Inicio Әлеумет ТҮРКІСТАН: МАҚТААРАЛ АУДАНЫНДА ҚАЗАҚСТАННЫҢ ТАРИХЫ ДӘРІПТЕЛДІ

ТҮРКІСТАН: МАҚТААРАЛ АУДАНЫНДА ҚАЗАҚСТАННЫҢ ТАРИХЫ ДӘРІПТЕЛДІ

Қазіргі уақытта елімізде тарихи сананы қалыптастыруға, қазақ халқының мемлекеттілігі мен ұлттық бірегейлігін нығайтуға ерекше мән берілуде. Осы идеяны дамыту және іске асыру ауданымызда қолға алынған басты іс-шараларының бірегейі болып табылады. Елімізде Ұлыстың ұлы күні Наурыз мейрамын 14-23 наурыз күндері аралығында 10 күн тойланбақ. Соның төртіншісі, яғни, 17 наурыз – «Тарихқа тағзым күні» деп аталды. Осыған байланысты Түркістан облысы, Мақтаарал ауданының адами әлеуетті дамыту бөлімінің ұйымдастыруымен «Өткенге тағзым – болашаққа тағылым» атты аудандық семинар С.Рахымов атындағы жалпы орта мектебінде өтті.Іс—шара «Өткен күн тарих» тақырыбында ұйымдастырылған көрмеден бастау алды. Мектеп фойесінде ұйымдастырылған көрме тарихи тұлғаларымыздың өмірінен сыр шертті.Семинардың ашылу салтанатында Мақтаарал ауданы әкімінің орынбасары Алтын Ешанқұлова, аудандық адами әлеуетті дамыту бөлімінің бас маманы Асанхан Қошкаров сөз сөйлеп, іс-шараның өскелең ұрпаққа берер рухани құндылығының мол екенін атап өтті.Семинар «Тарихқа тағзым» атты әдеби композициялық кеште оқушылардың сахналық қойылыммен жалғасын тапты.Қойылымда сонау сақ дәуірінен бастап түркі қағанаттарындағы батырлар бейнесі, Қазақ хандығының тұсындағы қиындықтар мен жеңістер, орыстың отарлауы, алаш орданың құрылуы мен желтоқсан оқиғасы, сондай-ақ бүгінгі Тәуелсіз Қазақстанның жетістігі – ерекше форматпен көрсетілді. Семинардың қорытындысы «Туған жерге тағзым» атты тақырыппен жалғасын тауып, өсіп келе жатқан жас ұрпаққа тарихымыз дәріптеліп, «Қазақ» деген ұлттың қалыптасуы туралы баяндалды. Айта кетейік, «тарихқа тағзым» күніне байланысты аудандық жастар ресурстық орталығының, колледждердің ұйымдастыруымен аудандық деңгейде түрлі іс-шаралар өтті.