Inicio Білім ТҮРКІСТАН: РУХАНИ ҚАЛАДА ОҚЫРМАНДАР САНЫ АРТУДА

ТҮРКІСТАН: РУХАНИ ҚАЛАДА ОҚЫРМАНДАР САНЫ АРТУДА

Өңірде «Ашық әкімдіктегі ашық кітапхана» жобасын жүзеге асырып отыр. Өткен жылы жоба аясында бірқатар ауданда, қалалық әкімдікте  жылжымалы кітап пункті ашылған болатын.Түркістан қаласы бойынша 13 кітапхана, оның ішінде 1 орталық кітапхана, 1 балалар кітапханасы, 11 қалалық кітапхана филиалдары жұмыс  істеп тұр.

Кітапханалар толығымен интернет желісіне қосылып, компьютерлік техникамен қамтамасыз етілген. Кітап қорында  – 350453 дана кітап бар, қаламызда ең бір іргелі рухани-мәдени ордаға айналып отырған Түркістан қалалық Орталық кітапханалар жүйесінің директоры Малдыбекова Гүлзада  Жұмағалиқызымен сұхбаттасқан едік.

– Кітап оқитын мемлекеттік қызметшілер бар ма бізде? Әкімдер кітап оқи ма?

– Оқиды, оқып жатыр екен. Сол пунктте отырған қызметкерімізден сұрап біліп отырмын, сұраныс бар.  Алдағы уақытта базарлдар мен сауда үйлерінен де осындай пункттер ашуды қолға алмақпыз. Жалпы, бұл тәжірибе бұрыннан бар нәрсе. «Жылжымалы кітапхана» деген Кеңес кезінде жақсы, жүйелі жүргізілетін. Зауыт-фабрикалардың жұмысшыларына, ол кезде  алыс ауылдарға үгіт-насихат бригадасы  деген болушы еді. Үгіт-насихат бригада құрамында мәдениет үйінің қызметкерлері  алыс ауылдардағы шопандарға-малшыларға өнер көрсетсе, біздер кітапханашылар    сол малшыларға кітап  апарып беріп отыратынбыз, келесі барғанымызда оқып болғанын алып қайтатынбыз. Мен өзім еңбек жолымды жас маман ретінде сол «пердвижкда» бастаған адаммын.

Әкімдерден кітапқұмар, әдебиет сүйер азамат деп қаламыздың бұрынғы әкімі, марқұм Әліпбек Өсербаевты ерекше атар едім. Ол ешқашан қоңыраулатып, яки көмекшілерін жібертіп кітап сұратпайтын. Тіпті оның келгенін де аңғармай қалушы едік. Келеді залға, кітап қорына кіріп кетеді. Кітапханашы қыздар «Апай, әкім келіп кітап қарап жатыр» деген соң жанына барып, сәлемдесіп, жөн сұрасамын ғой. «Жарайды, жұмысыңды істей бер, алаңдама. Өзім тауып аламын, деп  керек кітаптарын жаздыртып алып кететін.  Сосын маған телефон соғады: «Мына кітаптың алғашқы басылымдарын тауып қойшы.  Қолымда осы кітаптың  жаңа редакциямен шыққаны  бар. Мына кітап басылғанда бәленінші бетіндегі, бәлен абзац тұтасымен жаңа нұсқада қалып қойған» дейді. Сонда кітапты түгел жаттап алғаны ғой. Осы уақытқа дейін небір оқырманды көріп келемін, мынадай  кітапты егжей-тегжейлі қарап, ыждағаттылықпен  оқитын адамды сирек кездестірген екенмін. Әліпбек Шәріпбекұлы біздің тұрақты оқырман болды. Кітапхана келіп жүріп жағдайымызды ғимаратымыздың көне екендігін көзімен көрді. «Кеңейту керек, жаңа үлгіде кітапхана салуымыз керек» деп  оның сметалық-жобасы  жасалып, мақұлданып  жатқан кезде ол кісі облысқа ауысып кетті де кейінгі бір әкімнің тұсында бітті. 2014 жылы екі қабатты жаңа ғимарат пайдалануға берілді, алайда ойдағыдай болмады, оқырман залдары шағындау болды. Кітапхананың өзінің бірнеше бөлімдері бар. Олардың әрқайсысының өзіндік қызметі, орны бар. Соған қарай кабинеттерді жасақтап, кітап қорымыз жер төледе  болсын дегенбіз,  бірақ бұл жоспар  жүзеге аспады. Осы орталық бөлімнің өзінде 117 00 кітап қоры бар. Мына  ғимаратта 4 бөлмеде, екі қабатты жаңа ғимаратымыздың 4 бөлмесінде бөліп орналастырдық, аздап тарлық етеді. Дегенмен,  шүкір дейміз. Әліпбек Шәріпбекұлы кейін келіп көріп: «Гүлзада, кітапхананы құртып алыпсың ғой. Оқырман залы мейлінше кең, сәулетті  болсын деп едік қой» дегені әлі күнге есімде.Рухы шат болсын, мәдениетке жанашыр жан еді…

Жасыратыны жоқ, бүгінде смартфон қолымыздан түспейтін болды. Адамдар бұрынғыдай кітап оқымайтын шығар. Кітап оқуға шақыру, тәрбиелеу үшін не істеу керек деп есептейсіз және не істеліп жатыр?

– Кітап оқу қалды деп кесіп айтуға болмайды. Сонау 90-жылдардың тоқырауы тұсында біраз уақыт кітап оқылмай қалғаны рас. Елдің көбі базар жағалап кетті.  Рас, қазір смартфонды жаппай пайдаланамыз, оның мүкіндігі шексіз,  алайда кітаптың жөні бөлек. Әлі де кітап оқитын, тұрақты оқырмандар, кітапқұмар адамдар баршылық. Кешегі жазғы каникул кезінде зейнеткер аға-апаларымыз немерелерін жетектеп, кітап алдыртып, өздері де үлгі болып кітап алып  кетті. Не істеліп жатыр дегенге келсек: жылдың басында Түркістан облыстық «Фараб» әмбебап-ғылыми кітапханасында Түркістан облыстық мәдениет басқармасыынң ұйымдастыруымен «Кітап Тravel-2023» акциясы өтті. Бұған әр ауданнан кітапханалар келіп «Шежірелі өлкеден – рухани Темірқазыққа» атты шарада «Көркем мінез көркем әдебиеттен» тақырыбымен өңірлік кітапханалардың таңдауымен 5 кітаптан тұратын инсталяциялық кітап көрмесі өткізілді. Біз де қатыстық.

Біздің  балалар кітапханасының ұйымдастыруымен «Ертегі тыңда балақай» жобасы аясында «Сиқырлы сандықтағы ертегілер» атты тақырыпта беби шоу болып өтті.     Жалпы, кітап оқитын ұрпақ қалыптастырамыз десек өзіміз үлгі болуымыз керек. Балаң кітап оқысын десең өзің оқуың керек.Сәуір айында  «Әлемді кітап арқылы оқимын» атты балалар арасында қалалық байқау болып өтті. Қалалық іріктеуден оза шапқан оқырман облыстық байқауға жолдама алды.Осы байқау барысында балалардың оқыған кітабы бойынша түсінігін түрлі қойылым қою, бейнелеу арқылы жеткізгенде олардың  кітапқа деген құштарлығы зор екеніне көзім жетті.

Кітапхана жанынан «Замандас» клубы құрылған. Осы клубтың белсенді мүшелерінің қатысуымен  Аналар мерекесі, Наурыз мерекесіне орай т.б. түрлі әдеби кештер, поэзия кештері ұйымдастырылып тұрады. 

  • Сіздер зерттеу жасайтын шығарсыздар, сонымен кітапті кімдер көбірек оқиды екен? Жастар жағы ма, орта буын ба, қарттар ма?

            – Соңғы уақытта жастарда оқуға деген белсенділік бар. Орта буыннан да, аға буын өкілдерінен кітап оқитын адамдар бар.  Бірақ олардың әрқайсысының бағыты бөлек. Жастар жағы мотивациялық, бизнес  әдебиеттерді, тұлғалық дамуға арналған кітаптарды  көбірек оқыса  үлкендер тарихи кітаптарды көп оқиды. Бізге жылда бюджеттен кітап сатып алу қаржы қаралады. 2022 жылға 500,0 мың теңге қаралып брайль қаріпіндегі 132 дана кітап пен балаларға арналған кітаптар сатып алынса, 2023 жылы 2000,0 мың,2024 жылға 2 500 млн  теңге қаралды. Біз  оқырмандар сұранысынын қанағаттандыру үшін алдағы уақытта   мотивациялық кітап сатып алуға басымдық беруді жоспарлап отырмыз. Біз жылда Ә.Нұршайықовтың «Махаббат қызық мол жылдар» кітабын сатып аламыз, десе де жеткізе алмай қаламыз. Қолдан қолға өтіп, қатты оқылатын сұранысқа ие кітап. Бұл кітапты жастар  жақсы оқиды.

  • Жалпы, қандай  кітаптарға оқырманның сұранысы зор?

–М.Әуезовтің «Абай жолы», Ә.Нұршайықовтың «Махаббат қызық мол жылдары», І.Есенберлиннің  «Көшпенділері»,  Б.Момышұлының «Ұшқан ұя», М.Мағауиннің «Аласапыран» Қ.Жұмаділовтің  т.б,  тарихи романдарға сұраныс жоғары. Ә.Кекілбаев, Д.Исабеков, С.Мұратбеков, Т.Әбдіктердің кітаптары да жақсы оқылып жатыр. Негізі оқырман сұранысы деген бір қызық дүние ғой. Өткен жылы бір оқырман К.Маркстің «Капиталын» сұрады. Төрт жыл бұрын бір кісі «История КПСС»  кітабын сұрап келген адам болды.  Ұлы  шетелде университетте оқиды екен, зерттеуге КСРО тарихын берген сияқты түсінуім. Маршалл  Г.К.Жуковтің «Воспимания и размышление» кітабын іздеп  оқитын үлкендеріміз бар. Осындай  кітаптар қорда сақтаулы. Бізде, әсіресе көркем әдебиет бағыты бойынша бұрынғы, (1940-50 ж.ж.) басылымдар сақталған. Базбір ғылыми зерттеушілер мен ізденушілер көп жерден таппаған кітаптарын бізге келіп тауып, пайдаланып, ризашылықтарын білдіріп жатады.

            – Кітаптардың сақталу деңгейі қалай? Бұл жағынан мәселе жоқ па? Қандай проблема бар?

– Жоқ, кітаптардың барлығы таза, жарық бөлмеде тұр. Ылғалдану қауіпі жоқ. Шүкір қала әкімдігі қолдап отырады. Өткен жылы ағымдағы жөндеу жұмыстарына қаржы  қаралып,  орталық кітапхана ғимаратына ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізіліп, оқырмандарға қолайлы жағдай жасалды. Қала әкімі Н.Тұрашбековтің  идеясымен заманауи электронды кітапхана  жасақтау жоспарымызда бар. Біз қазір осы жобаны  қарастырып жатырмыз, жобамыз мақұлданып, қаржысы бекітілсе бір филиалымыз электронды кітапхана болып жабдықталады.  Біздің балалар кітапханасы бөліміміз уақытша №27 мектеп ғимаратында отыр. Жалпы, қаламыз көркейіп,облыс орталығына айналғалы бері қатты дамып жатыр ғой. Осы ретте бізге қаланың  көркіне сай, заманауи талаптарға келетін, балалар кітапханасы да барлығы сыятындай жаңа ғимарат салынса деген тілек бар. 

  • Әңгіме сұхбатыңызға  рахмет, оқырмандарыңыз арта берсін!