді. Өйткені әрбір жастардың бір-біріне деген көзқарастары жат болмаса деп ойлаймын. Жастар біздің болашағымыз. Ертеңгі елді басқаратын да осы – жастар. Халықаралық ынтымақ, бірлік күні болған соң, бір-бірімізге деген достығымыз, бірлігіміз, ауызбіршілігіміз арта берсін және болашақта ұрпақтан ұрпаққа жалғаса берсін деп тілейміз, – деп Қазақ еліне алғыстарын жеткізді Нина әжей мен келіндері.

Ұлы Абайдың «Адамзат­тың бәрін сүй бауырым деп» деген өсиетімен сан ұлтты бір арнаға тоғыстырған қазақ жері бейбітшілік ме­ке­­ніне айналған. Осынау бейбітшілік мекеннің жергілікті халқымен татулығы жараса бақытты ғұмыр кешіп, екі ұлынан 5 немере 1 шөбере сүйіп отырған Нина әжейге жүз жасаңыз, – деген ақ тілегімізді айттық.

Халқымыздың «аузын ашса жүрегі көрінеді» деген тәмсіл сөзі бір көргеннен бауырмашыл қасиетімен баурап алған Минираға да арналып айтылғандай. «Жақсының жақсылығын айт нұры тасысын» дегендей, бүгінгі жазбамызда ақжарма мінезімен бізді қайран қалдырған Минира туралы да ой толғамақпыз. 

Минира 1962 жылы 16 шілдеде Түркістан қаласында туылған. Ресей елінің Кемеровск мемлекеттік университетін бітіріп, математика пәнінің мұғалімі мамандығын алып шыққан. Өзі түлеп ұшқан алтын ұясы – Некрасов атындағы №9 мектеп-гимназиясында математика пәнінен сабақ беріп жатқанына да 35 жыл болыпты.  Минира Осы жылдар аралығында оқытудың жаңа мазмұнын жасап, оқу-тәрбие үрдісін жаңаша пайдаланудың тиімді екенін өзінің іскерлік қабілетімен көрсеткен ұлағатты ұстаз.

Раджапова Минира республика, облыс, қала көлемінде педагогикалық шеберліктің жоғары үлгісін көрсеткен өз ісінің  майталманы. Атап айтсақ, 2014 жылы Республикалық ғылыми-әдістемелік, педагогикалық «Мектеп» журналының Оңтүстік Қазақстан облысындағы талантты педагог қызметкерлерді анықтау және ең тиімді жұмыс жасайтын мұғалімдердің озық  іс-тәжірибелерін тарату мақсатында ұйымдастырған «Үздік мұғалімнің үздік сабағы» байқауына қатысып, үздік ашық сабақ үлгісін ұсынып, үлес қосқаны үшін және облыс көлеміне таратылатын кітапқа енгені үшін марапатталды. Сонымен қатар, облыстық  білім басқармасы, қалалық білім бөлімі тарапынан бірнеше дүркін алғыс хаттар мен мақтау грамоталарын алған жоғары санатты ұстаз. Педагогикалық еңбек жолында 1996-2004 жылдар аралығында мектеп директорының орынбасары қызметін де абыроймен атқарған. 

Минира  мектептен тыс іс-шараларды да жандандыра жүргізеді. Атап айтсақ, «Математикалық шайқас», «КВН», «Айтыс», «ХХІ ғасыр  көшбасшысы» жәнет т.б. тақырыптарда  өткізген  сабақтан тыс сағаттарында  миға шабуыл, логикалық пікір, математикалық викторина, ойға саяхат, жобалау, көзбен шолу сияқты интерактивті әдістерді өте жоғары деңгейде  қолдана білді.  Оқушылары жыл сайын өткізіліп жүрген  дәстүрлі республикалық «Ақбота», «Кенгуру»  білім сайыстарына белсене қатысып, жүлделі орындарды иеленіп келеді.  Математика пәнінің жоғары санатты ұстазы шығармашылықпен жұмыс жасайды. Оның бүгінгі күнге дейін жеткен жетістіктері шығармашылықпен ізденген еңбегінің жемісі.

Өте ізетті, инабатты, мәдениетті, мейірімді Минираның бойынан қазақы тәр¬биені байқауға болады. Өзге ұлт өкілі бола тұра, қазақ тілін туған ана тілінің егізіндей қатар алып, бала кезінен мемлекеттік тілде  сөйлеп өсіпті. Содан болар,  мақал-мәтелдің майын тамызып, сөздің шырынын ағызып сөйлейді. Қазақ тіліне деген құштарлығы қазақша әдебиеттерді көп оқуынан да байқалады.

-Мен Некрасов атындағы №9 мектеп-лицейде 10 жыл білім алғанмын. Жоғары оқу орнын бітіріп келісімен, алғашқы еңбек жолымды да өзім түлеп ұшқан  білім ошағынан бастадым. Міне, сонау 1987 жылдан бері Некрасов атындағы №9 мектеп-гимназиясында еңбек етіп келемін. Шынымды айтсам, өмірімнің 43 жылдан астам уақытында бір дарбазадан кіріп-шығамын. Олай дерім, үйімнің дарбазасы мен алтын ұя білім ошағымның дарбазасы ортасында өміржолымның өрнегі қаланды.

 Біз жанұямызбен 4 тілді еркін меңгергенбіз. Өйткені әкем татар, анам башқұрт болғандықтан, бұл екі тілді  өз ана тіліміз ретінде біліп өстік. Қазақ елінде өмір сүріп жатқандықтан, бала кезімнен қазақ тілін білуге құмарттым. Ал, мектепте орыс тілінде білім алдым.  Мектеп қабырғасында қазақ тілінен сабақ берген ұлағатты ұстазымыз Тілеуберген Тілемесұлына алғысым шексіз. Бізге қазақ тілінің бай орфографиясын түсіндіріп,  мемлекеттік тілде таза акцентсіз сөйлеуімізді қадағалап отыратын. Шынында, қазақ тілі мен әдебиеті пәнін Тілеуберген ағай керемет түсіндіретін. Біздің қазақ тіліне деген сүйіспеншілігімізді арттырып, қолымыз бос уақытында көркем әдебиет оқуымызды талап ететін.

Содан да болар, бүгінде барлық жанмен  қазақша сөйлесемін. Тіп¬ті, мені татар қызы деп ешкім ойла¬май¬ды. Қазақ деп ойлап қалады. Өзге тілде сұраса да, қазақша жауап беремін. Себебі біз осы елде туып өстік. Отанымыздың гүлденуі үшін қазақ тілінің болашағына бейжай қарамауымыз керек. Әрбір жас қанша көп шет тілін білсе де, мемлекеттік тілдің мерейін үстем етіп жүруі керек деп ойлаймын

Менің қазақ достарым өте көп болды. Солардың бірі әрі бірегейі Несіпкүл Өтебаевамен 30 жылдан бері тонның ішкі бауындай араласып, сыйласып келеміз. Шынында, Несіпкүл екеуміз шынайы дос болдық. Мінезі өте жақсы, мәдениетті, парасатты  досым болғанын мақтаныш етемін.  Несіпкүл екеуіміз жұмыста да, жұмыстан тыс жеке өмірімізде де өте тығыз араласып, әрдайым біргеміз,- деп жан досы, ұлағатты ұстаз  Несіпкүл Өтебаева  жайлы әсерленіп, шынайы толқыныспен айтқанда Минираның  өн-бойынан мақтаныш сезімі есіліп тұрды.

Минира жолдасы Жәудат екеуі бір ұл мен бір қызға өнегелі тәрбие беріп, өсірді. Үлкен қызы Эльвира тұрмысқа шығып, бір қызы мен бір ұлы бар. Ұлы Фарид 1994 жылы туылған.

– Туған  Отаным Қазақстанның өркендеуіне жас ұрпақтың бойына сапалы білім, өнегелі тәрбие берумен   өз үлесімді қосып келемін.  «Кең болсаң, кем болмайсың» деген қазақ халқы. Менің бойымдағы бауырмалдық, жомарттық  қасиеттері жергілікті қазақ халқынан дарыған, – деп ағынан жарылған татар қызы Минирамен тіліміз де, тілегіміз де бір болып шықты.

Бұл сірә, еліміздегі ынтымақ пен ұлтаралық достастықтың жемісі болса керек.

Ләззат САРЫБАЕВА,

«Түркістан».