Inicio Басты жаңалықтар ӨМІРЗАҚ ШӨКЕЕВ ТҮРКІСТАНДЫҚТАРДЫ АЛАҢДАТҚАН МӘСЕЛЕЛЕРДІ ТЫҢДАДЫ

ӨМІРЗАҚ ШӨКЕЕВ ТҮРКІСТАНДЫҚТАРДЫ АЛАҢДАТҚАН МӘСЕЛЕЛЕРДІ ТЫҢДАДЫ


Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеевтің өңір тұрғындарымен кездесулері жалғасуда. Ол «Ақжайық» музыкалық мектебінің ғимаратында Түркістан қаласы тұрғындарымен жүздесіп, өзекті мәселелерін, ұсыныстарын тыңдады. Тұрғындардың басым бөлігі инфрақұрылым, шаһарды дамыту, туристік әлеуетін арттыру жөнінде өтініштері мен пікірлерін айтты.
«Бірлік» шағынауданының тұрғыны ауыз су мәселесін қозғады. Өңір басшысы Түркістанда ауыз су қоры толық еткілікті екенін, су көздерін тарту жұмысы жүргізілгенін мәлімдеді. Кейбір көшелерге су кезең-кезеңімен жеткізілетініне тоқталды. Ал Алпамыс батыр, Саумалкөл және Сарыарқа көшелерінің тұрғындары атынан келген азамат осы көшелерді кәріз жүйесімен толық қамту мәселесін көтерді. Тұрғынға Түркістан қаласының инфрақұрылымын арттыру бағытында атқарылып жатқан жұмыстар баяндалып, ол көшелердегі түйткіл де тарқатылатыны түсіндірілді. «Отырар» шағынауданын абаттандыру жөнінде ұсыныс айтқан тұрғынға да тиісті жауап берілді. Облыс әкімі 4 жылда Түркістанның инфрақұрылымы жақсарып, кәріз жүйесімен қамту көрсеткіші еселеп артқанын баяндады.


– Өздеріңіз көріп жүргендей, қала мүлдем өзгерді. Жаңарды. Көшелері реттелді. Біз тек қаланың жаңа аумағы емес, ескі бөлігін де абаттандыру, инфрақұрылымын жақсартуды назарда ұстап отырмыз. Түркістан қаласы аумағының 98,5%-ы электр қуатымен қамтамасыз етілген, оның 84%-ы сапалы электр қуатымен. Биыл 3 нысанның құрылысын аяқтап, сапалы электр қуатымен қамту көрсеткішін 99%-ға жеткізу көзделіп отыр. Қала толық газдандырылып, экологиясы анағұрлым жақсарды. Биыл 127,3 шақырым топырақ көшелерге шағал тас төселеді және 46,4 шақырым құрайтын 40 көшеге орташа жөндеу жұмыстары жүргізіледі, яғни асфальт төселеді. Мен қаланың экологиясын жақсарту, көгалдандыру ісіне баса мән беремін. Асфальт төселеді, ал асфальт жетпей жатқан жерлерге қазірше шағал тас төселеді. Шаңы бұрқыраған көшелер болмайды. Осы бағытта жүйелі жұмыс жалғасады, – деді Өмірзақ Шөкеев.
Ашық жүздесу барысында Әмір-Темір атындағы мектептің қазіргі жай-күйі, индустриалды аймақты дамыту, қоқыс полигонын салу, балаларды үйірмемен қамту, денсаулық сақтау нысандары санын арттыру, Б.Саттарханов атындағы спорт кешенін пайдалануға беру және туристік саланы жандандыру жөнінде сұрақтар мен ұсыныстар берілді. Облыс әкімі Б.Саттарханов атындағы спорттық-сауықтыру кешенінің құрылысы жүріп жатқанын, ел игілігіне берілетінін мәлімдеді. Сонымен қатар Әмір-Темір мектебінің жанынан қосымша ғимарат құрылысы жүргізілетінін жеткізді. 570 орындық, халықаралық талапқа сай аурухананың құрылысын жандандыру да назарда тұрғанын атап өтті. Индустриалды аймақта бірқатар жоба жүзеге асқанын, дегенмен пандемия мен әлемдегі саяси жағдайлар салдарынан инвестор тарту жағы қиынға соғып тұрғанын, алдағы уақытта Түркістан маңайында өндіріс орындары көбейетінін атап өтті.
– Сіздер маңызды мәселе көтеріп отырсыздар. Сұрақтарыңыз орынды. Біз әрбір өтініш пен сұрақты жауапсыз қалдырмаймыз. Тиісті жұмыс жүреді. Түркістанның туристік әлеуетін арттыру бағытында ауқымды жұмыс атқарылуда. Қожа Ахмет Ясауи мұрасы мен ғажайып кесене – туризмнің басты идеологиялық діңгегі. Этнотуризм, гастротуризм, экотуризмді дамытуымыз керек. Тұрғындар туристік сервисті дамытып, келушілерге қызмет көрсету арқылы табысын арттыра алады. Оған толық мүмкіндік бар. 2021 жылы өңірге туризм саласына тартылған инвестиция көлемі 102 млрд. теңгені құрады, республика бойынша 1-ші орынға шықты. Бір жылдың өзінде көптеген қонақ үйлер мен демалыс орындары ашылды. Өткен жылдың қорытындысы бойынша Түркістан қаласына бір күндік келушілер саны 1417372 адамды құрады. Биыл ішкі туристердің санын 261 000 адамға, шетелдік туристердің санын 7290 адамға, Түркістан қаласына бір күндік келушілер санын 1,6 млн. адамға, туризм саласы бойынша көрсетілетін қызметтердің көлемін 3,5 млрд. теңгеге дейін жеткізуді жоспалап отырмыз, – деді Өмірзақ Естайұлы.


Осы күні Өмірзақ Шөкеев қала тұрғындарын жеке өтініштері бойынша да арнайы қабылдады. Қабылдауға 20-дан астам тұрғын жазылып, олардың өтініштері тыңдалды. Қабылдауға келгендердің басым бөлігі тұрғын үй мәселесі бойынша келген. Оларға тұрғын үй кезегі заңға сәйкес жылжып, кезегімен берілетіні түсіндірілді. Аса мұқтаж, жағдайы қиын тұрғындардың проблемасын демеушілер арқылы жедел шешу тапсырылды. Сондай-ақ қоғамдық көлік, инфрақұрылым, жастарға қолдау түйткілдерін қозғап, демеушілік көмек сұрағандар болды. Облыс әкімі орынбасарлары мен тиісті басқарма басшыларына және қала әкіміне әрбір өтінішті назарға алып, заңға сәйкес оң шешуді тапсырды.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі