Inicio Әлеумет ТҮРКІСТАН: ӨҢІРДЕ АУЫЛШАРУАШЫЛЫҒЫН ДАМЫТУ ТИІМДІ

ТҮРКІСТАН: ӨҢІРДЕ АУЫЛШАРУАШЫЛЫҒЫН ДАМЫТУ ТИІМДІ

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты халыққа арнаған жаңа Жолдауында 11 басым бағытты атап көрсетті. Жолдауда Ел Президенті жаңа жағдайдағы экономикалық дамуға ерекше мән берген. Яғни әлемді жайлаған пандемия әлем мемлекеттерінің экономикасына кері ықпалын тигізді. Осыны ескерсек, бізге нарықтың мүлде жаңа ахуалына дайын болу қажеттілігі туындап отыр. Осы орайда, Қазақстан Президенті ел экономикасын қалыпты ұстауға және оны дамытуға нақты шараларды атап көрсетті. Бұл ретте, өндіріс өнеркәсіптерін өркендетіп, шағын және орта бизнестің көкжиегін кеңейту қажет. Басты құжатта Ел Президенті ауыл шаруашылығын дамытуға айрықша мән берді. Өңіріміздің аграрлы аймақ екенін ескерсек, бұл бағыттағы жұмыстар өңір үшін аса маңызды екені сөзсіз. Негізінде, ауыл шаруашылығын дамытпай, бәсекеге қабілетті экономика құру мүмкін емес. Сондықтан жыл сайын аграрлық секторда дәстүрлі қолдаулар көлемі артып келеді. Ендігі жерде ауыл шаруашылығы өнімдерін тереңдетіп қайта өңдеуге, тамақ және тоқыма өндірісін дамытуға, құрылыс материалдарын шығаруға және өнеркәсіптің өзге де салаларына баса назар аударылатын болады. Осының барлығына мемлекет тарапынан қолдау көрсетілмек.

Естеріңізге сала кетейік, осы тақырып аясында Түркістанда Парламент Мәжілісінің Аграрлық мәселелер жөніндегі комитетінің төрағасы Серік Егізбаевтың жетекшілігімен еліміздегі көкөніс шаруашылығының қазіргі жағдайы мен болашағы, суармалы егіншілік мәселелері талқыланған болатын. Жиынға Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы вице-министрі Әбілхайыр Тамабек, Сауда және интеграция министрлігі мен Экология және табиғи ресурстар министрлігінің жауапты тұлғалары, Табиғи монополияларды реттеу саласындағы уәкілетті органдардың жауапты қызметкерлері, облыстық мәслихат депутаттары, сондай-ақ салалық қоғамдық қауымдастықтардың өкілдері қатысты.

– Бүгінгі жиынымыз еліміздің азық-түлік қауіпсіздігін, оның ішінде халықты жергілікті көкөніс және жеміс-жидек өнімдерімен қамтамасыз ету, көкөніс бағасын қолжетімді ету, маусымаралық кезеңде көкөніс өнімдері бағасының шарықтауын болғызбау, суармалы егіншіліктің қазіргі жай-күйі мен өзекті мәселелеріне арналады. Ең бастысы, көкөніс шаруашылығының өнімдерін өндіруден тұтынуға дейінгі толыққанды циклін қалыптастырудың, жіктеп айтқанда – өндіру, сақтау, өткізу мен өңдеудің оңтайлы жолдарып қарап, нақты шешу жолдарын ұсыну көзделіп отыр. Көшпелі отырысты Түркістан облысында өткізуге бірнеше фактор негіз болды. Біріншіден, Түркістан облысы республика бойынша жүзімнің – 76 %-ын, бақша өнімдерінің – 64 %-ын, жеміс-жидектің – 40%-ын және көкөністің 25 %-ын өндіреді. Екіншіден, республикадағы суармалы жерлердің 25 %-ы облысқа тиеселі. Сонымен қатар республика халқының 2 миллионнан астамы осы өңірде тұрады. Кеше біз облыс аумағындағы шаруашылық нысандарында болып, олардың жұмысымен таныстық. Халқымызды жергілікті көкөніс өнімдерімен жеткілікті деңгейде қамтамасыз ету үшін шешімін таппай отырған бірқатар проблемалар бар екенін аңғардық. Бүгінгі жиынның негізгі мақсаты – заң шығарушы, атқарушы билік өкілдері, сала мамандары мен шаруалар бірлесе отырып, осы проблемалардың шешу жолдары мен әдістерін талқылау, – деді Серік Егізбаев.

Түркістан облысы әкімінің орынбасары ауыл шаруашылығы саласындағы жұмыстарға, жоспарларға тоқталды.

– Өздеріңізге белгілі, климаттық орналасу, жұмыс күші тұрғысында Түркістан облысы – ауыл шаруашылығын жүргізу үшін ең қолайлы өңірлердің бірі. Облыстың аграрлық секторында 74 мың агроқұрылым жұмыс істеуде, өңірдің 1 миллионға жуық тұрғынының экономикалық әлеуеті ауыл шаруашылығымен байланысты. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Жолдауларында ауыл шаруашылығына баса назар аударып, елімізде аграрлық саланың әлеуеті өте үлкен екендігін атап өтуде. Осы тұрғыда, Түркістан облысы құрылғалы бері ауыл шаруашылығының өсімі тұрақты даму үстінде. Соңғы 5 жылда жалпы өнім көлемі 2 есеге дейін ұлғайып, 1 трлн. теңгеден асты. Өздеріңіз кеше танысып өткендей, мемлекет тарапынан «Ауыл аманты» жобасы аясында биылға 19,8 млрд. теңге бөлініп, ауыл шаруашылығы жобаларын жылдық 2,5 пайыз мөлшерлемемен несиелендіру жұмыстары басталды. Бұл ауыл тұрғындарының әл- ауқатын жақсартуға, жаңа жұмыс орындарын ашуға нақты серпіліс беретіндігі сөзсіз, – деді облыс әкімінің орынбасары.

Отырыста көкөніс саласын дамытудағы проблемалар мен тежеуші факторлар атап өтілді. Мысалы, көкөніс қоймалары көлемінің болмауы және жеткіліксіздігі, өндірісті дамытуға және кеңейтуге субсидиялар алу мәселелері, саланы жеткіліксіз қаржыландыру, қайта өңдеудің төмен үлесі, өндірістің жоғары шығындары және баға мен сапа бойынша көкөніс өнімдерінің бәсекеге қабілеттілігінің төмендігі қозғалды. Сондай-ақ маусымаралық кезеңде ауыл шаруашылығы өнімдеріне бағаның өсуі инфляцияға теріс әсер ететіні және көкөністер мен жемістердің жекелеген санаттары бойынша импорт үлесінің ұлғаюына әкелетіні атап өтілді. Ағын су тапшылығын шешудің резервтік барлық мүмкіндіктерін пайдалану, жаңа құрылыстар, тозығы жеткен су нысандарын қалпына келтіру мәселелері де айтылды. Жиынға қатысушылардың барлық сындарлы ұсыныстары мен тілектері алдағы Үкімет сағатының ұсынымдар жобасына енгізіледі.

Осы ретте 100-ден астам ірі сүт-тауар фермасы салынып жатқан Солтүстік Қазақстан облысының жетістіктері көпке үлгі. Шаруалардың тәжірибесі мол, жем-шөп қоры да жеткілікті. Оған қоса байыпты қолдау шаралары қолға алынған. Осының бәрі тұтаса келе тәп-тәуір нәтиже беріп отыр. Құс фабрикаларын, көкөніс қоймаларын, ет өнімдерін шығаратын кәсіпорындар салған кезде осы тәжірибені басшылыққа алу керек.Ауыл-аймақты дамыту үшін шағын шаруашылықтарды қолдау өте маңызды. “Ауыл аманаты” бағдарламасының елге қажет екені айқын көрінді. Оның келесі кезеңінде жеңілдетілген несие берумен шектеліп қалмау керек. Жеке қосалқы шаруашылық иелері өзара бірігуі қажет. Осыған қажетті жағдай жасалуы керек”, – деді Мемлекет басшысы.

Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев машина-трактор паркінің әбден ескіріп, тозуы күрделі мәселеге айналғанын айтты.

“Қазір ауыл шаруашылығы техникасының 80 пайызы тозып тұр. Сондықтан жыл сайын оның 8-10 пайызын жаңартып отыру қажет. Бұл ретте еліміздегі техника өндірушілер мен шаруалардың да мүддесін ескерген абзал”, – деді Президент Жолдауда.

Мемлекет басшысы қазір жаһандық бәсеке күшейгенін, тауар нарығында өзгеріс барын және мұндай жағдайда өнім өткізу саясатына ерекше мән беруіміз керегін жеткізді. Сонымен қатар агроғылымды дамыту мәселесіне тоқталды.

“Жылдар бойы қалыптасқан ішкі және сыртқы нарықтағы орнымызды сақтап қалу айрықша маңызды. Үкіметтің алдында сыртқа шығарылатын өнім нарығының ауқымын жоспарлы түрде кеңейту міндеті тұр. Қазақстанның тауарларын шетелге таныту және шығару үшін тиісті шаралар қабылдаған жөн.Қазіргі ауыл шаруашылығы – жоғары технологиялы сала. Мұны білесіздер. Шаруаларды жер жағдайы немесе ауа райы емес, инновациялық амал-тәсілдер табысқа жеткізеді. Заманауи ғылымға сүйенбесе, ауыл шаруашылығы жай тоқырауға емес, құрдымға кетеді.Агроғылымды дамыту және ең бастысы, оны ауыл шаруашылығында іс жүзінде қолдану үшін шаралар қабылдау қажет. Ұлттық аграрлық ғылыми-білім беру орталығын зерттеу ісінің барлық сатысын қамтитын агротехнология хабына айналдыру керек.

Сондай-ақ шетелдің танымал агро-ғылыми орталықтарымен толыққанды ғылыми-тәжірибелік ынтымақтастық орнату керек. Біз жеке ғылыми-технологиялық бастамаларды қолдаймыз. Білім беру бағдарламаларын ауыл шаруашылығы талаптарына бейімдейміз,– деді президент.

Мемлекет басшысының айтуынша, егін шаруашылығында маңызды реформа жасайтын кез келді. Егіс түрлерін көбейтуіміз керек. Сондай-ақ көбірек пайда әкелетін дақылдар еккен жөн. Суды көп қажет ететін егіс алқабын біртіндеп азайтып, бір ғана дақыл түрін егуді шектеу қажет. Диқандарды жергілікті тұқыммен қамтамасыз ету маңызды. Сонымен қатар жаңа сұрыптарды шығарып, оны өсіру мәселесін шешкен жөн.

“Мемлекеттің баға реттеу мәселесіне шектен тыс араласуы агроөнеркәсіп кешенін өркендетуге айтарлықтай кедергі келтіріп отыр. Бұл мәселені де шешу керек.

Азық-түлік келісім-шарт корпорациясы ахуалды тұрақтандыру ісінде қазіргіден де маңызды рөл атқаруға тиіс. Бұл мекеме қажет кезде интервенция жасап, бағаның өсімін тежеп отырады. Азық-түлік корпорациясы нарықтағы жекеменшік иелерінің ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіретін, оны сақтайтын және сататын толыққанды желі құруына жәрдемдесуге тиіс”, – деді Мемлекет басшысы.