Inicio Білім ТҮРКІСТАН: КИЕЛІ ШАҺАРДАҒЫ БІРЕГЕЙ БІЛІМ ОРДАСЫ

ТҮРКІСТАН: КИЕЛІ ШАҺАРДАҒЫ БІРЕГЕЙ БІЛІМ ОРДАСЫ

Қазақ поэзиясының дүлдүлі, «ХХ ғасырдың Гомері» атанған жыр алыбы Жамбыл Жабаев атындағы №11 жалпы білім беретін мектебі жайлы болмақ бүгінгі әңгімеміз. Осы орайда қаншама жылдық жүйелі жұмыстары арқылы ұстаз бен шәкірт арасындағы алтын көпірге айналған тарихы терең, тағылымы мол Жамбыл Жабаев атындағы білім ұясы жайлы оқырман назарына ұсынып отырмыз.

Тарихы ертеден тамыр тартқан мектептің ең алғаш 1961 жылы іргетасы қаланған білім ордасы сол жылы қолданысқа беріліп, төрт жылдық тәлім мекемесі болып ашылған. Алғашында қазақ, өзбек, орыс тілдерінде ғана бала оқытатын білім ордасы тағылымды тарих беттерінде талай түлекті тәрбиелеген еді. Ал біз барған жаңа ғимарат 2015 жылы тұрғындар игілігіне пайдалануға берілген екен. Аталмыш білім ордасы 300 орындыққа арналса да, қазіргі таңда 634 оқушы екі ауысыммен білім алып жатыр. Білім ордасын басқарғанына 1 жарым жыл ғана уақыт болса да өзінің ізденімпаздығы мен талапшылдығының арқасында ұжымды біріктіріп, білім ұясына көптеген жаңашылдықтар енгізіп, мектептің техникалық базасын жаңартуға үлкен ықпал жасаған мектеп директоры Өмірбекова Индира Сатыбалдықызының еңбек өтіліне тоқталар болсақ, ол 18 жылдан аса қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі болып шәкірт тәрбиелеген білікті ұстаз. 600-ден аса баланың талабын байқап, талғамынан шығып, қалауын таба білген ұстаздар қауымына, зайырлы мемлекеттің ертеңі үшін зияткер шәкірттер тәрбиелеп заманауи білім ордасына айналдырған ұжымға айтар алғысымыз шексіз. Сөзімізге дәлел болсын, аталмыш оқу ордасындағы шәкірттердің ішкі мәдениеттері мен үлкенді сыйлау, үлкенге сәлем беру секілді тағылымды тәрбие мен білімді бойына жиып, армандарына қанат бітіріп жатқанының куәсі болдық. Кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі ювеналды полиция тіркеуінде тіркелгендер жоқ. Биылғы оқу жылында мектепті бітіруші түлектер саны – 21, оның ішінде 3 алтын белгіге үміткер бар. Олар ғылыми жоба, олимпиада, т.б жетістіктері бар 11 сынып оқушылары – Райымжан Асылай, Тұрсын Айжан, Хасан Зарина. Сондай-ақ 2 үздік аттестат иеленуге үміткер бар. Олар: Кабулова Гулжаухар мен Құжат Мөлдір. Мектеп ұжымы түлектердің 90 пайызынан жоғары үміт күтіп отыр.

Жыл сайынғы бітіруші түлектердің білім нәтижесіне қарай мектептің мәртебесі өсетіні белгілі. Жоғары көрсеткіш көрсету мектеп ұжымының тынымсыз еңбегі мен шәкірттердің білімге деген ынта-жігеріне байланысты десек қателеспейміз. Мектепте 86 мұғалім оқушыларға білім беріп, шәкірт тәрбиелеуде. Оның ішінде 26 мұғалім педагог-зерттеуші, 15 мұғалім педагог-сарапшы, 25 мұғалім модератор, 3 мұғалім педагог санатында. Сонымен қатар білім ордасында жоғары санаттағы, еңбек өтілі 25-30 жылдан асқан тәжірибелі педагогтер білім береді.  Мектептің материалдық-техникалық жағдайы жақсы, мектеп базасы соңғы үлгіде жаңартылған, барлық кабинет заман игілігіне сай LED экрандарымен және жаңа технологиялармен жабдықталған. Осы орайда қаншама атқарылып жатқан жұмыстар мен жаңашылдыққа жасалған бетбұрыстардың артында «бір әттеген-айы» бары жасырын емес. Неге десеңіз, аталмыш білім ұясында интернет жылдамдығы небәрі 20/40 МГ-ты құрайды. Кейде сабақ барысында барлық LED экрандары қосылған жағдайда интернет сапасы нашарлайтыны, шетте орналасқандықтан жиі жарық та өшіп жататыны тағы бар. Ал «Қазақтелеком» арнайы онлайн тестілеу кезінде интернет сапасын жақсартып бергенмен, одан бөлек жай күндері мектепте байланыс сапасы көңіл көншітпейтіні тағы бар. ХХ ғасырда «Жамбыл – менің жай атым, Халық – менің шын атым» деп жырлаған жыр алыбы халықтың ғасырлар бойғы көкейінде жүрген арманын өлеңмен жеткізген еді. Біз редакция тарапынан халықтың көкейіндегі арманы мен тілегін тиісті орындарға жолдап, алдағы уақытта мәселелер толығымен шешілуіне ықпал жасайтын боламыз.

Мектептің материалдық-техникалық жай-күйі жақсы деңгейде дедік қой, жоғарыда. Оған себеп те бар. Бізді таңғалдырған дүние –  бұл мектепте бұлжымас жүйе қалыптасқан секілді. Ол – оқушының талабы мен қалауын табу арқылы жетістікке жету жолы. Тіпті еңбек пәні кабинетінің бір бөлігін оқушылардың жасаған бұйымдарын жинақтап, мұражай секілді жасақтап қойған. Ол жерге домбыра, қобыз, киіз үй және т.б. секілді түрлі ұлттық-мәдени бұйымдар топтастырылған. Түрлі техникалар мен станоктар, мұрын жарар ағаштың иісі бәрі де өзгеше әсер сыйлайды. Жуырда еңбек пәні барысында «Біз қамқоршы баламыз, құстарға ұя саламыз!» атты акция өтті. Акция аясында қоршаған ортаны жанашырлықпен қорғауға бейімделіп, құстарға арнап пән бірлестігі мен оқушылар бірігіп жасаған құс ұяшықтарын мектеп ауласындағы ағаштарға іліп шықты.

Биылғы оқу жылында 1-4 сыныптарда оқитын 223 оқушыны ыстық тамақпен қамтамасыз ету жұмыстары ұйымдастырылды. Сонымен қатар «Жалпыға міндетті білім қоры» есебінен жеке санаттағы 67 оқушы ыстық тамақпен қамтылып отыр. Тамақ сапасы мен құнарлығы мектеп оқушыларының ата-аналары арасында үнемі бақыланып отырады. Сондай-ақ күнде таңертең мектеп медбикесі мен социология маманы асхананы тексеріп, асханаға жеткізілетін тамақ өнімдерінің сапасына, тағамдарды дайындау технологиясына, өнімдердің және дайын тағамдардың сақтау мерзімдері мен жағдайларына үнемі қатаң қадағалау жасайды. Асхананың материалдық-техникалық базасы жақсы деңгейде. Қойма бөлмесі, мұздатқыш, ауа тазалағыш жұмыс жасап тұр. Жасөспірімдердің ішетін тамақ нәрлілігі мен құрамы талапқа сай болуы мектеп ұжымы үшін басты назарда. Бұл да бір мектепішілік қалыптасқан ішкі жүйе деп түйдік. Өзге мектептерге де бұл тәжірибелерді іске асырсақ деген ой туындады.

Ұрпақ тәрбиелеу жолында ешбір кедергіге қарамай, әрқашанда даму жолынан тайқымай келе жатқан берекелі мектеп ұжымының жұмыстарына тоқталып өтейік.

Бірер ай бұрын ғана қалалық мектептер арасында үлкен бастама бастап, «Ата-аналарды қолдау» кабинеті мен «Би», «Домбыра», «Робототехника» үйірме кабинеттерін ашқан болатын. Цифрландыру заманында балаларға ең қажетті осындай үйірмелердің ашылуы – оқушылар, ұстаздар, ата-аналар тарапынан үлкен қолдау тауып, зор қуанышқа бөледі. Қалалық білім бөлімінің басшысы Оразкүл Шайхықызы ашылу салтанатына арнайы қатысып, лентасын қиып, қазақтың қара домбырасының күмбірлеген күйін тыңдап, бишілердің биін көріп, ІТ – технологияларын тез меңгеріп алған «Робототехника» үйірмесі бойынша оқушылардың жұмысымен танысты.

Үйірмелер жайлы айта кетейік, «Би» үйірмесіне 40-қа жуық оқушы қатысып, мектепішілік байқауларда өнер көрсетеді. Алдағы уақытта қалалық, облыстық байқауларда өнер көрсетуге ниетті. Ал домбыраны өмір бойы жанына серік еткен Жамбыл Жабаев мектебінде ашылған «Домбыра» үйірмесінде 15 оқушы өз өнерлерін ары қарай дамытып, ұлттық құндылықтарды бойына ұялатуда. Сондай-ақ «Робототехника» үйірмесінде жалпы екі ауысымда 4-8 сыныптар аралығында 20 оқушы қатысып, түрлі роботтарды құрастырып, уақытты тиімді өткізеді. «Робототехника» үйірмесінің кабинетінде шахмат үйірмесі де бар. Баланың ой-қиялын ұштап, армандарына қанат жалғау үшін атқарылып жатқан жұмыстардың пайдасы ұшан-теңіз.

Білім ордасының оқушылары Ә.Сұлтанмұрат «Робот Бармен» жобасының қалай жүзеге асатынын көрсетсе, Д.Мүтәлбек «Жүк тасушы робот» жобасын көпшілікке таныстырды. Қазіргі таңда мобилография мамандығына сұраныс өте жоғары екенін білеміз. Осыған орай М.Бейбітхан «Оператор робот» жобасын жоғары дәрежеде түсіндіріп өтті. Ал Б.Бейбітхан оқушыларға ең қажетті жол ережесін сақтауды үйрететін «Үкі роботы» жобасын таныстырды. Жиын соңында қалалық білім бөлімінің басшысы О.Шайхықызы білім ордасындағы атқарылып жатқан игі істерге оң бағасын беріп, үйірме жетекшілері мен пән мұғалімдеріне сенім білдіріп, үнемі ізденісте жүруді қалайтын, өмірге жаңашылдықпен қарайтын мектеп басшысы Индира Сатыбалдықызы мен орынбасарларына, жалпы мектеп ұжымына үлкен алғысын білдірді.

Сонымен қатар мектепішілік 5-10 сыныптар арасында «Үздік жүргізуші-2024» байқауын өткізіп, көркем сөз шеберлерінің өнерін дамытып, әртүрлі жанрдағы мәдени шара жүргізушілерді анықтап, шығармашылық орта қалыптастыруда. Байқау оқушылардың жас ерекшеліктеріне қарай 2 кезеңнен тұрды. 13 жұп қатысқан байқау нәтижесінде 5-6 сыныптар арасында 6 «А» сыныбының жүргізушілері Сейдулла Алинұр мен Сырлыбек Ақниет, 7-10 сыныптар арасынан 7 «А» сыныбының жүргізушілері Мүтәлбек Досымжан мен Бейсенбай Диана «Бас жүлдені» иеленді.

Бірер уақыт бұрын білім ордасында қыз баланың биязылығы мен сымбатының көрінісі болған қолаң шашты, бұрымды қыздарымызды тәрбиелілікке, инабаттылыққа баулу мақсатында 5-9 сыныптарының бұрымды арулары арасында мектепішілік «Бұрымды қыз – 2024» байқауы өтті. Байқауға қатысушы қыздар 4 кезең бойынша сайысқа түсіп, 5-6 сыныптар арасында – Нұрланжан Бегім, 7-9 сыныптар арасында – Көшербай Айша «Бас жүлдені» жеңіп алды.

Сондай-ақ Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігінің жоспарына сүйене отырып 2024 жылдың 20 наурызы күні республикалық «Күй күмбірі» атты республикалық челленджі өткізілді. Челленджге «Домбыра» үйірмесінің 5-10 сынып оқушылары қатысып, «Тепең көк», «Келіншек» күйлерін орындады. Білім алушылардың рухани-адамгершілік мәдениетін, эстетикалық, патриоттық сезімдерін тәрбиелеу, елдің мәдени мұрасын сақтау, балалардың домбырада ойнау өнерін насихаттауды мақсат еткен челлендж ойдағыдай өтті.

Сонымен қатар Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес мектеп директоры Өмірбекова Индира Сатыбалдықызының ұйымдастыруымен «Таза Қазақстан» акциясы бойынша «Таза мектеп, таза аула» тақырыбында мұғалімдер мен кіші қызметкерлер арасында сенбілік өткізілді. Сондай-ақ «Таза Қазақстан» акциясы аясында «Өнегелі ұрпақ» апталығында мектеп ұстаздары қасиетті Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің маңына тазалық жұмыстарын жүргізуге атсалысты.

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйке Наурызнаманың онкүндігінде де мектеп ұжымы белсене атсалысты. Мәселен, ұлттық спорт күнінде мектепте денешынықтыру пән мұғалімдерінің ұйымдастыруымен өткен «Арқан тарту», «Тоғызқұмалақ», «Асық ату», «Қазақша күрес», «кір тасын көтеру», «ләңгі» ойыны секілді ұлттық спорт түрлеріне оқушылар белсене қатысты.

Ал жаңару күнінде мектеп ұжымы болып ағаш егу дәстүріне атсалысты. Мектеп басшысы Индира Сатыбалдықызы бастаған мектеп әкімшілігі, ұлағатты ұстаздар, кіші қызметкерлер бірігіп мектеп ауласына шырша, қара тал, раушан гүлдерін отырғызды.

Сонымен қатар Қайырымдылық күніне орай оқушыларға «Қазақстан халқына» қорының «Жаздық жолдама – 2024» қайырымдылық жобасы бойынша берілген сертификатын мектеп оқушыларына тапсыру салтанатты іс-шарасы өтті.

Жаңа заманда сахналық қойылымдар қою арқылы сабақ өту үрдісі қалыптасып келеді. Осы орайда қазақ тілі мен әдебиеті апталығында пән мұғалімі Жұманова Фариза 8-сынып оқушыларымен дайындаған Д.Исабековтың «Әпке» драмасынан қойылым көрсетті.

Сонымен қатар халықаралық әйелдер күні мерекесінің қарсаңында «Білім және ғылым қызметкерлерінің кәсіподағына сіңген еңбегі үшін» төсбелгісімен мектеп директоры Индира Сатыбалдықызы мен информатика пәні мұғалімі Тұрсынмұратова Гүлмария марапатталды.

Жақында мектеп ұжымы мен оқушылар Түркістан қалалық бөліміне қарасты жалпы білім беру ұйымдары арасында өткізілген «Қазақстан біздің жалғыз отанымыз» атты қалалық өнер фестиваліне қатысып, жоғары деңгейде өнер көрсеткені үшін ІІ орынға ие болып, дипломмен марапатталды.

Сонымен қатар білім ордасында «Біртұтас тәрбие» бағдарламасы және «Даналық мектебінің» жұмысын жандандыру мақсатында «Әкелер мектебінің» жоспарына сәйкес «Бала тәрбиесіндегі әкенің рөлі» атты дөңгелек үстел болып өтті. Шара аясында әке мен бала арасындағы қарым-қатынас, әкенің қоғамдағы рөлі қандай болу керек секілді бірқатар мәселелер көтерілді.

Жыл басында білім ұясында Түркістан қаласының білім бөлімінің 25.01.2024 ж. №41-03/273 хаты негізінде мультипликациялық бағдарламалар мен бейнероликтер жеке ақшаны басқару дағдылары, ақшаны жинақтау және үнемдеу қажеттілігі, банк өнімдері және цифрлық киберқауіпсіздік тақырыптары бойынша 1-11 сынып оқушыларына, сыныптардағы LЕD экрандарынан көрсетілді. Аталмыш іс-шара оқушылардың экономикалық білімдерін тексеру, тиянақтау, одан әрі танымдылық қабілеттерін арттыру және т.б. мақсатында өтті. Жалпы айтқанда мектепте қаржылық сауаттылық және экономика негіздерін оқытудың басты мақсаты – оқушыларды экономикалық мәдениетпен, қоғамның экономикалық даму заңдылықтарымен таныстыру, іскерлікке, қаржылық сауаттылыққа тәрбиелеу, еңбек ете білуге, өзін және өзгелерді рухани және материалдық құндылықтармен қамтамасыз ететін өз елінің патриот азаматы болуға қаруландыру.

Азамат ӘЛІБЕК.