Inicio Білім ТҮРКІСТАН: ТАЛАПТЫ ШӘКІРТТЕР –  ТАЛАНТТЫ ҰСТАЗДАР ЖЕМІСІ

ТҮРКІСТАН: ТАЛАПТЫ ШӘКІРТТЕР –  ТАЛАНТТЫ ҰСТАЗДАР ЖЕМІСІ

Оқу-ғылымға құштарлық мектептен басталады. Қаныш Сәтбаев атындағы №12 жалпы білім беретін мектебінде ұжым мерейін өсіріп жүрген талантты да талапты шәкірттер де жетерлік. Жаратылыстану-математикалық бағыттағы пәндердің 9-11 сынып оқушылары арасында өткізілген жасөспірімдер олимпиадасында биология пәнінен Гүлнар Қожамбекованың жетекшілігімен Мәлібек Гүлжайна ІІ орын иеленді. Сондай-ақ, 11-сынып оқушылары арасында жаратылыстану-математикалық циклы пәндері бойынша өткізілген Президенттік олимпиаданың қалалық кезеңінде химия пәнінен Дүйсенкүл Жусипова мен биология пәнінен Гүлнар Қожамбекованың жетекшілік етуімен жүлделі І орынға ие болған 11-сынып оқушысы Мәлібек Әлібек марапаталды. Ал енді дәл сол жаратылыстану-математикалық циклі пәндері бойынша Дүйсенкүл Жусипованың жетекшілік етуімен Президенттік олимпиаданың облыстық кезеңінің жүлделі ІІІ орынға ие болған 11-сынып оқушысы Мәлібек Гүлжайна марапатталды.

Мектептің «Ұшқыр ой» дебат клубының президенті Дүйсен Дастан Астана қаласында өткен «El Umiti Cup 2023» Республикалық ұлттық пікірсайысқа қатысып «Алғыс хатпен» марапатталып, қалалық «FITS CUP I» Тұран пікірсайыс орталығының ұйымдастыруымен өткен сайыста І орын 50000 теңге қаржылай сыйлықпен марапатталды. Сонымен қатар қалалық білім бөлімі ұйымдастырған тарих, география пәнінен қазан айының 10-ы күні қала мектептері арасында «Менің кіші Отаным – Қазақстан» атты жарыста 3-орынға 10«Ә» сынып оқушысы Дүйсен Дастан ие болды. Білім ордасының 10-сынып оқушылары Дастан Дүйсен мен Болат Ынтымақ «Жас лидер академиясы» жобасынан қала көлемінде бас жүлде алып, Алматы қаласындағы жобаға қатысып «Алғыс хатпен» марапатталды.

Айта кетейік, жуырда Қ. Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық зерттеу университеті Тарихи музейінің ұйымдастыруымен ғұлама ғалым Қ. Сәтбаевтың 125 жылдығына арналған «Сан қырлы – Сәтбаев» атты Сәтбаев мектептері арасындағы республикалық эссе сайысы өткен болатын. Бұл шара Сәтбаев университетінің ректорының бастамасымен еліміздегі барлық Сәтбаев атындағы мектептермен ынтымақтастық меморандум жасау арқылы іске асырылды. Осы шараға Түркістан қаласындағы Қаныш Имантайұлы Сәтбаев атындағы №12 жалпы білім беретін мектебінің оқушылары да бақтарын сынап сайысқа түсті. Сайыстың нәтижесінде мектебіміздің 10-сынып оқушылары Дүйсен Дастан жүлделі 2-орын, Тасполат Жақсылық «Алғыс хат» иеленді. Сондай-ақ, 9-сынып оқушысы Бектемір Жанерке «Алғыс хат» және түрлі сыйлықтармен марапатталып, білім ошағының мерейін өсірді. Сонымен қатар, қалалық «Барыс бала» байқауында поэзия бағыты бойынша қатысқан 10-сынып оқушысы Тасполат Жақсылық жүлделі орынды иеленді. Мектептің дарынды, белсенді оқушысы Бектемір Жанерке Қ.Сәтбаевтың өнегелі өмірі жайында мектепішілік ғылыми жобалар бойынша өткен байқаудың жеңімпазы атанды. Биылғы оқу жылында республикалық ғылыми жобалар конкурсының қалалық кезеңіне мектеп мақтанышы Бостан Асел қатысып, «Тіл білімі» (ағылшын тілі) секциясы бойынша ІІ орынға ие болды.

Қазіргі таңда қазақ қоғамында кітап оқу үрдісі кеңірек таралып келе жатқаны көңілді қуантады. Осы орайда ұлы ғалымның жолын жалғаған 8-сынып оқушысы 700 кітап оқыған Нұрмұхаммед Фатима облыстық тілдерді дамыту басқармасының қолдауымен, Түркістан телеарнасына шақырту алып «Turan today» бағдарламасына сұхбат беру арқылы өзге де жастардың білімге, кітапқа деген қызығушылықтарын оятуға себеп болды. Мектеп оқушылары ақыл-ой бәйгесінен бөлек спорттық бәсекелерден де қалыс қалған емес. Жуырда қалалық деңгейде өткен суда жүзу сайысында І орын алған білім ордасының оқушысы Бостан Аянат облыстық суда жүзуден ІІ орын иеленіп, қазіргі таңда республика көлемінде спорттық жарыстарда жүлделі орындардан көрініп жүр. Оқушылардың өзге де жеткен жетістіктері жетерлік, ертеңінен үлкен үміт күте отырып, алдағы үлкен бәсекелерге сәттілік тілейміз. Жолдарың ашық болсын, жас өрендер!

Мектеп – ертең мен бүгінді жалғайтын білім ошағы, сәулелі болашаққа апарар кеме. Міне, осылайша киелі қара шаңырақты көркейтіп, білім нәрімен сусындатып, жас жеткіншектер үшін қажырлы еңбек етіп, терін төккен мұғалімдер ұжымының жылдар бойы еңбегі еселенуде. Талай ұрпақтың көкірек көзін ашқан білім ордасының атауы тарих сахнасында алтын әріппен жазылары сөзсіз. Біз де өз кезегімізде киелі қалада орналасқан, ғасырға жуық тарихы бар білім ошағының келешегі кемел болсын деп тілейміз.