Inicio Әлеумет ТҮРКІСТАН: ЖЕКПЕ-ЖЕК ӨНЕРІ СПОРТЫН ДАМЫТУҒА ҚОЛДАУ БІЛДІРІЛУДЕ

ТҮРКІСТАН: ЖЕКПЕ-ЖЕК ӨНЕРІ СПОРТЫН ДАМЫТУҒА ҚОЛДАУ БІЛДІРІЛУДЕ

«Түркістан облысы бойынша жауынгерлік өнер қауымдастығы» заңды тұлғалар бірлестігінің Құрметті Президенті Әбілсейіт Дүйсебаевтың тапсырмасына сәйкес, жұмысшы топ өңірдегі бірқатар аудан, қалаға іссапарға шықты. Басты мақсат – жекпе-жек спорты жаттықтырушыларына әдістемелік көмек көрсетіп, ішкі талдау жұмыстарын жүргізу ісін қадағалау. Сондай-ақ, спортшылардың жаттығуын көріп, жаттығу залдарының жай-күйімен танысу. Жұмысшы топ құрамында қауымдастық басшысының ақпараттандыру ісі жөніндегі орынбасары Оразхан Асхан (жұмысшы топ төрағасы), әдіскерлер, мекеме қызметкерлері бар. Қауымдастық басшысы Дәурен Тәңірбергенов Сарыағаш және Қазығұрт аудандарына іссапармен барды. Жергілікті билік өкілдерімен кездесуде Олимпиадалық емес спорт түрлерін дамыту бағыты талқыланды. «Облыс аумағында бірнеше аудан-қалалардағы іссапарда аудан әкімдерімен, жаттықтырушылар және 700-ге жуық спортшы жастармен кездестік. Аудан әкімдері бұқаралық спортты дамытуға қолдау білдіруге дайын екендіктерін жеткізді. Қазығұрт ауданы әкімі Арман Абдуллаевпен жүздескенде Сарапхана ауылынан шыққан «пенчак-силат» жекпе жек түрінен чемпиондардың жеңісі туралы қуанышпен жеткізді. Бұл өте жақсы көрсеткіш. Жыл ішінде 15-ке жуық жасөспірім спортшы ел біріншілігінің жүлделі орындарын иемденген. Жастар салауатты өмір салтын ұстанып, жаман әдеттерден аулақ болса, сол сіз бен біздің ортақ жеңісіміз. Барлығы бірдей чемпион болуы шарт емес, спортты жанына серік еткені маңызды», – деді Дәурен Рахымұлы. Жоспарға сай жұмысшы топ мүшелері алдымен Жетісай ауданы, Асық-ата кентінде болды. ММА аралас жекпе-жек, джиу-джитсу спорт түрінің жаттықтырушысы Сырым Айтбай және шәкірттерімен жүздесті. Сондай-ақ, Сарыағаш ауданы, Дарбаза ауылындағы самбошы балуандармен және Қазығұрт ауданындағы пенчак-силат спорт түрімен айналысатын жастармен кездесті. Сонымен қатар, екінші жұмысшы топ мүшелері Төлеби ауданында орналасқан муайтай спорты жаттығу залында болды. Жаттықтырушы Арман Оразбаев пен Ибадила Шерімханмен кездесіп, муайтай спортымен шұғылданатын спортшыларға сәттілік тіледі. Жұмысшы топ мүшелері Сайрам ауданы және Қазығұрт ауданы, Ақжар ауылындағы кикбоксинг, Мақтаарал ауданы, Мырзакент кентіндегі ушу сандамен айналысатын спортшыларымен кездесті.