Inicio Білім ТҮРКІСТАН: БАСТЫ МАҚСАТ – МЕКТЕП ТАПШЫЛЫҒЫН ЖОЮ

ТҮРКІСТАН: БАСТЫ МАҚСАТ – МЕКТЕП ТАПШЫЛЫҒЫН ЖОЮ

Демографиясы жоғары Түркістан облысында мектеп тапшылығын жою бағытында ауқымды жұмыстар атқарылуда. Облыс әкімі Дархан Сатыбалдының тапсырмасымен өңірдегі күрделі және ағымдағы жөндеуді қажет ететін білім ұяларының, жаңа мектептер қажет елді мекендердің тізімі әзірленіп, мәселені шешу бойынша нақты шаралар қолға алынған. Биыл облыстағы балабақша, мектеп, колледж, лагерьлерге жалпы 300-ден аса білім беру ұйымының ғимаратына жөндеу жұмыстары басталып кеткен. Мұндай ауқымды жұмыс өңірде бұрын-соңды жүзеге асырылмаған.
Еліміз бойынша білім нысаны ең көп салынып жатқан өңір – Түркістан. Бүгінде жергілікті бюджеттен 20 мектептің құрылысы жүргізілуде. Жыл соңына дейін оның 13-і пайдалануға беріледі.
Өңірде ғимараты әбден тозған мектептер көп. Талай жыл бойы қордаланған бұл проблеманы шешу үшін жүйелі жоспар жасалған. Облыс әкімінің орынбасары Бейсенбай Тәжібаевтың айтуынша, биыл 300-ден аса білім беру ұйымының ғимаратында жөндеу жұмыстары жүргізіліп, апатты деп танылған мектептердің 60 пайызының проблемасы  жаңа мектептер салу арқылы шешіледі. Бұл ретте үнемделген қаржы есебінен де көптеген жоба жүзеге асып жатқанын айта кеткен жөн.
– Облыс әкімі Дархан Сатыбалдының қолдауымен білім саласында инфрақұрылымды жақсарту жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. Қазіргі таңда 22 мектеп күрделі жөндеуден өтуде. Құрылысқа «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы арқылы және облыстық бюджеттен қаржы қаралған. Жаңа оқу жылында 5 мектеп пайдалануға беріліп, оқушыларды қабылдауы керек. Тағы 200-дей білім ұйымының ғимараты ағымдағы жөндеуден өтуде. Ғимараттардың құрылыс сапасы қатаң бақылауда. Бұл мақсатқа 10 млрд. теңге көлемінде қаржы бөлінді. Сонымен қатар 106 мектептің жылу қазандықтарын газ жүйесіне ауыстыруға 2,1 млрд. теңге бағытталды. Осы жұмыстар арқылы 300-ден аса білім беру ұйымының проблемасы шешімін табады, – дейді Бейсенбай Тәжібаев.
Түркістан облысында 520 мыңға жуық оқушы білім алады. Мектепке дейінгі тәрбие және оқытумен қамту үшін 5200-дей жаңа орын ашу жоспарланып отыр. Жаңа оқу жылында жобамен 52 мыңнан астам бала 1-сыныпқа қабылданады. Облыстағы 912 мемлекеттік мектептегі бастауыш сыныпта оқитын 224 мыңнан астам бала тегін ыстық тамақпен қамтамасыз етіледі.
17 мыңнан аса бала мектепке арнайы автобустармен қатынайды. Педагог кадрларды қалыптастыру мәселесі де назарда. Өткен жылы облыс ұстаздары шетелдерде және еліміздің жетекші жоғары оқу орындарында біліктіліктерін көтерді. Оқу-
ағарту министрлігінің мектептердің инфрақұрылымын жақсарту, педагог білімін көтеру жөніндегі тапсырмалары орындалуда. Сонымен бірге білім мекемелерін басқаруға іріктелген кадрлық резерв жасақтау бағытында да тиісті жұмыстар жүргізіледі.


Облыс әкімінің баспасөз қызметі.