Inicio Білім ТҮРКІСТАН: БІЛІМ САЛАСЫН ДАМЫТУДАҒЫ ҚАРЫШТЫ ҚАДАМДАР

ТҮРКІСТАН: БІЛІМ САЛАСЫН ДАМЫТУДАҒЫ ҚАРЫШТЫ ҚАДАМДАР

Әлемдік тарихта дербес білім беру жүйесінен айрылу кейбір ұлттық мемлекеттердің жойылуына әкеп соққан себептердің бірі ретінде келтіріледі. Яғни, халықтың, елдің болашағы, оның рухани, интеллектуалдық даму бағыты оқу жүйесіне, білімнің сапасына, білім беру мекемелерінің жай-күйіне тікелей байланысты.           

Қазақстандық білім саласының шынайы жай-күйі, кейбір теріс құбылыстардың себептері мен салдары, реформалардың пайдасы мен зияны жайында ғалым, Қазақстандағы салыстырмалы педагогика және оқулық сапасы мониторингі бағытының негізін салушы, Педагогика ғылымдары академиясының президенті Асқарбек Құсайыновтың пікіріне құлай түрейік. 

– Қазіргі қазақстандық білім беру кеңестік дәуірдің білім жүйесін мұраетіп алды. Ал, кеңестік орта білім сапасы жоғары болды деп мойындалады.  Онда неге білім сапасы төмендеп кетті?        

А.Құсайынов: Рас, Кеңес Одағында орта білім сапасы жоғары болды, ол әлемде алғашқы үштіктен орын алды. Барлық мектептерде, қазақ мектептерінде де, барлық пәндер бойынша әр сабақты жоғары деңгейде өткізуге мүмкіндік болды. Тек орта білім жүйесін қажетті оқу-әдістемелік және зертханалық құрал-жабдықтармен қамтамасыз ету мақсатында 100-ден аса ірі кәсіпорын жұмыс жасады. 

Ұстаздар әлеуеті жоғары еді, жақсы жалақы да алды. Оларға Үкімет тарапынан көптеген қамқорлық жасалды. Сондықтан ұстаздық мамандыққа көптеген талантты жастар барды, олар жақсы білім алды. Үлкенді-кішілі білім мекемелерінде өздерінің салиқалы іс-әрекеттерінің, адами қасиеттерінің арқасында халықтың құрметіне бөлене білді. 

Ол уақытта білім сапасының жоғары деңгейде болуының тағы бір себебі, білім беру саласы ғылыми негізде дамып отырды. Кеңестер Одағының Педагогикалық ғылымдар академиясы Одақтың Ұлттық ғылым академиясы деңгейінде бағаланатын, он мыңнан аса ғалымдар жұмыс жасайтын, құзырлы академия болатын. Білім саласын дамытуға қатысты Үкіметтік, министрлік деңгейлерде қабылданатын барлық шешімдер, негізінен, осы Академияның ғылыми және тәжірибелік зерттеулеріне негізделіп дайындалды. Бір сөзбен айтқанда, кеңестік білім беру жүйесі ғылыми негізде дамыды.

– Кеңестік білім жүйесінің әмбебап адам қалыптастыруға ұмтылғаны мәлім. Бұл жүйенің тағы қандай кемшіліктері болды? 

 Кеңестік білімнің де теріс тұстары болды. Соның біреріне тоқталайын. ХХ ғасырдың 80 жылдары ғылым мен техника қарқынды даму жолына түсті. Сала мамандары мен ғалымдары мектепте оқытылатын пәндердің мазмұнын сол жетістіктер негізінде толықтырып отыру қажеттігін айтып, солардың ықпалымен пәндердің мазмұны ұлғайып, тіпті жаңа пәндер де енгізіле бастады. Осындай саясаттың арқасында ХХ ғасырдың аяғында мектепте оқытылатын пәндер бойынша берілетін білім көлемі балалардың білімді меңгеру қабілетінен артып кетті. Мысалы, К.Д.Ушинский: «Біз балалардың басына ештеңеге де керегі жоқ әртүрлі қоқысты үйіп-төгіп жатырмыз, кейін адам оны өмірде қолданбайды», – деп жазды. Бірақ, одан тиісті қорытындылар жасалмады. Мұндай қателіктер білім сапасына кері әсер етті.     

Қазақстанның өз мақсат-мұратына сай жаңа білім беру жүйесін жасау жұмыстарын қолға алғанда, біз осындай келеңсіздіктерді ескеріп, алдымен білім беру саласын дамытудың ғылыми жүйесін жасауымыз керек еді. Өкініше орай, ондай жұмыстар дер кезінде атқарылмады. Біріншіден, кадр тапшылығы қатты сезілді, екіншіден,   қаражат тапшылығы қол байлау болды. Өкінішке орай, одан кейінгі жылдарда жүргізілген барлық реформалар да ғылыми негізсіз жүргізілетін болды. 

– Жылдан жылға білім беру сапасы да, тиісінше, мамандардың біліктілік деңгейі де төмендеп барады. Отандық білім сапасын көтеру үшін не істеу керек?  

– Ол үшін, алдымен,білім беру жүйесі жақсы дамыған елдерді анықтап, олар осындай көрсеткіштерге жетуде қандай ұстанымдарды негізге алғандарын білу керек; екіншіден, әлем елдерінің білім беру жүйелерін зерттеген ғылыми-тәжірибелік еңбектерді мұқият талдап, білім беру жүйесін құраушыларды анықтау керек; үшіншіден, осы құраушылар негізінде елімізде ақтарылған жұмыстарды зерделеп, қажетті қорытындылар жасау  қажет.

Біздер осы мақсатта біраз жұмыстар атқардық. Соңғы 10–12 жылғы Халықаралық  PISA, TIMSS, PIRLS зерттеулерінің қорытындыларын зерделей отырып, Шанхай (Қытай), Сингапур, Гонконг (Қытай), Финляндия, Оңтүстік Корея, Жапония, Тайвань, Канада және Жаңа Зеландия елдерінің оқушылары тұрақты түрде жоғары нәтижелер көрсететінін анықтадық.

– Білім сапасын анықтау мақсатында жүргізілетін халықаралық зерттеулер бойынша  Қазақстандағы білім сапасының деңгейі қандай?    

 Еліміз алғаш рет 2007 ж. TIMSS зерттеуіне қатысты. Бұл зерттеуге бізден тек 4-сынып оқушылары ғана қатысып, математика пәні бойынша 5-орын, жаратылыстану пәні бойынша 11-орын алда. Бұл жақсы көрсеткіш болды, халық қуанды. Ал 2011 ж. зерттеуге 4 және 8-сынып оқушылары қатысты. 4-сынып оқушылары сәйкесінше 27-ші және 32-орындарды иеленіп, 4 жылда білім сапасының 22 және 21 сатыға төмендеп кеткенін, ал 2007 жылы 4-сыныпта оқыған оқушылар 2011 жылы 8-сыныпқа келгенде, олар осы пәндерден сәйкесінше 17-ші және 20-орындарды иеленіп, өздерінің білім сапасын 4 жылда 12 және 9 сатыға төмендетіп алғандарын көрсетті. Бұл жақсы нышан емес.   

PISA зерттеуіне еліміз 2009 және 2012 жылдары қатысты. Қазақстандық оқушылар оқу сауаттылығы бойынша осы жылдары 59-шы және 63-орындарды, математикалық сауаттылық бойынша 53-ші және 49-орындарды, ал жаратылыстану-ғылыми сауаттылықтары бойынша 58-ші және 52-орындарды иеленді. Бұл нәтижелер Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы елдері бойынша орташа нәтижеден көп төмен.    

– Отандық білімді қиын жағдайдан алып шығып, бәсекеге қабілетті етудің бір жолы қалыптасқан жүйенің теріс тұстарынан бас тарту. Сіз жоғарыдақазіргі уақыттамектептерде қолданылып отырған «Білім, білік, дағды» парадигмасын өзгерту керек дедіңіз. Осыны түсіндіріп берсеңіз.  

  Орта білім беру жүйесінде білім беру «Білім, білік, дағды парадигмасы» негізінде іске асырылған уақытта, оқу процесінде оқушыларға мүмкіндігінше молырақ материалдар беріледі. Ол білім, көбіне, өмірдегі нақты жағдаяттармен, адамның тұрмыс-тіршілігімен ұштастырыла берілмейді.

Мысалы, қазір тұрмыс-тіршілікте ыдыс-аяқ жуу үшін көптеген сұйық жуғыш заттар пайдаланылады. Олардың сыртында химиялық құрамдары жазылған. Мен бірде, білім жетілдіру институтында дәріс бергенде, мұғалімдерден осы заттардың қасиеттерін айтып, түсіндіріп берулерін сұрадым. Ешкім дұрыс жауап бере алмады. «Химия пәнін соншама жыл оқып, содан алған біліміңізді өмірде қалай пайдаланып жүрсіздер?» – деген сұраққа да ешкім мардымды жауап бермеді.

Дамыған елдер осыны ертерек түсініп, оқу мазмұнын жүйелеумен бірге оқушыларды тек білім алушы ғана емес, оқу үдерісіне белсене араласушы деңгейіне көтере алды. Олардың өздігінен білім алу, оны өмірдегі жағдаяттарда пайдалана білу, ізденушілік құзыреттіліктерін қалыптастырып, дамытып отыр.

Өкінішке орай, біз әлі білім беру мазмұнын жеңілдете алмай отырмыз. Тағы бір мысал, астауыш сыныптардың бекітілген жаңа стандартына сәйкес ақпараттық-коммуникациялық технологиялар пәнін 3-сыныптан бастап  оқыту жоспарланған. Осы пәннің 3-ші және 4-сыныптарға арналған оқу бағдарламасында  «Желіде орналасқан ақпараттың барлығы нақты және пайдалы екенін анықтау», «Желіде этикалық және құқықтық нормаларды бұзу салдары туралы ой қорыту» деген сияқты тапсырмаларды орындау қажеттігі жазылған. Осыншама күрделі дүниені 3-ші және 4-сынып оқушылары меңгере ала ма?  

Басқа бағдарламаларда да осындай аса күрделі дүниелер көптеп кездеседі.

– «Бір жылдығыңды ойласаң күріш ек, он жылдығыңды ойласаң ағаш отырғыз, мың жылдығыңды ойласаң ұрпағыңды тәрбиеле» деген аталы сөз бар. Білім беру жүйесінің бір мақсаты жастарға рухани-адамгершілік және патриоттық тәрбие беру ғой. Осы жұмыстар бізде  қалай атқарылуда?

– Қазақтардың өзіндік рухани философиясы туған жеріне деген сүйіспеншілікке, даналыққа, төзімділікке толы болған. Өкінішке орай, көптеген құндылықтарымыз жоғалып, ұмыт болды және саясаттанды. Соңғы  жылдары  оқушылардың ресми білімдік жетістіктеріне, емтихан тапсырулары мен жақсы баға алғандарына ерекше ден қойылатын болды.  

Оқу құралдары дайындалғанда оқу материалдары дұрыс сұрыпталып берілуі керек. Өкінішке орай, біз бұл жұмысқа жеткілікті көңіл бөлмей отырмыз. Бір ғана мысал келтірейін. Бірде менің қолыма француз тілі оқулығы түсті. Мұқият қарай отырып, оның авторларының Франция елін өте жақсы білетіндеріне қайран қалдым. Сұрастырып көрсем, олар алғашқыда материалдар қарау үшін Франция елшілігіне барған екен. Келу себебін түсінген елшілік қызметкерлері оларға көмек көрсетіп, содан оқулыққа ендіру үшін көптеген материалдар берген. Авторлар сол материалдарды өз оқулықтарында пайдаланған. 

Елшілік басқа оқулық авторларына да осылай көмек көрсеткен. Нәтижесінде, барлық француз тілі оқулықтарында Франция еліне қатысты материалдар өте тартымды әрі мағыналы. Онымен оқыған балалардың бойында Франция еліне деген ерекше құрмет сезімі оянады, ол елдің біздің елге қарағанда артықшылығын сезінеді. Сонда, француз тілін оқытқандағы біздің мақсатымыз осы ма?

Ағылшын тілі оқулықтары да осылай жазылған. Осындай оқулықтармен оқыған кейін де балаларымыз шет елдерге еліктегіш болып барады. 

Біз Оңтүстік Корей елінің 7-ші, 8-ші және 9-сыныптарға арналған ағылшын тілі оқулықтарын мұқият қарап шықтық. Олардан Корей елінен басқа, шет елге қатысты, бірде-бір материал таба алмадық. Жапония елінің ағылшын тілі оқулығында да тек жапон еліне қатысты материалдар берілген.

Бұдан жасайтын түйініміз, барлық оқулықтарда берілетін материалдар жастарымыздың бойында елімізге, жерімізге, халқымызға деген шынайы құрмет, мақтаныш, сүйіспеншілік сезімдерін қалыптастыруға бағытталуы керек.

  – Сұхбатыңызға рахмет.                                                                     

Сұхбатты жүргізген Дина Имамбай