Мемлекеттік тіл – ана тіліміздің ахуалы қазір барынша ауыр жағдайда. Осы бағытпен кете берсе бір уақытта жұтылып кетпес пе екен деген де қауіп өте зор. Орысша түгілі қазақша оқитын, үйде қазақша сөйлейтін балалардың көбі бос уақыттарында бір-бірімен тек орысша сөйлеседі. Ол жалғыз Солтүстік облыстарда ғана емес астанада да, Алматыда да солай екенін көріп жүрміз. Өмірімізге етене еніп бара жатқан интернет, ондағы орыс тіліндегі түрлі ойындардың бәрі бала атаулының санасына сұғына енуде. Сондықтан бізге бар білім мен күшімізді, қаржылық әлеуетімізді интернеттегі балалар ойындарының, хабарларының, киноларының тілін қазақшаға бұруға салу керек.
Қазір «Балапан» арнасы көп жұмыс істеп жатыр, бірақ ол – жалғыз. Соның өзінде ықпалы бар. Шын болса, жуырда әлеуметтік желіден бір қырғыз депутаты «Балапанды» көп көргендіктен баласы қазақша сөйлеп кеткеніне налитынын айтыпты. Қалай болса да жаны бар сөз, ендеше ғаламтордағы балалар хабарларын күшейте түсу керек. Балаларға өтімді киноларды да көркем тілмен аударып, санасын селт еткізетін қаратпа сөздерді, әдемі атауларды, көркем сөздерді көбейту керек…
Бізде мемлекеттік тілдің оқытылуы мен үйретілуі тек қағаз жүзінде ғана мықты. Мысалы, Солтүстік Қазақстан облысында 461 жалпы білім беретін мектеп бар. Соның 112-сі, яғни 24 пайызы қазақ тілінде оқытады, сонымен бірге 92 аралас мектеп бар. Онда да қазақ сыныптары көп. Бұл – құдайға шүкір деп айтатын-ақ жайт, өйткені бір кезде облыс бойынша қазақ тілінде оқытатын тек алты мектеп қана болған. Оның өзін жабуға оқталып отырған шовинистер үнемі шабуыл жасап жататын еді… Бірақ сол кездегі қазақша оқитын балалардың бәрі таза ана тілінде сөйлейтін. Қазір барлық жағдай бар, мектеп саны көп, бірақ амал не, барлық балалар сабақтан шыққан бойда орысша сөйлеп кетеді. Бұған жоғарыда айтқан ғаламтордың кесірі бір жақтан тиетін болса, екіншіден, тілдері орысша шыққандар ойқастап, қазақтілді балаларды «басып» тастайды. Солардың ықпалымен тілі қазақша шыққан баланың өзі қалай орысшаға кетіп қалғанын білмей қалады.
Мектепке алынғанда бөбектерді бөліп, тілі орысша шыққандарды бір бөлек, қазақша шыққандарды бір бөлек оқытса ғой… Ондай тәжірибе жасауға, басына қосымша жүк алуға ешқандай мектеп директорының мойны жар бермейді, бірақ. Ондай болса кейбір саналы ата-аналар балаларын қазақша үйрену үшін тілі ана тілінде шыққан сыныпқа беруге тырысар еді. Сайып келгенде бұл әдіс қазақша сөйлеудің мәртебесін азды-көпті арттырар еді. Бірақ ондай болмақ қайда? Алдымен көлеңкесінен қорқып жүретін шенеуніктер «бұл не сұмдық?» деп шошып кетер еді.
Мектептегі тіл мәселесі осындай болса, оның өмірдегі, қызметтегі, көшедегі, саудадағы ахуалы да оңған шүберектей күннен күнге тозып барады. Барлық саналы азамат, зиялы қауым осыны көріп отыр. Әрине, түбегейлі түк атқарылмай жатыр деуден аулақпыз, билік басындағылар да тілге жанашырлық білдіреді. Бірақ қордаланған көп мәселені бірден шешу қашанда оңай болмайды.
Жұмыла жұмыс жүргізудің бір дәлелі ретінде бұрын қажетсіз деп таратылған «Қазақ тілі» қоғамының барлық өңірде қайта ашылғаны дер едік. Біздің облыстық филиал төрағалығына Жанат Мұхамеджанов деген белсенді азамат келді. Жуырда облыс әкімінің орынбасары Ғани Нығыметовтің қатысуымен филиалдың кеңейтілген алқа отырысы өткізіліп, онда қордаланған біраз мәселе ортаға салынды.
Ономастика мәселесі бойынша біз де өзіміздің ойымызды ортаға салдық. Солтүстік Қазақстанның жер-су атаулары әлі де негізінен өзге тілде. Әсіресе облыс орталығындағы жағдайдың әлі «мұрты» бұзылмай тұр. Біршама большевик көсемдердің аты алынғанымен интернационал, партизан, коминтерн, совет, пионер, комсомол сияқты идеологиялық тұрғыдан ескірген атаулар әлі де сол күйінде. Енді осы атауларды өзгерте отырып, олардың орнына лайықты есімдер берілуі керек-ақ. Алайда бұл істе де кейде асыра сілтеуге ұрынып қаламыз. Өз туыстары мен таныстарынан басқа ешкім білмейтін біреулердің есімдерін көше атына ұсынушылар да табылады. Мәселен, бүгінгі таңда Петропавл қаласындағы көшелердің атын ауыстыру туралы 46 ұсыныс түскен екен. Соның әрқайсысын ономастикалық комиссия мұқият қарамаса ешкім білмейтін кейбір адамдарға да көше аттарын беру ұсынылыпты. Киевте туған Арон Наумович Левковичке көше аты сұралған. Оның кім екенін зиялы қауым білмейді. Сол сияқты Рузаев ауданында туып-өскен Әнәс Ілиясов деген бір азаматқа да көше аты сұралған. Оны да халық біле бермейді. Ал енді Владимир Черемисиновқа көше аты сұралғаны тіпті оғаштық. Черемисинов деген ХХ ғасырдың басында Петропавлдың мэрі болған адам. Яғни отарлаушы патша өкіметінің шенеунігі, ол біздің жерде патшаның отарлық саясатын жүргізді. Бізді қорлаған, жерімізді, малымызды тартып алушы өктемдік өкілі болған адам. Әрине, біз орыс фамилиялы адамдарға қарсы емеспіз. Артына адамзаттық рухани мұра қалдырған Чехов, Пушкин, Лермонтов, Тургенев, Чайковский, Брусиловский сияқты ақын, жазушы, композитор, музыканттарға көше аттарын бергенбіз. Ондайлар біздің елге қатысы болса әлі де беріледі. Бірақ отарлық саясатты жүргізген адамдарды ұлықтауға жол бермеуіміз керек.
Жалпы, көше атауына есімі берілетін адамдардың бағалау критерийін алдын ала жасап алған жөн. Ол жердегі ең басты шарт – адамның артына қалдырған игі ісі, халыққа тигізген пайдасы, рухани қазынасы болуы шарт.
Жуырда болған жиналыста Ғани Нығыметов Петропавл қаласындағы 40 көшенің атын ауыстырамыз деді. Оның ішінде идеологиялық тұрғыдан ескірген 20-сына жаңа атаулар табылған. Бірақ осындай өрелі іске қала әкімдігінің белсенділігі төмендеу екенін айтпай кетуге болмайды.
Ғани Сақтағанұлы өз сөзінде Тіл басқармасының да қайтадан ашылу мүмкіндігі барын айтты. Бұған дейін ол жабылып қалған еді. Енді аталған басқарма облыста қайтадан ашылып, ал аудандарда бөлімдері жұмыстарын бастауы мүмкін екендігі жеткізілді. Бұл бір қуанышты хабар болды. Бірақ оның сылбыр болмай, жұмысын батыл, белсенді түрде жүргізуіне «Қазақ тілі» қоғамы ықпал етіп отырса нұр үстіне нұр болар еді. Тек әйтеуір әкімдердің қас-қабағына қарап байланып қалған кезекті құрылым болмасын деңіз.
Солтүстіктегі ең үлкен ономастикалық мәселе Петропавл қаласы атауының қазақша Қызылжар тарихи атауына ауысуы ғой. Ол туралы біз жақында облыс әкімінің орынбасарымен арнайы сұхбат жасамақпыз. Сол жерде біраз ойлар мен жаңа пікірлер айтылар деген үміттеміз.