Inicio Білім ТҮРКІСТАН: БІЛІМ САЛАСЫ – КЕМЕЛ БОЛАШАҚТЫҢ БАСТЫ ТЕТІГІ

ТҮРКІСТАН: БІЛІМ САЛАСЫ – КЕМЕЛ БОЛАШАҚТЫҢ БАСТЫ ТЕТІГІ

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ғылым және технологиялар жөніндегі Ұлттық кеңестің отырысында сөйлеген сөзінде жалпы, бүкіл отандық ғылымның әлеуеті бәсекелестік артықшылықтарымызды тиімді пайдалануға және ғылымды қажет ететін жаңа секторларды кеңінен игеруге бағытталуға тиіс екенін жеткізді:

Жасанды интеллект саласында маман тапшылығы бар екенін білесіздер. Бұл мәселені тез арада шешу қажет. Әрине, нақты жұмыстар да атқарылып жатыр. Еліміздегі бірқатар жоғары оқу орындарында Google және Huawei сияқты көшбасшы компаниялардың арнайы курстары ашылды. Корея, Қытай елдеріндегі жетекші білім ордаларымен келісімге қол жеткіздік. Білім алмасып, мамандарды бірлесе даярлау туралы уағдаластық бар.

Бізге өскелең ұрпақтың жаңа цифрлық технологияны еркін меңгергені керек. Сол үшін орта мектептер мен жоғары оқу орындарындағы білім бағдарламаларын қайта қарау қажет. Әсіресе, жасанды интеллектінің мүмкіндіктерін үйренуге баса мән берілуге тиіс. Жалпы, Үкімет жасанды интеллект саласын жан-жақты дамытуға барынша назар аударуы керек. Бұл жұмыста Ұлттық кеңес мүшелерінің әлеуетін пайдаланған абзал. Кеңес құрамындағы жұмыс тобына ұсынылған сарапшылар тізімін бекітуді тапсырамын. Олар жасанды интеллект индустриясындағы өзекті мәселелерді шешуге белсене қатысуға тиіс.

Төртінші. Университет ғылымын және ғылыми инфрақұрылымды дамыту мәселелеріне баса назар аудару қажет.

Соңғы жылдары ғылым және орта білім саласында табысты реформалар жасалды. Бірақ, тың өзгерістер жоғары оқу орындарынан кадрлардың кетуіне әкеп соқтырды. Ғылыми атағы бар білікті оқытушылар жалақысы көп мектептерге және ғылыми ұйымдарға ауыса бастады.

Бүгінде университет профессорлары мен оқытушылары арасында ғылыми атағы бар мамандардың үлесі 40 пайыздан сәл асады. Бұл үрдіс докторант пен магистрант қана емес, бакалавр даярлаудың сапасына да кері әсер етеді. Құзырлы министрлікке нақты шара қабылдауды тапсырамын.

Жалпы, университеттегі кадр тапшылығы ғылыми жұмыстардың деңгейіне теріс ықпал етіп отыр. Жоғары оқу орындарындағы ғалымдардың еңбектеріне сілтеме жасау көрсеткіші өте төмен. Яғни 100 балдық жүйенің бір балынан да аспайды.

Университет ғылымында қордаланған мәселелер аз емес. Беделді халықаралық рейтингтерде көрсеткіштердің төмен болуы – соның бір көрінісі. Жағдайды түзеу үшін кешенді шараларды дереу қолға алу керек.

Жоғары оқу орындарының кемшін тұсы – ғылыми зерттеулердің сапасыз жасалуы. Сондай-ақ, өндіріс орындарымен тұрақты байланыс жолға қойылмаған, ал, кейбір оқу орындарында мүлде жоқ деуге болады. Білім ордаларының басым бөлігі жұмыстың тиімсіз әрі ескірген тәсілдерін қолданып келеді.

Жалпы, университеттер мен ғылыми ұйымдар елдің әлеуметтік-экономикалық дамуына зор үлес қосатын стратегиялық орталық болуы керек. Сондықтан Үкіметке арнайы бағдарлама әзірлеуді тапсырамын.

Бюджет кодексіндегі «грант» ұғымының аясын кеңейту қажет. Ғылыми зерттеуге қажетті құрал-жабдық алуға және оның инфрақұрылымын дамытуға арналған қаржы еш кедергісіз бөлінуі керек.

Жалпы, еліміздегі жоғары білім саласын дамытуға тозығы жеткен инфрақұрылым да бөгет болып отыр. Мемлекеттік жоғары оқу орындарының ғимараттары ескірген. Көбі жарты ғасырдан астам уақыт бұрын салынған. Бұлардың ішіндегі ең жаңа дегені – 1982 жылы бой көтерген Ақтөбе мемлекеттік университеті.

Осы орайда, менің тапсырмаммен Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті және Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті үшін жаңа ғимараттар, яғни кампустар салынады. Басқа да жоғары оқу орындарының материалдық-техникалық базасын жаңғырту керек. Университеттердің және зерттеу орталықтарының ескірген зертханаларын біртіндеп қалыпқа келтіру қажет.

Медицина ғылымында нәтижелі ізденістер бар. Қатерлі ісікке қарсы отандық ғалым Дос Сарбасов өзі ойлап тауып, бүгін таныстырған бірегей препарат – соның жарқын мысалы. Мұндай жобаларды жан-жақты қолдау керек. Ғалымның Қазақстанда клиникалық зерттеулер хабын құру жөніндегі ұсынысын ескерген жөн деп санаймын. Министрлік бұл мәселені зерделеуі қажет.

Еліміздегі жоғары оқу орындары арасында өңірлік теңсіздік байқалады. Мықты университеттердің көбі Астана мен Алматыда орналасқан. Бұл ішкі көші-қон жүйесінің бұзылуына және өңірлердегі кадр тапшылығына әкеп соқтырады.

Ғылым мен жоғары білімнің біртұтас дамуын қамтамасыз ету үшін бұған дейін 15 өңірлік және 5 педагогикалық жоғары оқу орнының базасында Академиялық басымдық орталықтарын құруды тапсырған едім. Үкімет жоғары оқу орындарының зерттеушілік бағытын дамытып, бағдарламалық-нысаналы қаржыландыру арқылы осы жобаны кезең-кезеңімен жүзеге асыруы керек. Мұндай орталықтар көптеген елде табысты жұмыс істейді. Бұл елдердің экономика құрылымында ғылыми инновация мен білім беру қызметтері экспортының үлесі зор. 

Өңірлік университеттердің ғылыми әлеуетін жас ғалымдар күшейте алады. Мұны дамыған мемлекеттердің тәжірибесі көрсетіп отыр. Себебі, олар мобильді әрі өзгерістерге тез бейімделеді. Оларды өңірлік жоғары оқу орындарында еңбек етуге және зерттеу жұмыстарын жүргізуге ынталандыратын пәрменді механизмдер қажет.

Жалпы, Үкімет бүкіл ел аумағындағы ғылыми орталықтар мен институттарды қолдап, дамыту үшін қажетті шаралардың барлығын қабылдағаны жөн. 

Бесінші. Ғылымның кадрлық әлеуетін нығайту мәселесі өте өзекті. Сондай-ақ, экономиканың маңызды салалары бойынша кәсіби мамандар даярлау жұмысын күшейту керек. Ғылыми жаңалықтың бәрі ғалымдардың тынымсыз еңбегінің нәтижесі екені сөзсіз.

Кез келген жетістік, ең әуелі, адамға, яғни адам капиталына тікелей байланысты. Сондықтан жас ғалымдарды жан-жақты қолдау қажет. Грант арқылы жүзеге асырылатын жобалардың үштен бірі жас ғалымдарға тиесілі. Әрине, мұндай жобалардың санынан гөрі сапасы маңызды.

Жыл сайын жас ғалымдарға байқаулар арқылы берілетін гранттың қаржы көлемін арттыру керек. Қазір жас ғалымдарымыз әлемдегі жетекші зерттеу орталықтарында стажировкадан өте алады. Бұл – жақсы үрдіс. Оны жалғастыра беру қажет.

Менің тапсырмаммен жүзеге асырылып жатқан «Жас ғалым» бағдарламасының тиімді екенін көріп отырмыз. Оның ауқымын кеңейту керек. Яғни оған ғылыми институттарда және ұйымдарда жұмыс істейтін жас мамандарды қосуға болады.

Сондай-ақ, ғалымдарға докторантурадан кейін шетелде тағлымдамадан өтуге мүмкіндік беру қажет. Олардың зерттеу жұмысымен алаңсыз айналысуына жағдай жасау керек. Ғалымдар лайықты стипендия алуға тиіс. Шетелде тәжірибеден өткен азаматтардың ішінде докторанттардың үлесі – небәрі 1,6 пайыз. Бұл – өте аз. Үкімет олардың қатарын көбейту үшін нақты шаралар қабылдауы қажет.

Еліміздің оқу орындарында білім алып жүрген азаматтардың арасында да докторанттардың үлесі төмен. Мен былтыр докторантураға жыл сайын 5 мың адамға дейін қабылдау туралы тапсырма бердім. Ол үшін тың тәсілдер керек. PhD-ді ғылыми әлеуеті зор және терең зерттеу жүргізе алатын білім ордалары даярлауға тиіс. Үкімет магистратура және докторантура бағдарламасына арналған гранттың құнын арттыру қажет.

Білікті мамандарды іріктеу, даярлау және олардың ғылым саласында қалуына жағдай жасау – өте маңызды мәселе. Грант санын арттырып, оның құнын көтерген кезде осы мәселеге баса мән беру керек.

Алдыңғы жылы бір жарым мыңнан астам докторанттың небәрі 38 пайызы диссертация қорғаған. Олардың жартысына жуығы ғана ғылым саласында қалды. Ғылым докторларын дайындауға орасан зор қаржы жұмсалғанын ескерсек, бұл көрсеткіш әлі де төмен. Бұл мәселені тыңғылықты зерделеп, ахуалды түзеу үшін қажетті шара қабылдауды тапсырамын.

Ірі өндірістік компаниялармен бірге «индустриалды PhD» даярлау механизмін әзірлеп, қолданысқа енгізген жөн. Тәжірибелік-конструкторлық жұмыстар мен ғылыми зерттеулер өзара байланыса отырып, өндіріске инновациялық шешімдерді енгізуге ықпал етеді.

Жалпы, еліміздің жетекші жоғары оқу орындары мен шетелдік университеттердің филиалдары экономикамыздың басым салалары үшін ғалымдар мен білікті мамандарды жедел даярлауға тиіс. Мысалы, «жасыл» энергетика, климаттың өзгеруі, су ресурстарын үнемдеу салаларындағы кадрларға сұраныс айтарлықтай артып келеді.

Отандық өнеркәсіп үшін маман даярлау ісі – өте өзекті мәселе. Ғылым және жоғары білім министрлігіне халықаралық стандарттар мен тәжірибені ескеріп, инженерлік-техникалық кадрларды даярлаудың ұлттық моделін әзірлеуді тапсырамын.

Бұған қоса өңірлік жоғары оқу орындарының базасында озық инженерлік мектептер ашу қажет. Бұл мектептердегі білім беру бағдарламалары мен технологиялық жобалар өнеркәсіптің басым салаларындағы сұранысқа негізделуі керек.