Inicio Әлеумет ТҮРКІСТАН: ЖАСТАР ЖЫЛЫНЫҢ ЖАБЫЛУЫНА ОРАЙ «TOWN HAL» ФОРМАТЫНДА ЖИЫН ӨТТІ

ТҮРКІСТАН: ЖАСТАР ЖЫЛЫНЫҢ ЖАБЫЛУЫНА ОРАЙ «TOWN HAL» ФОРМАТЫНДА ЖИЫН ӨТТІ

Облыс орталығында «Түркістан қаласын түркі әлемінің рухани-мәдени орталығына айналдырудағы жастардың рөлі» атты «Town Hal» форматындағы жиын өтті.
Биыл Елбасы, ҚР Тұңғыш Президенті Н. Назарбаевтың Жарлығымен жарияланған «Жастар жылы» қорытындыланып, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың жарлығымен 2020 жылы «Еріктілер жылы» деп жарияланған болатын.


Осы орайда, жиынға жас кәсіпкерлер мен ғалымдар, волонтерлер, өнер мен спортта биік белестерді бағындырып жүрген облысқа танымал, белсенді жастар қатысты. Жастар жылын қорытындылау кешінде облыс көлемінде мемлекеттік жастар саясатының дамуына үлес қосып, елдің саяси және қоғамдық өміріне белсене араласқан жас азаматтар, түрлі салада өзінің білімімен, белсенділігімен топ жарған жас патриоттармен Түркістан қаласының өсіп-өркендеу жолындағы жастардың рөлі жайлы еркін форматта әңгіме өрбіді.
Жиынға арнайы қатысқан облыс әкімінің орынбасары Сәкен Қалқаманов облыста қарқынды жұмыс атқарған жастарға жылы лебіз білдірді.
«Қазақ елінің зайырлы мемлекет ретінде қалыптасуы, Түркістанның түрленуі – сіздердің қолдарыңызда. Сіз бен біз ұлт руханияты мен ұлттық идеологияның дамуына, еліміздің өркендеуіне, Қазақстанның болашағы үшін аянбай еңбек етуіміз қажет», деп жастарға үлкен сенім білдірді.
Сөз тізгінін алған «Жас Отан» ЖҚ Түркістан облыстық филиалының төрайымы Намаз Жұлдыз Алмазқызы жастар жылында жасотандықтардың атқарған жұмыстары мен еріктілер жылында атқарылатын жобалар жайында баяндап, Елордада өткен жастар форумында Президентіміздің жастарға деген аманатын жеткізді.
Сондай-ақ, шарада, «ПРООН» сертификатының иегері «Торлан строй» ЖШС атқарушы директоры Тулеев Шадияр Қалиұлы мен жас ғалым «Әлемдік экономика» бойынша PhD докторант Өміртай Амалбек Даркенұлы, Кентау трансформатор зауытының дәнекерлеу өндірісінің бас маманы Жаманқұлов Ерболсын Серікұлы, «DS Group» компаниясының директоры Данышбаев Серікбол Бауыржанұлы, облыстық «Нью Дженирэйшн лидерс» еріктілер тобының жетекшісі Есіркеп Айдана Серікқызы сөз сөйлеп, өңір басшысына алғысын білдірді.
Жиын жастар жылы аясында түрлі салаларда жетістіктерге жеткен, аудан, қалалардан іріктеліп келген, жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар шыққан үздік жастарды марапаттау рәсімімен жалғасты.
Атап өтейік, Түркістан облысында жастардың саны 507 970 адамды немесе облыс халқының жалпы санынан 25,2% жастар құрайды.