Inicio Әлеумет ТҮРКІСТАН: САУРАН АУДАНЫН ДАМЫТУ БОЙЫНША НАҚТЫ ТАПСЫРМАЛАР БЕРІЛДІ

ТҮРКІСТАН: САУРАН АУДАНЫН ДАМЫТУ БОЙЫНША НАҚТЫ ТАПСЫРМАЛАР БЕРІЛДІ

Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды Сауран ауданына жұмыс сапарымен барып, арнайы мәжіліс өткізді. Мақсат – ауданды дамыту, мемлекеттік мекеме басшыларының жұмысын ширату. Актив отырысында мәселелер ашық әрі өткір айтылып, кемшіліктер сөз болды. Оларды шешу жолдары қаралды. Өңір басшысы нақты тапсырмалар берді. – Биыл 10 айдың қорытындысымен аудан бойынша жаңа жұмыс орындарын ашу, шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту, бюджетті игеру бойынша көрсеткіштер орындалмаған. Сауран ауданында ауыл шаруашылығы саласын дамыту қажет. Ауыл шаруашылығының негізгі капиталына 8 млрд. теңге инвестиция тартылып, жылдық жоспар 71 пайызға ғана орындалған. Ауданда шағын және орта бизнесті дамыту жұмыстары назардан төмен. Кәсіпкерлерге өз ісін жүзеге асыру үшін қолайлы жағдай жасау керек. Бұл бағытта оң өзгерістерді қамтамасыз ету үшін қажетті шаралар қабылдансын. Жұмыссыздық деңгейі 5 пайызды құрап отыр. Жаңа жұмыс орындарын ашу – аудан әкімі жұмысының басты көрсеткіштерінің бірі. Оның ішінде жастардың арасында жұмыссыздықты жоюға ерекше көңіл бөлу қажет. Туризмді дамытуға күш салынсын. Ауданның, ауылдардың санитарлық тазалығына, абаттандыруға мән беріңіздер. Жыл басында аудандағы бірқатар елді мекенді су басқан болатын. Осыған байланысты алдағы су тасқыны кезеңіне дайындық жұмыстарды қатаң бақылауға алу қажет, – деді Дархан Сатыбалды. Мәжілісте аудан әкімі Мақсат Таңғатаровтың баяндамасы тыңдалды. Ол ауданда атқарылып жатқан жұмыстар мен алдағы жоспарларға тоқталды. Ауданда әкімшілік-іскерлік аумағындағы ғимараттар іске қосылған, ауылдардың инфрақұрылымын жақсарту жұмыстары жүріп жатыр. Түркістан облысы әкімі аппаратының басшысы Еркеғали Әлімқұлов ауданның даму барысын зерделеу нәтижесінде анықталған деректер мен көрсеткіштер туралы айтты. Оның мәлімдеуінше, облыс әкімі аппараты тарапынан Сауран ауданының өзекті мәселелері талданып, бірқатар кемшілік анықталды. Сауран ауданында өңдеу өнеркәсібі өнімінің көрсеткіштері орындалмаған. Тау-кен өндіру өнеркәсібі және карьерлерді қазу бойынша көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 140 млн. теңгеге немесе 27 пайызға төмендеген. 1-ші жартыжылдықтың қорытындысымен шағын және орта кәсіпкерліктің өнім шығарылымы 6 млрд. 144 млн. теңгені құрап, былтырғы жылмен салыстырғанда күрт төмендей түскен. Жиында аудан әкімі мен жауапты басқарма басшыларына ауданның кіріс көздерін, өзіндік табысын ұлғайту, құрылыс нысандарын уақтылы әрі сапалы аяқтау, білім, денсаулық сақтау салаларында жұмысты жандандыру, кәсіпорындар ашу, инфрақұрылымды жақсарту жөнінде және өзге де тапсырмалар берілді. Сауранда туризмді дамытып, осы саладағы табысты молайту міндеті де жүктелді. Тапсырмалар хаттамаға енгізіліп, бақылауға алынды.