Түркістан облысы Полиция департаментінің бастығы, облыс прокурорының бастамасымен, Түркістан қаласы әкімдігі, Түркістан қаласының прокуратурасы және Түркістан қалалық полиция басқармасының ұйымдастыруымен «Тәрбиелі жастар – қауіпсіз қоғам» жастар форумы өтті.
Форумға облыстың бас полицейі Мұрат Қабденов, полиция қызметкерлері, Түркістан облыстық сотының төрағасы Тұрысбек Мыятбеков пен облыс прокуроры Мұрат Тлеубердиев, облыстағы барлық құқық қорғау органдары мен Түркістан қаласының зиялы қауымы, ақсақалдар мен депутаттар, жергілікті тұрғындар, студенттер мен оқушылар, БАҚ пен әлеуметтік желі белсенділері қатысты.
Форумның шымылдығын қала әкімі Нұрбол Тұрашбеков пен қала прокуроры Каукен Нәрікбаев ашып, жиынның негізгі мақсатын түсіндіре отырып, жастарға қажетті ақыл-кеңестерін жеткізді. Одан әрі көрермендерге ой саларлық Алаш қайраткерлерін сомдаған елімізге белгілі актерлардың театрландырылған көрінісі сахналанды. Тақырыпқа сай арнайы дайындалған бейнероликтер ұсынылды.
Түркістан қалалық полиция басқармасының бастығы Бауыржан Жанаев баяндама жасап, жастардың қатысуымен болатын қылмыстар мен құқық бұзушылықтар жайлы статистикалық мәліметтерін ұсынды. Оның ішінде қаланың көркін келтіріп тұрған аялдамалар мен басқа орындарды сындырып, бүлдіріп, көпшілік демалатын орындарда теріс әрекеттер жасайтын жастарды тілге тиек етіп, мұндай бассыздыққа жол бермеуге кеңес берді. Соңында жастарды тәртіпке бағынып, заң аясында әрекет етуге шақырды.
Сонымен қатар спикер ретінде қоғамда белсенді, өз орындарын қалыптастырған ҚР Парламент Мәжілісінің депутаты Руслан Берденов, ҚР Президенті жанындағы Жастар саясаты жөніндегі кеңес төрағасының орынбасары Олжас Сүлейменов, ақын, филолог Абай Қалшабек сөз алып, жастарды ұлтжанды, жауапты, нағыз елін сүйетін азамат болуға шақырды.
Іс-шара барысында елімізге патриоттық әндерімен белгілі «Алашұлы» тобы ән шырқады.
Жиын соңында Түркістан облыстық ақсақалдар алқасының төрағасы Жарылқасын Әзіретбергенов қорытынды жасап, ел үшін қызмет етіп жүрген сала мамандарына сәттілік тілеп, жастарды жаңашылдыққа үндеп, ақ батасын берді.