Inicio Білім ТҮРКІСТАН: РЕСПУБЛИКАЛЫҚ СЕМИНАРДА ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫ КІТАПХАНАШЫЛАРЫ ТОП ЖАРДЫ

ТҮРКІСТАН: РЕСПУБЛИКАЛЫҚ СЕМИНАРДА ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫ КІТАПХАНАШЫЛАРЫ ТОП ЖАРДЫ

«Біз, ең алдымен, жастарды кітап оқуға баулуымыз керек. Сонда жаппай кітап оқитын ұлтқа айналамыз. Тәуелсіздік кезеңінде елімізде кітапхана ісі кенжелеп қалды. Тоқсаныншы жылдардағы аласапыран уақытта мыңдаған кітапхана жабылды. Миллиондаған кітап қорынан айырылдық. Соңғы жылдары жағдайды түзеу үшін әрекет жасалып жатыр».

   –Кітапхана – мемлекеттің, ұлттың негізгі жады. Еліміз үшін құнды тарихи деректер мен материалдардың дені кітапханада сақталады. Сондықтан кітапхана ісін дамытуға бей-жай қарауға болмайды. Кітап оқырманға қолжетімді болуы керек. Өздеріңізге мәлім, мен былтыр Түркістанда өткен құрылтайда елімізде тәулік бойы жұмыс істейтін заманауи кітапхана салу туралы айттым. Ондай кітапханалар көптеген елде бар. Менің тапсырмаммен Алматыда және Астанада көп ұзамай осындай тамаша ғимараттар бой көтермек. Жалпы, бұл саланы жетілдіру үшін басқа да ауқымды шараларды қолға алу қажет. Алматыда кейбір кітапханалар заман талабына сай жаңғыртылды. Онда жастардың шығармашылықпен айналысып, білімін ұштауына толық мүмкіндік бар. Облыс әкімдері осы жақсы тәжірибені жалғастыруы керек.

   Кітапқұмарлық – жақсы қасиет. Мысалы, көптеген мемлекет Ұлттық кітап күнін атап өтеді. Бөріхан Нұрмұхамедов, Айдос Сарым, Данияр Әшімбаев бастаған құрылтай мүшелері осындай бастама көтерді. Мен олардың Ұлттық кітап күнін белгілеу туралы ұсынысын қолдаймын. Бірақ оны мазмұнды етіп өткізу қажет. Мысалы, түрлі іс-шаралар ұйымдастырып, арнайы жәрмеңкелер өткізу қажет. Шын мәнінде, озық ойлы ұлт болудың ең төте жолы – кітап оқу. Сондықтан кітап оқу мәдениетін қоғамда барынша орнықтыруымыз керек, деді Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ұлттық құрылтайдың «Адал адам – Адал еңбек – Адал табыс» атты үшінші отырысында сөйлеген сөзінде.

Осы ретте, жуырда Павлодар облысы Баянауыл ауданында «Табиғат аясында кітап оқу» тақырыбында кітапхана әдіскерлеріне және мектеп кітапханашыларына арналған республикалық семинар өтті.  Іс-шараны Мемлекет басшысының бастамасымен бастау алған «Оқуға құштар мектеп – оқуға құштар ұлт» жобасы аясында ҚР Оқу-ағарту министрлігінің Республикалық ғылыми-педагогикалық кітапханасы ұйымдастырған.

Семинар салтанатты түрде аудандық білім бөлімі өкілдерінің және Ш.Айманов атындағы жалпы орта білім беретін мектеп-интернат директорының құттықтау сөздерімен  ашылды.  «Көкжиек-Горизонт», «Абай», «Шұғыла» баспаларымен қоса «SMARTKITAPHANA» мектеп кітапханашыларын автоматтандыру және цифрландыру» тақырыбындағы үздік жобаны «Edlıne» ЖШС бизнесті дамыту менеджері Арман Ажимуханов таныстырды. 

Кітапхана саласына тың серпін берген семинарда Баянауыл ауданының ең көрікті жерлері Сабындыкөл жағалауында «Қазыналы Баянауылдағы Сабындыкөл жағалауында кітап оқу тақырыбында» Астана, Алматы, Шымкент, Қарағанды облыстары әдіскерлері мен мектеп кітапханашылары іс-шараларын таныстырса, «Аңызға толы табиғаты көркем Жасыбай көлінің жағалауында кітап оқу» тақырыбында Абай, Алматы, Атырау, Жамбыл, Түркістан облыстары өз көрсетілімдерін ортаға салды. 

«Ақбет тауының етегіндегі Торайғыр көлінің жағалауында кітап оқу» тақырыбында өз іс-тәжірибелерін Батыс Қазақстан, Жетісу, Павлодар, Ұлытау облыстары да көрсетіп өтті. Көркіне көз тойғысыз Баянауыл тауларында Қызылорда, Солтүстік Қазақстан, Шығыс Қазақстан, Ақмола облыстары әдіс-тәсілдерімен алмасты.

Алғаш рет табиғат аясында өтіп отырған ауқымды семинар жоғары деңгейде өтті. Нәтижесінде Түркістан облысы жүлделі I орынды қанжығасына байлады. Баянауыл өлкесінің саф ауасын жұтып, табиғатта кітап оқуды насихаттау және Қазақстанның көрікті жерлерін таныту мақсатында өткен семинар өз жалғасын табады.