Inicio Әлеумет ТҮРКІСТАН: ҰЛТТЫҚ ТӘРБИЕ ЖӘНЕ ОТБАСЫ ҚҰНДЫЛЫҚТАРЫ НАСИХАТТАЛДЫ

ТҮРКІСТАН: ҰЛТТЫҚ ТӘРБИЕ ЖӘНЕ ОТБАСЫ ҚҰНДЫЛЫҚТАРЫ НАСИХАТТАЛДЫ

Түркістан облысы қоғамдық даму басқармасы «Жастар ресурстық орталығының» ұйымдастыруымен «Ұлттық тәрбие және отбасы құндылықтары» тақырыбында орта арнаулы оқу орындарының студенттерімен кездесу өтті.
Басқосудың басты мақсаты – отбасы құндылығын насихаттау, жанұяда мейірімді қарым-қатынас орнату. Балалардың сыйластық пен мейірім туралы түсініктерін кеңейтіп, отбасылық дәстүр мен жанұядағы берік және үйлесімді қарым-қатынасты қалыптастыру негіздерін үйрету де назардан тыс қалмады.
Кездесуге Түркістан облысының үздік ұстазы, ҚР Білім және ғылым министрінің Құрмет грамотасының иегері – Жақсыгүл Жүрсінбайқызы, Түркістан облысы «Аналар кеңесінің» төрайымы Дүйсенкүл Джамбулова, Түркістан облысы «Ардагерлер кеңесінің» төрағасы Жарқынбек Құлбайымбетов пен академик А.Қуатбеков атындағы халықтар достығы университетінің ректоры Рәбиға Қуатбекова арнайы қатысып, жастармен өмірлік тәжірибелерін бөлісті.
Шара барысында Түркістан облыстық қоғамдық даму басқармасы басшысының орынбасары Дәурен Сариев: «Отбасы – адам баласының өсіп-өнер, қанат қағар ұясы, алтын бесігі. Отбасы – шағын мемлекет. Сол себепті отбасында ынтымақ-бірлік болмауы, ерлі-зайыптылар арасындағы келіспеушілік бала психологиясына кері әсер етеді. Сондықтан ата-ана алдымен баланың көңіл-күйіне баса назар аударуы қажет»,- деп атап өтті.
«Ардагерлер кеңесінің» төрағасы Жарқынбек Құлбайымбетов жастардың тәрбиесі тал бесіктен басталатынын, тәлімнің сәбиге ана құрсағында жатқан шағынан берілетінін тілге тиек етті. Сол үшін ұл-қыздарымыздың ел келешегіне сай өсуіне әсіресе, жас ата-аналардың рөлі үлкендігін айтып, ата-әжелердің тәрбиесіне ешқандай мектептің жетпейтінін жеткізді.
Ал, «Аналар кеңесі» төрайымы Джамбулова Дүйсенкүл жастар тәрбиесіндегі басты иммунитетіміз – қыздарымыздың нәзіктігі мен ұлдарымыздың биік намысы екеніне тоқталды.
Шарада бүгінгі буынның отбасылық дүниетанымын, рухани және адамгершілік, сүйіспеншілік қасиеттерін, отбасы құндылықтары мен салт-дәстүрлеріне деген олардың азаматтық, саналы қатынастарын қалыптастыру, ата-анаға деген махаббат пен құрмет сенімдерін тәрбиелеуге бағытталған маңызды мәселелер қаралды.
Жиын соныңда жастардың көкейде жүрген сұрақтарына зиялы қауым өкілдері жауап беріп, еркін форматтағы ой алмасуға өрбіді.