Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы 2020
жылдың «Еріктілер жылы» болатынын мәлімдеген еді. Осыған орай аудандық
орталық кітапханада «Жастары белсенді елдің ертеңі жарқын» атты мазмұнды
іс-шара өтті. Жиынды аудандық орталық кітапхананың директоры Айна
Рыскелді ашып, жүргізіп отырды.
Шара барысында аудандық ардагерлер
кеңесінің хатшысы Сатыбалды Жаңабай, «Отырар алқабы» газетінің бас
редакторы Алмас Ақылбек, «Евгеника»
қоғамдық ұйымының төрайымы Жәния Әлшериева мен «Шуақты аналар»
бірлестігінің төрайымы Қалдан Байжұмановалар еліміздің ерікті
жастары өзімшілдіктен арылып, мемлекетіміздің гүлденуі үшін
бірлікке, еңбекқорлыққа, имандылыққа бет бұру қажет екендігін тілге
тиек етіп, баршаны ұйымшылдыққа шақырды.
Тәрбиелік мәні зор жиында
оқушылар өз ойларымен бөлісіп, сұрақтарына тұщымды жауап алса, әнші
Ұлжалғас Әбілдахан халық әні «Беу-айдайды» шебер орындап,
көрермендердің қошеметіне бөленді.
Жиын соңында кітапхана
директоры Айна Рыскелді жиынға қатысушыларға алғыс сезімін білдіріп,
кітапхана ұжымының елдің мүддесі үшін әрқашан бірлесе жұмыс жасауға
дайын екендігін білдірді.
Еске сала кететін жайт, 2019 жастар
жылының қорытынды жиынында аудан әкімі Әбдіғали Жүнісов еріктілер
жылында ерікті топ құрып, үздік нәтиже көрсеткен топтарға жалпы құны 1
миллион теңге көлемінде қаржылай сыйлық және бұқаралық ақпарат
құралдарына белсенді жариялаушыларға 300 мың теңге көлемінде қаржылай
марапат болатынын жеткізген еді.
Азат Әмірбек.