Inicio Білім ТҮРКІСТАН: ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫ – БІЛІМ САЛАСЫ БОЙЫНША ҮЗДІК ҮШТІКТЕ

ТҮРКІСТАН: ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫ – БІЛІМ САЛАСЫ БОЙЫНША ҮЗДІК ҮШТІКТЕ

Қазіргі бала мектепте білім алады, тәр­биенің қайнар көзінен нәр татады, әл­ем азаматы болуға лайық қасиеттерді бойына сіңіреді. Ақ пен қараны, адалдықтың аражігін ажыратады. Мұғалім де, үйдегі ата-ана да балаға  адал азамат тәрбиелеудің басты талаптарын ұмытпай, бойына сіңіріп,  жақсы мінездің оқушы болуына үлкен үлес қосады. Баланың жан-жақты адал адам болып қалыптасуына Абайдың «бес асыл іс» қағидатының да тигізер пай­дасы зор. Осынау бес асыл істі санасында жаттап өскен бала адал, әділ, білімпаз, ең­бекқор болып өсері сөзсіз.  Міне, Абайдың «Толық адам» ілімінен бастау алатын «Адал азамат» тұжырымдамасының түпкі мәні де осы. 

Айта кетейік, Түркістан облысының білім саласында балалардың адал азамат болып қалыптасуына жағдай жасарлықтай бірқатар оң өзгеріс, жақсы жаңалық көп. Былтырғы оқу жылын жақсы жетістіктермен аяқтағанын дәледейтін деректерге үңілсек, Түркістан облысы қоғамдық-гуманитарлық бағыттағы республикалық олимпиадаға қатысатын командалардың сапалық рейтингі бойынша үздік үштікке кірді. Жалпы есеп­пен Түркістан облысы 2-орынды иеленді. Ал жаратылыстану бағыты бойынша 4-орын алды. Қоғамдық-гуманитарлық бағыттағы республикалық олимпиа­дада өңірден 30 оқушы қатысты. Оның үшеуі алтын, алты күміс, алты қола медаль алған.  27 ұпай санымен  бірден республика бойынша үздік үштіктер қатарынан көр­ін­ді.

Сонымен қатар былтыр балалардың сапалы білім алуы мен білім сапасын арт­тыру аясында атқарылған шаралардың нә­тижесінде бірқатар ілкімді істер жүзеге асты. Бірініші кезекте ауылдық жердегі білім сапасын көтеру мақсатында  2024-2025 жылдары 10 педагогикалық шеберлік арт­тыру орталығы, 10 жетекші мектеп, ал тағы 5 ауданда «Мобильді мұғалім» жобасы іске қосылмақ. Одан бөлек, былтыр жапон елі­не барып, тәжірибе жинақтап келген өң­ір ұстаздары мен әдіскерлері Lesson study әдісін сатылап енгізуді және «Ауыл мек­тебін сапалы басқару» пилотты жобасын жалғастырады. Педагогтердің кәсіби біліктілігін арттыру мен үздіксіз білім алуын қамтамасыз етуде еліміздегі іргелі жо­ғары оқу орындарымен меморандум (Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогика­лық университеті, Ясауи атындағы ХҚТУ) түзілген. Бұл туралы Түркістан облысы Бі­лім басқармасы басшысының міндетін атқарушы Жандос Маханбетов  атап өтті. 

«Жал­пылама емес, нақты мақсатты жұмыс жүргізу – бүгінгі мобильді қоғамның басты та­лабы. Осыны ескере жыл сайын оқу жыл­ының соңында білім деңгейі ең төмен 100 мектепті электронды журнал арқылы анық­тап, тек сол 100 білім беру ұйымына арналған мақсатты жұмыс жоспары әзірленеді. Тиісті қаржысы қаралып, әдістеме­лік және менеджментік көмек ұйымдастыр­ы­лады. Осы аталған жұмыстар алдағы уа­қытта өңірдің білім сапасына оң нәтиже бер­еді деп сенеміз», – дейді Жандос Махан­бетұлы 

Оқушыларға профориентация бағытында Bolashaq Халықаралық бағдарлама­лар орталығы акционерлік қоғамы және жо­ғарғы оқу орындарымен меморандум түзіліп, жүйелі кеңес беру менторлық жұ­мы­сы жолға қойылып отыр.

Облыста білім саласындағы сапаны көтеру мақсатында Түркістан облысы әкім­дігі мен Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігінің бірлескен Түр­кістан облысының 2024-2029 жылдарға ар­налған білім беру жүйесін дамытудың өңірлік Жол картасы қабылданған. Соны­мен қатар «Баршаға қолжетімді сапалы білім» ұлттық баяндамасын Түркістан об­лысында іске асырудың Жол картасы әзірленген. Басқарма басшысының міндетін атқарушы Түркістан облысының білім жүйесін дамыту 3 бағытта жүргізілетінін атап өтті. Олар – «Балабақша – жайлылық пен даму аумағы»,  «Әр мектеп – ең жақсы мектеп», «ТжКБб (колледж) – жұмысшы кадрларды даярлаудың негізгі буыны». 

Бұл бағыттағы жұмыстарды саралар болсақ, балабақшада педагогтер мен тәрбиешілердің кәсіби дамуын тереңдете түсу мақсатында өңірде 6 жетекші орталық пен 26 консультациялық пункт құрылып, өзге балабақшалармен тәжірибесін бөлісуде. Биыл  балабақшадағы 800 педагог, 2025 жылы 1000 педагог біліктілік курстарынан өтпек. Сонымен қатар балабақша жүйесі сатылай цифрлы жүйеге өтіп, сапа мен баланың келіп-кетуінің электронды қада­ғалау енгізіледі. 

Балалар қауіпсіздігі де назардан тыс қалмады. Мектептерге 7 мыңнан астам бейнекамералар орнатылып, Полиция департаментінің жедел басқару орталығына қосылған. Мемлекеттік 938 (оның ішін­де: 909 – мектеп; 25 – колледж; 4-бала­лар ауылы мен жасөспірімдер үйі) білім беру мекемелері 100% дабыл батырмасымен қамтылып, жедел басқару орталығына қосылған. «Кәсіби күзет қызметімен қамтамасыз етілуге тиіс бала саны 300-ден жо­ғары 573 білім беру ұйымдары толық лицензияланған күзет қызметіне өтті. Облыстағы 179 білім беру ұйымының 102 шақырым қоршауы жаңғыртылды. Мектеп алды көшелерде жарықтандыру жүйелері мен арнайы жол белгілері орнатылды»,–  деп атап өтті Жандос Маханбетұлы. 

Өңірдегі білім беру ұйымдарында жүргізіліп отырған инфрақұрылымдық жұмыстар да қарқынды. Былтыр өңірде 20 мектеп пайдалануға берілсе, биыл облыста 43 мектептің құрылысы жүргізіліп жатыр. Оның 29-ы «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы арқылы болса, қор есебінен 14 білім ордасы бой көтеруде. Сондай-ақ биыл 100-ден астам оқу орнының ғимаратына биылғы жөндеу жұмыстары жүргізілуде. 106 білім беру ұйымының жылыту жүйесі газға ауыстырылған.

Сонымен қатар «Жайлы мектеп» ұлттық пилоттық жобасына енген мектептердің директоры бос тұрған лауазымдарына директор тағайындау кезіңде «Білім берудегі 1000 көшбасшы» кадр резервіне енген педагогтерді тағайындауға басымдық берілетін болады. Сондай-ақ осы мектептерде жұмыс істейтін 41 басшылық құрам мен педагог кадрлар Алматы қаласында орналасқан Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінде және «Назарбаев Зияткерлік мектептері ДББҰ» Педагогикалық Шеберлік орталықтарында арнайы курстардан  толық өтпек. Жоба аясында енгізілетін мектептерде педагогикалық кадрлармен сапалық жағынан қамтамасыз ету мақсатында жұмыспен қамтылмаған «Үздік», «Қызыл диплом» түлектердің тізімін сұратып және жұмысқа орналасуға түсіндірме жұмыстарын жүргізуге ықпал жасау мақсатында М.Әуезов атындағы ОҚУ, әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университеті, Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеттеріне хаттар жолданылып, бірлесе жұмыстар атқарылуда. Осы ретте, жаңадан ашылатын мектептерді немесе облыстағы жалпы мектептерді орындық, парта, тақта және тағы басқа қажетті жабдықтармен қамтамасыз ету мен мектептің ішкі бөлігін безендіруде Binom School мектептер желісінің тәжірибесі енгізілу жоспарлануда.

Балалардың соңғы технологиялармен жабдықталған жаңаша сыныптарда білім алуы үшін шағын мектептерді қоспағанда (олар 82) 826 мектептің 2 201 арнайы пән кабинеттерімен қамтылған. Оның ішінде 1 256-сы жаңа модификацияланған пәндік кабинеттер, бұл көрсеткіш – 57%-ды құрайды (физика кабинеті – 444, химия кабинеті – 428, биология кабинеті – 359, STEM кабинеті – 25). 2024 жылы – 305 пәндік кабинет алу үшін облыстық бюджеттен 4 млрд теңге қаралып, қазір мемлекеттік сатып алу жұмыстары жүргізілуде. Жалпы, кабинет саны 2 506-ны құрап, көрсеткіш 85,6%-ды құрайды деп жоспарлануда.

Цифрландыру бағытында биыл 1-6-сыныптар 100%, ал 2025 жылы 7-11- сыныптар 100% электронды оқулықпен қамтылады. Цифрландыруда өңірдің ерекше атап өтер тұсы – орта білім беру жүйесі толықтай отандық электронды жүйеде жұмыс істеп, негізгі пәндер бойынша тегін 30 мыңнан аса интерактвті сабақтарға, түлектерге арналған 100 мыңға жуық тегін тесттерге қол жеткізіп отыр.

«Балаларға қатысты болатын суицидтік фактілерінің 64 пайызы ата-анаға, 20 пайызы психологиялық қысымдарға, 16 пайызы қарым-қатынастың бұзылуына байланысты болады. Қауіпті жағдайға ұшыраудың жолын кесу бағытында 2023 жылы «Бестерек» жобасы енгізіліп, оған облыстық бюджеттен 100 млн теңге қаржы бөлінді. 2024 жылы бұл бағытта екі жоба дайындалып, оған 111 млн теңге қаралды», – дейді Жандос Маханбетұлы бізбен әңгімесінде.

Олар: буллинг, кибербуллинг, деструктивті мінез-құлық, лудомания және кәмелетке толмағандарға арналған отбасылық терапия бағыты; өгей әкелермен жұмыс, отбасы мүшелері үшін отбасылық терапия жобасы  тағы бар. 

Облыстағы бастауыш сыныпта оқитын 187 832 бала былтыр бір реттік ыстық тамақпен қамтамасыз етілді оған облыстық бюджеттен 6,2 млрд теңге қаржы қаралды. Қазір облыста 20 мектеп интернаттағы тамақтандыру мәселесі мемлекеттік-жекешілік әріптестік шеңберінде оң жолға қойып, асханалардың материалдық-техникалық базасы нығайды. Тамақ сапасы артып, оқушылар мен ата-аналар тарапы разылығын білдіруде. Осы 20 интернаттың ата-аналары өз баласының күнделікті тамақтануын онлайн режимде қашықтан қадағалауға мүмкіндік алды. Бұл – үлкен жетістік. Қосымша тағы да мемлекеттік-жекешілік әріптесік жобасы арқылы 18 мектеп-интернаттың мәселесі шешілді.

Бұдан өзге қазір жаңа 2024-2025 оқу жылына облыс көлемінде МЖӘ аясында 58 жоба дайындалып, кәсіпкерлерге 10 жылға дейінгі мерзімде жалға беруге ұсыну жоспарлануда, бұл өз кезегінде өңірдегі асханасы жоқ 70 мектептің және 45 жаңғыртуды талап ететін мектеп асханаларын қоса алғандағы мәселенің шешімін табады деп күтілуде. 

Облыс бойынша 180 елді мекенде 15 225 бала мектепке тасымалданады. «Балалар жылы» аясында Мемлекет басшысының тапсырмасымен облыс мектептеріне лизинг тәсілімен «Өнеркәсіпті дамыту қоры» АҚ арқылы 101 заманауи автобустар алынған.

Жаңа оқу жылында оқушылар тасымалы мемлекет теңгеріміндегі 120 (оның ішінде: жаңа – 101, бұрынғы –19 автобус) және мердігер фирма меншігіндегі 68 автобус арқылы ұйымдастырылған.

Техникалық және кәсіптік білім беру (колледж) – жұмысшы кадрларды даярлаудың негізгі буыны. Облыста былтырғы жылы 50 колледжде 41 270 студент білім алды.  2023-2024 оқу жылына бөлінген 15 344 орын толық игерілді (мемлекеттік – 11 514, жекеменшік – 3 830). Студенттердің сабаққа қатысу бойынша, мониторинг жұмысын автоматтандыру мақсатында басқармаға қарасты 25 мемлекеттік колледж өз қаржаты есебінен білім алушылардың сабаққа қатысуларын қашықтан қадағалау үшін FACE ID ақпараттық жүйесі орнатылды. Нәтижесінде, 2024 жылды FACE ID ақпараттық жүйесі басқармамен интеграцияланып толық автоматтандырылды.

Назгүл НАЗАРБЕК.