Inicio Әлеумет ТҮРКІСТАН: «АУЫЛ АМАНАТЫ» – АЙРЫҚША ЖОБА

ТҮРКІСТАН: «АУЫЛ АМАНАТЫ» – АЙРЫҚША ЖОБА

Жалпы, биыл Түркістан облысында «Ауыл аманаты» пилоттық жобасын жүзеге асыру үшін қосымша жұмыстар нәтижесінде 16 ауданнан 64 ауылдық округ таңдалып алынып, бүгінге дейін 75 кооператив құрылыпты. Бизнес-жобаларды қаржыландыруға республикалық бюджеттен жалпы 19,8 млрд. теңге қаржы бөлінген.

Тиісінше, жоба аясындағы жұмыстар басталғаннан бері «Түркістан» әлеуметтік кәсіпкерлік корпарациясы» АҚ-ға «Ауыл аманаты» жобасы аясында облыс көлемінде құны 17,9 млрд. теңгені құрайтын 3409 жоба бойынша өтініш түскен. Оның ішінде 3 018 жобаны уәкілетті орган қарап, жалпы құны 14,2 млрд. теңгені құрайтын 2437 жоба мақұлданған. Өз кезегінде, құны 10,3 млрд. теңгені құрайтын 1 797 жоба қаржыландырылыпты. Алдағы уақытта аталған жобаны іске асыру нәтижесінде 3 220 жоба қаржыландырылып, 3400-ге жуық жаңа жұмыс орны ашылады деп жоспарланып отыр. Сонымен бірге, атаулы әлеуметтік көмек алатындар саны азайып, тұрғындардың күнкөріс деңгейі 1,5 есеге артады деп күтілуде. Бір сөзбен айтқанда «Ауыл аманаты» – жол тапқан адам үшін таптырмас мүмкіндік.

Бұл ретте «Ауыл аманаты» жобасы аясында ауылда кәсібін дөңгелетуді көздейтін кәсіпкерлер үшін 2025 жылға дейін 2,5 пайызбен шағын несие беріледі. Жоба бойынша микрокредиттерді ісін жаңадан бастаған және жұмыс істеп тұрған кәсіпкерлер; зейнеткерлік жасқа толмаған жұмыстан босатылған қызметкерлер; дара кәсiпкер ретiнде тiркелмей табыс алу мақсатында тауарларды өндiру (өткiзу), жұмыстарды орындау және қызметтер көрсету жөнiндегi қызметтi дербес жүзеге асыратын тұлғалар және (немесе) әрекет етпейтiн дара кәсiпкерлер; отбасылық кәсiпкерлiкте ақысыз қызметтi өз бетiнше жүзеге асыратын адамдар; табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінің шамасынан төмен, сату (айырбастау) үшін жеке қосалқы шаруашылықта өнім өндіру жөніндегі қызметті дербес жүзеге асыратын тұлғалар; табыстары ең төменгі күнкөріс деңгейінен төмен өндірістік кооперативтердің мүшелері ала алады. Микрокредиттер 5 жылға дейінгі мерзімге, ал мал шаруашылығы саласындағы жобалар үшін – 7 жылға дейін беріледі. Микрокредиттің ең жоғары сомасы – ауылдық елді мекендерде (олардың әкімшілік бағыныстылығына қарамастан) және шағын қалаларда – 2,5 мың АЕК-ке дейінгі соманы құрайды.  Өз кезегінде, кооперативтер малдарды азықтандыру және басқа шығындарды азайтуға көмектеседі.

Қаржыландыру 2023-2025 жылдар аралығында үш кезеңде өтеді. Несие беру 2023 жылы басталады. Шағын кредиттер ірі қара мал өсіруге, құс шаруашылығына, наубайхана немесе кондитерлік өндірісті дамытуға, туризм кәсібімен айналысуға беріледі. Кепіл мүлкі болмаған жағдайда, кәсіпкер меншік иесінің келісімімен кепілдікті нотариалды рәсімдеу арқылы туыстарына немесе достарына жүгінуіне болады. Осылайша «AMANAT» партиясы аталған жобаны жүзеге асыруға қолдау танытып, халық арасында ақпараттық-түсіндіру жұмысын жүргізді. Ауқымды ақпараттық марафон 40 күнге жалғасты. Сарапшылар 28 шілде мен 10 қыркүйек аралығында еліміздің барлық өңірін аралап, тұрғындар арасында «Ауыл аманаты» жобасының мақсаты мен міндеттерін түсіндірді. Ақпараттық науқан аясында Қазақстанның 17 облысындағы 179 ауданның 394 ауылы мен ауылдық округінен 250 мың адам қамтылды.

Сонымен қатар бүгінде Түркістан облысында жаңа өндіріс орындарының ашылуы үшін, инвестициялық жобалар көптеп қолға алынып жатыр.  Осы ретте Сауран ауданында кәсіпкерлердің басын қосқан алғашқы бизнес-форум өткен болатын. Мемлекеттік бағдарламалар аясында кәсіпкерлікті дамыту мен қолдауға арналған бизнес-форумның мақсаты алыс жақын шетел және отандық инвесторларды тарту есебінен тиісті салалар бойынша өнеркәсіптік және туристік аймаққа айналдыру. Кәсіптерін дамытуды көздеген азаматтарға ыңғайлы жағдай жасайтын Шаға ауылдық округінен 30 га аумаққа индустриалды аймақ және Оранғай ауылдық округінен 365 га аумаққа арнайы экономикалық аймақ құрылуда. Аудан кәсіпкерлерінің басын қосқан форумда тоғыз жолдың торабында орналасқан Сауран ауданының потенциялын тиімді пайдалану тетігі ұсынылды. Форумға жиналған кәсіпкерлер бұл басқосу ауданның өсіп-өркендеу сатысындағы маңызды оқиға екенін айтты. Форум аясында аудан әкімдігі кәсіпкерлік ынтымақтастықты нығайту мақсатында құны 10 млрд. теңге тұратын 8 инвестициялық жоба бойынша кәсіпкерлермен меморандум түзілді. Сонымен қатар ауданда кәсіпкерлік кеңесі құрылады. Бауырлас қалалардағы кәсіпкерлермен қарым-қатынас нығаяды. Ауданға инвесторларды тарту арқылы жеңіл, тау-кен, машина жасау, ауылшаруашылық өнімдерін қайта өңдеу өнеркәсібін, туризм кластерін дамыту арқылы аудан экономикасын көтеруді көздеп отыр.

Бизнес-форумда Өзбекстан елінен келген кәсіпкерлер ауданда жүзім өсіруге ниетті екенін жеткізді. Шетелдік кәсіпкерлер жүзім кәсібіне 3,5 млрд. теңге инвестиция салмақ. Форум аясында аудандық кәсіпкерлер алдында презинтация жасап, жүзім өсірудің тиімділігін кеңінен түсіндіріп өтті. Аудан климатына қолайлы жүзімнің төрт түрімен таныстырды. Қазақстанда жүзімді өсіріп, алыс-жақын шетелдерге экспорттаудың да тиімділігін атап өтті. Осыдан біршама жылдар бұрын ауданға қарасты Ескі Иқан ауыл округінде мыңдаған гектар алқапқа жүзімнің 12 түрі өсірілген екен. Өзбекстандық кәсіпкердің айтуынша, жүзімді заман талабына сай плантацияда өсіруді қолға алмақ. Жоба іске асырылса, аудан жүзім алқабына айналады. Бизнес форум аясында аудан әкімдігі мен шетелдік кәсіпкер арасында меморандумға қол қойылды. Инвесторлық жоба 2024-2029 жылдарға жоспарланып отыр.

Бұдан бөлек, Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды инвесторлармен кездесіп, өңірдегі инвестициялық жобаларды таныстырған болатын. Аймақ басшысы өзбекстандық ірі компаниямен жаңа іскерлік байланыстар орнатып, өзара тиімді қарым-қатынастарды дамытуға әрдайым ашық екенін жеткізді.

Компания агро-логистикамен айналысады. Жаңа піскен көкөністер мен жемістерді сақтау мен экспорттауда озық технологияларды енгізуде алдыңғы қатарда. Қазақстан, Ресей, Тәжікстан, Үндістан, Ливан, Египет, Германия, Қырғызстан, Грузия елдерімен белсенді жұмыс жүргізеді. Жүзімнің сан алуан түрі мен өзге де жеміс-жидек пен көкөністерді шетелге экспорттауда агроконсалтинг қызметтерін көрсетеді.

Кездесуде компания басшыларымен жүзімнің көптеген түрін өсіретін заманауи тұқымбақ пен зертханасын құру жайлы талқыланды. Шаруа қожалықтарына жоғары табысты жүзім сорттарын жеткізуді ұйымдастыру, экспорттау жобалары туралы айтылды.

Жер мен су ресурстарын тиімді пайдалану, заманалық бау-бақша мен жүзімдіктерді құру және интенсивті көкөніс шаруашылығын жолға қою арқылы өнімділікті арттыру, ішкі нарықтың сұранысын қанағаттандыруға және экспорттық әлеуетті арттыруға бағытталған жоспарлар ортаға салынды. Облыс әкімі өңірдің кешенді даму жоспарында инвесторлар тарту, оларға қолайлы жағдай жасау мәселесіне айрықша назар аударылғанын баса айтты. Жергілікті билік бірлескен жобаларды қолдауға дайын екендігін айтып, бірлесіп шаралар жүргізуге қатысты жауапты тұлғаларға нақты міндеттер жүктеді.

Сонымен қатар, агросала дамылсыз дамып жатқан Түркістан облысында банан өсіру ісі жандана түспек. Облыс әкімі Дархан Сатыбалды «Gen group Qazaqstan» компаниясының құрылтайшыларымен кездесіп, өңірдегі агросаланы дамыту бағыттарын талқылады. Банан өсіруді мықтап қолға алған түрік компаниясы Сайрам ауданында 5,3 га жылыжай кешенін салып, банан отырғызған. Жылыжайда жылына 1000 тоннадан астам банан өндірілмек. Компания құрылтайшылары Тимур Утешов пен Абдулла Исмаилов кешен көлемін кемінде 2 есе арттыруды көздейтіндерін жеткізді. Елімізде баламасы жоқ жобаның жалпы құны 19,4 млрд. теңгеден асады.

Алдағы уақытта кәсіпкерлер Түркістан облысында манго, авокадо сынды экзотикалық жеміс түрлерін өндіруді жоспарлап отыр. Жылыжайда сондай-ақ құлпынай мен қызанақ өседі. Сонымен бірге қияр мен көкжидек өсірмек. Жылыжай құрылысы соңғы үлгідегі технологиямен салынып, жылу мөлшерін бақылайтын жүйемен жабдықталған.

Кездесуде Түркістан облысының әкімі өңірдің ауыл шаруашылығы саласында егістікті әртараптандыруға ерекше көңіл бөлінгенін атап өтті. Жыл сайын бір ғана дақыл екпей, жоғары сұранысқа ие өнімдерді өсіру өңірде кеңінен қолға алынған. Сондықтан банан өсіруді қолға алғысы келетін диқандарға қолдау болады. Аталмыш компания банан өсірудің қыр-сырымен бөлісуге дайын. Сонымен қатар кездесуде Түркістан қаласындағы азық-түлік белдеуін кеңейтіп, банан өсіруді қолға алу мәселесі талқыланды. Бұл мәселе жан-жақты зерттеледі.