Inicio Әлеумет ТҮРКІСТАН: СУ ҮНЕМДЕУ ТЕХНОЛОГИЯЛАРЫН ТЕЗ МЕҢГЕРУІМІЗ КЕРЕК

ТҮРКІСТАН: СУ ҮНЕМДЕУ ТЕХНОЛОГИЯЛАРЫН ТЕЗ МЕҢГЕРУІМІЗ КЕРЕК

Су – тіршілік көзі. Бүгінде өңір бойынша су мәселесі өршіп тұр. Осы орайда облыс тұрғындарына су ресурстары бойынша жаңа бастамалр, шешімдер мен ұсыныстарды кеңінен талқылау мақсатында ҚР ауыл шаруашылығы министрлігінің ауыл шаруашылығын реформалау жөніндегі комиссия мүшесі Оразгелді Өтегенұлы Егізбаевпен сұхбаттың жалғасын назарларыңызға ұсынамыз.

– Президент Жолдауында «судың да сұрауы бар» деген мәселеге ерекше тоқталды. Біздің елімізде барлық егістік жерлердің жеті пайызы ғана суармалы жерлер. Сол жеті пайыз суармалы жер жалпы егіннен түсетін түсімнің 40 пайызын беріп отыр. Суарылмайтын жерлерден алты есе көп өнім береді. Бұған мемлекет өте қатты көңіл бөлуі керек. Баяғы Кеңес Одағының кезінде осы мәселеге өте үлкен көңіл бөлінген болатын. Сол кезде министрлікте осы суландыру және су жүйелерін техникамен қамтитын гидрогеологиялық басқарма болатын. Біз соны жоғалтып алдық. Мынаған қараңыз. Осы су шаруашылығымен айналысатын мекеме біз егемендік алғалы бері алты ведомствоға қараған екен. Министрліктері алты рет ауысқан.

«Еліміз үшін судың маңызы мұнай, газ немесе металдан кем емес. Су шаруашылығы жүйесін тиімді дамыту мәселесімен дербес мекеме айналысуы қажет деп санаймын. Сондықтан Су ресурстары және ирригация министрлігі құрылады. Министрліктің аясында Ұлттық гидрогеология қызметі қайта жұмыс істейтін болады»,-деді Мемлекет басшысы.

Ал енді Президентіміздің осы олқылықты жою үшін өз алдына Су ресурстары және иригация министрлігін құруы өте үлкен батылдық және шынайы жанашырлық деп есептеуіміз керек. Ал, Ұлттық гидрогеология қызметі әлі құрылған жоқ. «ҚАЗСУШАР» реформаланып біткен жоқ. Бұл бізге қолбайлау болып отыр. Оның сыртында, біздің еліміздегі су қорларының 45 пайызы трансшекаралық өзендерден келеді екен. Бұрынғы ауыл шаруашылығы министрі болған Ақылбек Күрішбаев «Егемен Қазақстан» газетінде су шаруашылығындағы дағдарыс туралы, Су комитетінің төрағасы болған Ислам Әбішевтің «Жас Алаш» газетіндегі су шаруашылығын дамыту тұрғысындағы мақалалары өте өзекті. Аса маңызды өте әрі өзекті жайларды жасырмай жазып жатыр. Президенттің өзі де: «Ең алдымен, суды үнемдейтін озық технологияны енгізу ісін тездетіп, оны қолдану аумағын жыл сайын 150 мың гектарға дейін кеңейту керек. Көктемгі қарғын суды жинау және оны егістікке жеткенше құмға сіңіріп жоғалтып алмау мәселесі шешімін табуға тиіс. Өйткені, оның бәрі – ішкі су қорымыз. Ол үшін 20 жаңа бөген салу, кемінде 15 су қоймасына күрделі жөндеу жүргізу және 3500 шақырымдық каналды жаңғыртып, цифрлық тәсілмен бақылауға алу керек. Негізгі міндет – 2027 жылға қарай қосымша екі текше шақырым суға қол жеткізу,-дейді.

Менің ойымша, елімізге жиырма бөген салу өте аз. Оның ішінде біздің оңтүстік өңірді алайық.  Бізде екі ақ су қоймасын салмақшы. Бізде су қоймасын салуға сұранып тұрған жерлер өте көп. Өзіміздің Түркістан облысын айтайық. Арыстың, Бөгеннің суы қыс бойы дарияға құйылып жатыр. Саурандағы Қарашық өзені қыс бойы дарияға кетіп жатыр. Қысқы жауын, қар суларын көктемде жинауымыз керек. Су жинайтын тоғандарды көбейту керек. Қазір міне қала іргесінде 8 млн текше метрден астам су жиналатын Қосқарған-Көлсай қоймасы бір жылдың ішінде салынды. Ол Түркістан қаласын суландыру үшін ғана салынды. Қазір ауылдарды суландыруға болатын су қоймаларын салуға сұранып тұрған үш төрт жер бар. Мәселен, Сауран ауданындағы Иқан су. Оның жобасы дайын. Шағада да су қоймасының жобасы бар. Оны да бастауға болады. Қошқорған және Майдантал су қоймаларын үлкейтуге, аумағын кеңейтуге толық мүмкіндік бар. Соны жүзеге асырсақ, едәуір еңсеміз көтеріліп қалады.

-Оның сыртында жер асты суын пайдалану да қосымша көз емес пе?

-Иә, дұрыс айтасыз. Түркістан өңірінің астында үлкен су асты теңізі бар. Мен 1980 жылдары Майдантал совхозында партком болып қызмет істедім. Сонда жүзден астам құдық қазылды. Солардың бәрі қазір тоқтап тұр. Себебі, құдықты пайдалануда электр қуаты тым қымбатқа түседі. Тарифтері де қымбат. Соған жеңілдік жасалып, жер асты суларын пайдаланатын болсақ, диқандарымыздың мәселесі шешіледі. Бірақ, бұрын 30-40 метрден су шығатын. Қазір енді жер асты сулары да төмендеп бара жатыр.

-Оның сыртында тоғаннан келетін ағын суларды жеткізетін тасарықтар әбден тозған. Ол тасарықтарды қайта жаңаласақ, маңына су жайылмағандықтан көк те шықпай қалады. Елдің пайдаланып отырған ауыз суының деңгейі де түсіп кетеді. Мәселен, өзіңіз айтқан Қосқарған-Көлсай су тоспасын салып, тасарықтармен жүргізген соң, Түркістандағы жер асты суының деңгейі түсіп кетті. Оранғайдағы қиыршық тас зауытының үңгіп қазуынан жұрт зардап шегіп отыр.

-Бұрын да қазір де ағын сулардың 40 пайызы жер астына сіңеді. Сауран ауданында Иқан шекарасынан бермен қарай Қарашық ауылдық округі шекарасына дейін тастақ. Шорнаққа дейін де тастақ деуге болады. Содан мінеки судың елу пайызына дейін жерге сіңіп кете беретін.

Қазір Арыс-Түркістан каналының 60 шақырым жерін бетондады. Сөйтіп, ол сулар жер астына сіңбейтін болды.  Соның салдарынан 10-15 метрден шығатын құдық суы тереңдеді. 20-30 метр қазып алуға болады. Келіп тұрған суды ысырап етіп, жер астына жіберудің не қажеті бар? Егін жердің астында өспейді. Жердің бетінде өседі. Сондықтан, өзен көлдерден, тоғандардан келетін тасарықтарды бетондау керек. Кеңес Одағы кезінде үлкен зауыттар тасарықтар үшін бетон лотоктар құятын. Ол арықтарға төселетін. Қазір қалайда суды жер астына жібермеудің әрекетін жасау керек. Президент айтып өтті.

«Еліміздің кейбір өңірлерінде суды ең көп жұмсайтын ауыл шаруашылығы саласында оның 40 пайызы босқа ысырап болып жатыр. Су шаруашылығы нысандарының 60 пайызы тозып тұр. Олқылықтың орнын толтыру үшін өте батыл және шұғыл шаралар қажет».

-Қазір Оранғай, Шаға, Майданталда жаңбырлатып, тамшылатып суару технологиялары өндіріске енгізіліп жатыр. Жаппай енгізуге бұл тым қымбат технология ма? Ондай болса, мемлекеттік тұрғыда субсидиямен, лизингпен алуға болмас па еді?

-Бұл жаңбырлатып, тамшылатып суару барынша суды үнемдеуге мүмкіндік әпереді. Бірақ электр қуатын көп қажет етеді. Бәрібір соған көшуіміз керек. Мәселен, Президентіміз: «Су үнемдейтін технологияларды енгізу – аса маңызды және шұғыл міндет»,-деп отыр.

Шұғыл міндет болуы үшін мұны біз тез арада жасауымыз керек.  «Жыл сайын 150 мың гектарға жаңа технология енгізуіміз керек» деп тапсырма беріп отыр.

Бұл жаңа технологияларды солтүстік облыстарға да қолдану қиын. Ал, суармалы жерлердің дені оңтүстік облыстар. Оңтүстік облыстардағы шаруашылықтар мұндай технологияға күші жетпейтін майда. Ол үлкен қаражатты қажет ететін технология. Оны мемлекет қолдап, субсидия беріп жатыр. Бірақ, меніңше ол қолдау аз. Себебі, бұрын 25 пайыз болатын. Қазір кооперативтерге ғана жеңілдік 50 пайыз етілді. Ал, жеке шаруалар алса 25 пайыз жеңілдік жасалады. Мұны жеке шаруалар алуы керек деп ойлаймын. Мұның бірнеше түрлері бар. Үлкен гектарларға пайдалану. Мәселен елу гектардан жоғары жерді пайдаланатын болса, оған жаңбырлатып суару техникасы, одан төмендерге трактор керек. Меніңше, елу пайыз субсидияның өзі де аз. Ең кемі 70-80 пайыздық субсидия беруі керек деп есептеймін. Бұрындары шалғайдағы жайылымдарға құдық қазатындарға осындай мөлшерде субсидияны осыдан үш жыл бұрын беретін. Екі жылда шалғайдағы жайылымдарға құдықтар қазылды. Солай 80 пайыздық субсидия берілуі керек деп есептеймін. Бірақ, оны екінші жағы бар. Бізде осындай көлемде субсидия берсе,  шашпашылыққа салынамыз. Оның артында қадағалау болмаса, әрине солай болады. Сол кезде электронды жүйемен беріліп, қадағалау болмады. Оны әрбір ауданның ауыл шаруашылық мамандары басына барып, орындалуын көзбен көруі тиіс еді. Олай болмады.

-Неліктен олай болмады? Мүмкін, бұл жерде сыбайлас жемқорлық тәуекелінің басы қылтиып тұрған жоқ па?

Қазір өзіңіз ойлап қараңыз, облыста 75 мың шаруашылық бар. Оны облыстық ауыл шаруашылығы басқармасындағы жеті адам қайтіп бақылайды? Оны әр аудан ауыл шаруашылығы саласына қадағалау функциясын беріп қойса, олар түрлі шара қолданар еді. Осы жағы кемшін болып отыр.

Түркістан қаласының құрметті азаматы, ҚР ауыл шаруашылығы министрлігінің ауыл шаруашылығын реформалау жөніндегі комиссия мүшесі Оразгелді Өтегенұлы Егізбаевпен сұхбаттасқан:

Ескендір ЕРТАЙ