Университет қабырғасында басқа факультеттің студенттері бізді «үнемфактың студенттері» деп әзілдейтін. Экономика сөзінің шығуы «экономить» деген сөзден шықса керек. Бірте-бірте «үнемфакқа» да құлақ үйреніп кетті. «Үнем» сөзін негізге алғанда, оны «шөміштен қысып қалу» мағанасында емес, ең алдымен, тиімді әрі пайдалы деген мағанада қабылдауымыз керек.
2018 жылы Түркістан облысы құрылып, оның орталығы Түркістан қаласы болған еді. Өйткені Түркістан – Орта Азия мен Түркі әлемінің рухани-тарихи орталығы, сонымен қатар, жылына миллиондаған мұсылмандардың зиярат жасап, дұға ететін қасиетті де киелі мекені. Көп ұзамай Түркістан облысы құрылған соң «арнайы экономикалық аймақ» құру туралы Президент жарлығы шықты. Оның артынша, 2018 жылдың 29 қазанында №693 санды «Түркістан арнайы экономикалық аймағын» құру туралы ҚР Үкіметінің қаулысы қабылданды. Сонымен қатар, 2018 жылдың 29 қыркүйегінде ҚР Президентінің Түркістан қаласын «Түркі әлемінің мәдени-руханиорталығы» ретінде дамыту жөнінде №762 жарлығы шығып, қала құрылысын дамыту тұжырымдамасы бекітілді.
Бірінші кезекте, қаланың тарихи-рухани, мәдени келбетін қалыптастыратын құрылыс нысандарын салу жоспарланған болаты. Ал оның негізгі өзегі ретінде Қожа Ахмет Яссауи кесенесі мен оған іргелес жатқан аумақтар қарастырылған еді. Сонымен қатар, рухани-мәдени нысандар құрылысын осы айналаға түсіру көзделген. Ал «Түркістан аранайы экономикалық аймағына» (бұдан әрі АЭА) осы мақсатты жүзеге асыру үшін 3987,39 га жер белгіленіп берілді. Оның құрамына 6 субаймақ, ауданы 861,75 га тарихи орталық (Қ.А. Яссауи кесенесінің аймағы мен Б.Саттарханов даңғылының бойы) ауданы 1578,64 га болатын әкімшілік іскерлік орталығы (жаңа Отырар мөлтек ауданы) ауданы 967 га әуежай және үш өнеркәсіптік аймақ кірді.
Ал Түркістан АЭА-тың ең негізгі мақсаты: қаланың туристік әлеуетін дамыту, еліміздің халқына, экономикасына пайда келтіру, экономикалық тиімділікті арттыру. Сондай-ақ, қаланы түркі әлемінің рухани астанасы ретінде одан әрі қалыптасуына септігін тигізу болатын. Онымен қоса, шетелдік және отандық инвестициялар тарту, АЭА тауарлар мен көрсетілтін қызметтерді өндіруді ұлғайту, жаңа жұмыс орындарын ашуды жоспарлау еді.
Осы орайда саралап қарайтын болсақ, соңғы төрт жыл көлемінде Түркістан АЭА-қа өндіріс аумақтары үшін берілген 580 га жерде «Тurkіstan Тextile» тігін фабрикасы ғана аз-кем тауар шығарған екен. Аталмыш фабрикаға қаржы салған көршілес Өзбекстан Республикасының инвесторлары екені де жасырын емес. Алғашқы ашылуында «1000 жаңа жұмыс орнын ашамыз» деп хабарлаған болатын. Алайда бүгінгі таңда, жасыратынын жоқ, әйтеуір өлместің қамы үшін 100 адам ілініп-салынып, зорға жұмыс істеп жүр. Демек АЭА-та бүгінге дейін ши немесе шеге шығарып, өнімін дөңгелетіп отырған бірде бір кәсіпорын жоқ деуге болады. Сөйте тұра қазақстандық инвесторлар Түркістанның «экономикасын көтерудің» жаңа тәсілін тауып алған. Яғни қаланың әлеуетін көтеруге тікелей бағытталған АЭА-пен келісіп, зәулім коттедждер салып, оны қайта сатыуда. Ал осы тұста, «бұл «салып, сату» тәсілінің мемлекет және қала экономикасына тиімділігі не?» деген заңды сұрақ туындайды. Оған Түркістан облысы және Түркістан қаласы әкімдігі АЭА-пен бірлесіп жауап бере жатар.
Негізі шынайы жасалынған «схемалар» төмендегідей. Ал енді АЭА-қа бекітілген жер учаскелеріне тоқталайық. Ең алдымен, «мемлекет мұқтаждығы үшін» деген ұранмен тұрғындардың жеке үйі мен нысандарын мемлекет есебінен сатып алды. Сол мемлекет мұқтаждығына сатып алынған жерлер үшін соңғы төрт жылда бюджеттен 25 миллиардтан астам қаржы жұмсалған болатын. Оған тағы да бұзылған үйлер мен ғимараттарды тазалауға бөлінген 2-3 млрд қаржыны қосыңыз. Ал сол маңайдағы инфрақұрылым жүйелерінің құны 4-5 млрд тенгені құрайды. Өздеріңіз білетіндей, ҚР «Жер кодексіне» сәйкес «мемлекет мұқтаждығы үшін» деп алынған жер учаскелері жекеменшік нысандар салуға қайта берілмейді. Берілген жағдайда заңға қайшы іс болмақ. Түркістан қаласында бұл заңды да айналып өтудің бірден-бір жолы табылды. Ол – Түркістан қаласының әлеуеттін арттыру үшін құрылған Түркістан АЭА аймағы.
Енді мына қызыққа қараңыз, сол мемлекет сатып алған жер учаскелерін түрлі құрылыс нысандарын салу үшін АЭА-қа бекітіп берді. Артынша «инвестиция тарту мақсатында» деген себептермен жеке фирмаларға тегін үлестірді. Ең сорақысы, тұрғындардың жерлерін мемлекетке деп қыруар қаржыға сатып алып, орнына коттедждер салуға жеке фирмаларға тегін беріліп жатқаны. Осы тұста, тағы да мемлекетке немесе облысқа, тым құрғанда, қаламызға қандай экономикалық пайдасы бар деген заңды сұрақ туындайды. Миллиардтаған қаржыға мемлекет тұрғындардың жерін алып, оны екінші бір фирма тегін иеленіп, зәулім коттедж салып, 80-90 млн теңгеден сатып пайдасын өздері көреді. Сонда АЭА шын мәнінде кімге көбірек тиімді болып тұр?
Екіншіден, ол коттедждердің айналасы мемлекет есебінен арнайы қаржы бөлініп, толық инфрақұрылым және абаттандыру жұмыстары жаңадан жүріп жатыр. Қала ішіндегі ең ауқымды, үлкен даңғылдың бойы коттедждердің бағасын асырып тұр, жерді иеленген фирмалар үшін нағыз экономикалық тиімділік болды. Алайда оның барлығы кімдер үшін? Оның үстіне, соңғы үш-төрт жылда Түркістан қаласында парктер мен сверлер салып, абаттандыру, көгалдандыру деген үрдіс қалыптасқан. Бұл үрдіске бюджеттен 50 миллардтан астам қаржы жұмсалады. Алайда нағыз халық мұқтаж ауыз су, электр мен кәріз жүйесіне, қала ішілік жолдарды салуға бюджет қаржысы өмірі жетпей жатады. Ал жаңағы зәулім коттедждер ақша ең көп бөлінетін парк пен свердің жанында орналасқан. Мүмкін қаланың ең көрікті жерінде бой көтерген коттеджжердің тезірек сатылғанын әкімшілік те қалайтын болар, кім білсін?!
Кезінде қала ішіндегі ең басты көше Б.Саттарханов даңғылының оң жағынан желілік саябақ салынған болатын. Сол саябақпен шекаралас орналасқан 30-дан астам тұрғын үйлерді мемлекет 1,3 миллардтан астам қаржыға сатып алып, коттеджді салу үшін «Каппас» ЖШС-не 1 гектарға, ал «Солюшн» ЖШС-не 0,84 га коттедж салу үшін жер телімдерін беріп жіберген. Әрине мемлекет мұқтаждығы үшін алынған жер жеке фирманың мүддесі үшін қолданылып жатқан соң халық наразы болды. Жағдай ушығып кетпес үшін әкімшілік бір күнде Нұр-Сұлтанға ұшып барып, Үкімет қаулысына өзгеріс енгізіп келе салады. Қаулы мәтіні Түркістан АЭА-қа жер көлемін ұлғайту болатын. Бұрындары Үкіметтен қаулы шығару үшін айлап-жылдап жүрсек, коттедж салу үшін тез қаулы шығарып бере салғаны таңғалдырады. Міне нағыз экономикалық тиімділік!
Сол секілді Қожа Ахмет Яссауи кесенесінің айналасынан коттедждер салуға бірнеше фирмаға жер учаскелерін үлестірген.
- «Түркістан Инвест» ЖШС 1,03 га 10 коттедж салу үшін (кесене аймағын)
- «Жаңа Арна Құрылыс» 4,5 га. (Тұңғыш Президент саябағымен жапсарлас) Бұрын бұл жерден екі көшені байланыстыратын жол бар еді, жаман қара жолды да жауып тастады.
- «Сұлтанат Яссы» ЖШС – 5,4 га (кесене аймағы)
- «Жаңа Яссы» ЖШС – 1,5 га (кесене аймағы)
- «Казгеопроект Консалтинг» ЖШС – 1,08 га (Жібек жолы саябағына жапсарлас)
- «Парк Вью Резиденс» ЖШС – 5,65 га (әкімшілік іскерлік орталық)
Байқап отырсаңыздар, Түркістан АЭА жергілікті әкімдікпен бірлесе жер комитетінің қызметін атқарып отырған секілді. Бір ойландыратын мәселе, сол коттедж салып, сатумен айналысып отырған фирмалар ертеңгі күні сол салған коттедждердің жерлерін заңдастыра алады ма? Жоқ! Сол себепті ертеңгі күні әкімдікке қайтадан миллиардтаған қаржыға сатуға әрекет жасаса, құрметті жерлестер, таң қалмаңыздар!
Енді біздің алдымызда Президент айтқандай, жаңа Қазақстанды құру міндеті тұр. Бірақ жаңа Қазақстан қай кезде құрылады? Әрине, берік ұстаным мен мықты әрі әділ экономиканың арқасында жүзеге аспақ. Оны Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Біздің азаматтарымыз «Жаңа Қазақстан деген не?» деп жиі сұрап жатады. Бұл сұраққа қысқа әрі нұсқа жауап беруге болады деп ойлаймын. Жаңа Қазақстан – шын мәнінде әділ Қазақстан», – деп жауап берген болатын. Ал «әділ Қазақстан» ұғымына жоғарыдағы жағдай мүлдем керағар болып тұрған жоқ па?!
Сакен ХАНДИЛЛАЕВ, Түркістан қаласының мәслихат депутаты.