Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев Жолдауларында балаларға жағдай жасау, олардың сапалы білім алуына қолдау көрсету туралы үнемі айтып келеді. Бүгінгі бала – елдің ертеңі, болашағы, ұлттың жалғасы. Айта кетейік, облыс халқының 38%-ы балалар, олардың 155-мыңнан астамы балабақшада, 520 мыңы мектепте білім алуда. Бұл республикадағы ең үлкен көрсеткіш. Өңірде балалардың жан-жақты дамуына жағдай жасалуда. Балабақша, мектеп, «Оқушылар сарайы», түрлі өнер және спорт үйірмелері жұмыс істеп тұр.
Жалпы жаз мезгілінде Түркістан облысында 31 сауықтыру лагері қызмет көрсетеді деп жоспарлануда. Оның ішінде 9-ы – мемлекеттік, 22-сі –жекеменшік. 1-3 маусым аралығында 10 лагерь санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің рұқсатын алып, жұмыстарын бастады. Барлық 31 жазғы сауықтыру лагерінің ашылуы маусым айында басталып, бүгінде үшінші ауысымда балалар демалуда. Жазғы сауықтыру лагерлерінде балалар қауіпсіздігі үшін күзет агенттіктері қызмет көрсетеді және орналасу ауданына қарай полиция қызметімен бірлескен жұмыстар жүргізеді.
Жуырда облыс әкімінің орынбасары Бейсенбай Тәжібаевтың төрағалығымен облыс әкімдігі жанындағы кәмелетке толмағандардың ісі және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссия отырысы өтті. Облыстық құқық қорғау органдары, денсаулық сақтау және білім саласының өкілдері, сонымен қатар комиссия мүшелері, аудан, қалалардағы комиссия төрағалары мен хатшылары, қоғамдық ұйым өкілдері қатысқан жиында үш мәселе қаралды.
Күн тәртібінде қаралған мәселе бойынша облыстық полиция департаментінің жергілікті полиция қызметі бастығының міндетін атқарушы, полиция полковнигі Бегімхан Ахметов кәмелетке толмағандар арасындағы құқықбұзушылықтардың алдын-алу мақсатында атқарылған жұмыстарға тоқталды.
Облыстық Төтенше жағдайлар департаменті өкілі кәмелетке толмағандардың жазғы демалысын ұйымдастыру және демалыс маусымында қауіпсіздікті алдын алу шаралары туралы, облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Айгүл Қасымбекова да осы саладағы жұмыстарды баяндады. Содан соң облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы басшысының орынбасары Мейіржан Жалайыров білім беру ұйымдары жанындағы жол инфрақұрылым белгілері «Қауіпсіз жол» жобасы жайында мәлімдеді.
Айта кетейік, облыста арнайы және ресми халықтың шомылатын орындары жоқ елдімекендерде модульді-каркасты бассейіндер сатып алынып, тегін және қауіпсіз шомылуына мүмкіндіктер жасалынуда. Биыл жыл басынан бері 72 дана қаркасты бассейн сатып алынып, орнатылды. Қазіргі таңда жалпы каркасты бассейндер саны 143-ге жетіп отыр.
Жекеменшік стационарды бассейндері бар кәсіпкерлермен меморандум түзіліп, әлеуметтік тұрмысы төмен және көпбалалы отбасылардан 2 мыңға жуық бала ақысыз суға шомылуда. Бұдан өзге «Білім беру ұйымдарын қауіпсіз жол инфрақұрылыммен қамтамасыз етудің жоспары» аясында жол белгілерін жөндеу, жаңалау, жұмыстары жүріп жатыр. Жоспар бойынша 1698 дана жол белгілерін орнату, жаңарту жұмыстары жоспарланса, бүгінгі таңда 409-ы орнатылған.
Жиын соңында облыс әкімінің орынбасары күн тәртібіндегі мәселелер бойынша хаттама түзіліп, назарға алынатынын жеткізді. Жиында айтылған мәселелер бойынша құзырлы органдарға тиісті жұмыстар жүргізуді тапсырды.
Төтенше жағдайлар департаменті суға батқандардың 95%-ы тыйым салынған орындарда тіркелетінін мәлімдейді. Суға шомылу мен демалуға рұқсат етілген орындар жылдан жылға ұлғайтып келеді. Жазғы кезеңде қайықтармен және құтқару құралдарымен жабдықталған мобильді бекеттер қояды. Олар су айдындарына кезекшілік атқарып, патруль жүргізу жұмыстарын жүзеге асырады. Атап айтқанда, құтқарушылар суға шомылу маусымы басталғалы 3 адамды құтқарды. Бүгінде демалушылар гидроциклдерді белсенді түрде пайдаланады, ал оларды қауіпсіздік ережесіне бағынбай пайдалану адам өміріне қатер төндіруі мүмкін. Кәсіпкерлік Кодекске сәйкес Министрлік жағажайларға тексеріс жүргізуді, олардың аумағында адам өлімі фактілері тіркелген жағдайда ғана жүзеге асыра алады. Осыған байланысты демалыс орындарының инфрақұрылымына бақылау күшейтіледі. Сонымен қатар ішімдік ішіп, мас күйде суға шомылу адам өліміне әкелетінін ескере отырып, ТЖ департаменті полициямен бірлесіп, рұқсат етілген және тыйым салынған орындарда патрульдеу мен рейдтер өткізеді.