Inicio Білім ТҮРКІСТАН: ЖЕТІСТІКТЕР ДЕ АЙТЫЛДЫ, КЕМШІЛІКТЕР ДЕ САРАЛАНДЫ

ТҮРКІСТАН: ЖЕТІСТІКТЕР ДЕ АЙТЫЛДЫ, КЕМШІЛІКТЕР ДЕ САРАЛАНДЫ

Түркістанда «Конгресс-холл» кешенінде білім саласы қызметкерлерінің «DIGITAL KAZAKHSTAN: жаңа замандағы білім беру» атты облыстық дәстүрлі тамыз кеңесі өтті. Оған облыс әкімі Дархан Сатыбалды, ҚР Оқу-ағарту министрлігі Білім саласында сапаны қамтамасыз ету комитеті төрағасының орынбасары Майра Мелдебекова, Абай атындағы Ұлттық педагогикалық университетінің ректоры Болат Тілеп, ғалым, педагогика ғылымының докторы Асқарбек Хусаинов, облыстағы білім беру ұйымдарының басшылары, педагогтар қатысты.

Кеңеске келген қонақтар алдымен инновациялық жобалардың көрмесін тамашалады.  Оқушылардың озық білім алуы – басты назарда. Осы мақсатта әр ауданның білім бөлімі басшылары жоба жасаушылардың жаңа жұмыстарымен танысты. Бұл бастама балалардың мультимедиалық форматта білімін жетілдіретін заман талабына сай менеджменттік қабілеттерін арттырып, мұғалімдердің кәсіби біліктілігіне серпін береді деген сенім бар. Осы арқылы балалардың да сабаққа деген ықыласы артады. Өңірдегі білім беру ұйымдарында «Е-асхана»,  «Е-кітапхана», «BilimLand», «Face-ID» сынды автоматтандырылған жүйелер пилоттық тұрғыда тексеруден өтіп, оң нәтиже берді. Жәрмеңкеде «Алақан» жобасы, «Tolem»,  «MATATALAB» роботы, «IoT board», «Codrone» робототехникалық құралдары көрсетіліп, түрлі басылымдар мен логикалық Intellectum виртуалды ойындар сынды жаңа технологиялар қонақтар назарына ұсынылды.

Тамыз кеңесінің дәстүрлі жиынында облыс әкімі Дархан Сатыбалды ұстаздар қауымын жаңа оқу жылының басталуымен құттықтады.

– Бүгінгі дәстүрлі тамыз кеңесінің «DIGITАL KAZAKHSTAN: заманауи білім беру» тақырыбында өтуі бекер емес. Себебі, әлем цифрландыру кезеңінен жасанды интеллект немесе адамның ойлау қабілетін компьютерлік жүйелермен модельдеу дәуіріне өтуде. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев алғашқы республикалық педагогтар съезінде «Білім беру процесінде цифрландыруды жеделдетуді тапсырған болатын. Тамыз кеңесі – білім саласындағы жетістіктермен қатар, кемшіліктерді де таразылайтын дәстүрлі жиын.

«Алты алаштың баласы бас қосса, төр – мұғалімдікі» деп педагог Мағжан Жұмабаев айтпақшы, осы маңызды басқосуда академиктер мен эксперттерді және білім саласының үздіктерін, мәртебелі ұстаздарымызды төрімізден көргеніме қуаныштымын. 

Баланы бұзуға да, түзеуге де себеп болатын бір шарт – бүлдіршін кезден бастап алған тәрбиесі мен өнегесі. Түркістан облысындағы білім беру ұйымдарында 500 мыңнан астам бала білім алады. Республикадағы әрбір жетінші оқушы біздің облысымызда. Жаңа оқу жылында облыс мектептеріне бірінші сыныпқа 52 мыңнан астам бүлдіршін қабылданды, – деді өңір басшысы.

Сонымен қатар, облыс әкімі өңірдегі балабақша жайына да кеңірек тоқталды. Облыста 2-6 жастағы балаларды балабақшамен қамту көрсеткіші 97,8 пайызды құрайды. Өңір басшысы осы көрсеткішті 100 пайызға жеткізу үшін жұмыстар атқарылып жатқанын тілге тиек етті. 

– Мемлекеттік қана емес, жекеменшік балабақшаларға да сапаға өтетін кез келді. Мәселен, биыл балабақшаларда жоқ балалардың тіркелуі, санитарлық талаптан тыс артық қабылдануы, балабақша ғимаратының тиісті талаптарға сәйкес келмеу фактілері анықталып, 7 664 орын қысқартылды. Сонымен қатар, құрылтайшылары тарапынан салықтан жалтару мақсатында мекеме ғимаратын жеке тұрғын үй ретінде, ондағы қызметкер санын толық көрсетпеу фактілері де жиі кездесті. Мұндай жағдайда кәсіпкер мен мемлекет арасындағы келісімшарт бұзылуы тиіс.

Ендігі кезекте, біз балабақшалардағы кемшіліктерді жойып, ретке келтіру мақсатында цифрландыру мен ваучерлік жүйе енгіземіз. Кейбір ұйымдар бала тәрбиесін екінші орынға қойып, балабақшаны жеке табыс көзіне айналдыруды басты мәселе етіп алғаны жасырын емес. Мемлекеттік тапсырыстардың сапалы орындалуы мемлекет тарапынан қатаң бақылауға алынады, – деді өңір басшысы.

Биылғы оқу жылының ерекшелігі, Үкімет тапсырмасымен республикада білімі төмен мектептердің арнайы тізімі жасалды. Сол 943 «Мақсатты мектептің» ішіне Түркістан облысынан білім сапасы төмен 162 мектеп еніп отыр. Кеңесте осы 162 мектепке ерекше көңіл бөліп, білім сапасы бойынша нақты нәтижеге қол жеткізудің тиімді жоспары түзілу керектігі сөз болды. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, жемқорлық жолымен табылған қаржылар мемлекетке қайтарылып, ол мектеп құрылысына жұмсалуда.

– Осы қор арқылы облыста 20 мектеп ғимаратының құрылысы жүргізілуде. Бұл 20 мектептің 13-і биыл пайдалануға беріледі. Сонымен қатар, биыл облыстағы 4 апатты және 5 үш ауысымды мектептердің мәселесі толығымен шешіледі. Осы жылы облыста «Жайлы мектеп» Ұлттық жобасы аясында 29 мектептің құрылысы жүргізілуде. Онда 14 мың оқушы білім алатын болады. Биыл үнемделген қаражат есебінен 350-ге жуық білім беру мекемесін жөндеу және табиғи газға ауыстыру жұмыстары жүргізілуде. Бұл – облыстағы әрбір үшінші мектеп жаңартылды деген сөз! Енді оның өтеуі сапалы білім мен тәрбие болуы тиіс, – деді облыс әкімі Дархан Сатыбалды.

Жаңа оқу жылында облыстағы 62 мектепте 265 арнайы пәндік кабинет жасақталмақ. Оған бюджеттен 3,5 млрд. теңге қаралған. Сонымен қатар, мектептердегі интернет сапасын жақсартуға да көңіл бөлінуде. Білім саласында үнемделген қаржы есебінен (630 миллион теңге) 330 мектепке «Starlink» құрылғысы орнатылды.

Үздік педагогтарды басшылық қызметке конкурссыз тағайындау үшін 150 адамнан тұратын кадрлық резерв жасақталуда. Тағы ерекше бір айта кетерлік жаңалық, республикада бірінші болып облысымыздың 500-ден аса мектеп директорын арнайы менеджмент курсына оқыту басталды. Тың бастамаға Алматыдағы Абай атындағы Ұлттық педагогикалық университеті де өз үлесін қосуда.

– Елімізде қолға алынып жатқан «Жайлы мектеп» Ұлттық жобасы аясында мұғалімдерге деген сұраныс артпақ. Алдағы жылы еліміз бойынша орта білім беру ұйымдарына 49 мың педагог-маман қажет болады екен. Оның ішінде заман талабына сай білікті де білімді мұғалімдерді даярлау – уақыт талабы. Себебі, әлем көз ілеспес жылдамдықпен дамып жатыр. Оның ішінде білім саласы да бар. Ал, біз сол заман көшінен қалып қоймауымыз керек.

Білім саласындағы тағы бір үлкен проблема – педагог мамандардың кәсіби шеберлігін көтеру мәселесі. Бұл, біріншіден, педагог кадрларды даярлау, екіншіден, қазір мектептерде жұмыс істеп жүрген мұғалімдердің кәсіби біліктілігін арттыру ісіне келіп тіреледі. Қазірдің өзінде Абай атындағы Ұлттық педагогикалық университетінде Түркістан облысынан 3000-ға жуық студент білім алуда. Өткен оқу жылы 700 түркістандық осы университетті аяқтап, педагог атанса, биыл Түркістан облысынан 627 талапкер біздің оқу орнының грантына ие болды. Ал, мектептерде жұмыс істеп жүрген мұғалімдердің біліктілігін арттыру мәселесіне келер болсақ, 2019-2023 жылдары жүргізілген зерттеулерге сәйкес Түркістан облысында 62 мыңнан астам педагог еңбек етеді екен. Оның 60 пайызы оқуды сырттай бітірсе, 70 пайызы профильді емес жекеменшік оқу орындарында білім алған. Өздеріңізге мәлім, қазіргі таңда медицина мен педагогика мамандықтары бойынша сырттай оқытуға да, қашықтан оқытуға да тыйым салынған. Бұл – әлемдік тенденция. Біздің еліміз де осы үрдіске көшті. Бүгінде Түркістан облысы әкімдігі мен Абай атындағы Ұлттық педагогикалық университеті арасында өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылған. Соның нәтижесінде әртүрлі пәндерден сабақ беретін 150 маманды біздің университетте қайта даярлау курсынан өткізу жоспарланған, – дейді Абай атындағы Ұлттық педагогикалық университетінің ректоры Болат Тілеп.

Университет ректорының айтуынша, оқушылардың білім алу деңгейін зерттейтін халықаралық бағдарламаның мәліметіне сәйкес математика пәні бойынша қазақстандық балалар әлемде 46-орын алады екен. Соған қарамастан еліміздегі оқушылардың жартысына жуығы математикалық сауаттылыққа арналған екінші базалық деңгейлі емтиханды тапсыра алмаған. Математика пәні бойынша республикада алматылық оқушылар көш бастап тұрса, Түркістан облысының оқушылары ең соңғы орында. Оқу сауаттылығы бойынша да біздің облыстың көрсеткіші мәз емес. Бұл рейтингте Қостанай облысы мен Астана қаласының мектептері көш бастаса, Түркістан облысының оқушылары тағы да рейтинг соңында қалып қойған. Жаратылыстану пәндері бойынша рейтингте де Түркістан облысының оқушылары соңынан санағанда бірінші орында тұр.

Кеңес барысында білім саласында қордаланып қалған өзге де проблемалар қозғалды. Оның ішінде, оқушыларды заманауи технологиялармен, оқулықтармен қамту, әсіресе, көркем әдебиетпен қамту жайы кеңінен сөз болды. Іс-шара соңында облыстың бірқатар педагог-қызметкерлері Оқу-ағарту министрлігінің «Ы.Алтынсарин» төсбелгісімен және облыс әкімінің Алғыс хатымен марапатталды.

Ерболат АЙНАБЕКОВ,

«Оңтүстік Қазақстан».