Inicio Әлеумет ТҮРКІСТАН: 50-ДЕН АСТАМ ТҰРҒЫННЫҢ ТАЛАП-ТІЛЕГІ ТЫҢДАЛДЫ

ТҮРКІСТАН: 50-ДЕН АСТАМ ТҰРҒЫННЫҢ ТАЛАП-ТІЛЕГІ ТЫҢДАЛДЫ


Бүгін «Nur Otan» партиясы Түркістан облыстық филиалы барлық басқарма басшыларының қатысуымен тұрғындардың арыз-өтініштері бойынша «Ашық есік» күні қоғамдық қабылдауын өткізді. Қабылдауға 23 басқарманың басшылары және жауапты өкілдері қатысты. Өңірдің әр қиырынан келген 50-ден астам тұрғын басшылармен тікелей жүздесіп, арыз-шағым мен мәселелерін айтты.
Бүгінде «Nur Otan» партиясы Түркістан облыстық филиалының «Open Spaсe» форматындағы қоғамдық қабылдау бөлмесі нағыз диалог алаңына айналып келеді. Партия төрағасы, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың партияны жаңғырту бағытындағы тапсырмасына сәйкес мұнда апта бойы қабылдаулар өтіп жүр.
Бұл жолғы жаппай қабылдауға әсіресе, әлеуметтік көмек көрсету, жұмыспен қамту, медицина, білім және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласына қатысты басқарма өкілдеріне сұрақтар өте көп болды. Қабылдауға жазылған тұрғындардың басым бөлігі осы түйткілдер бойынша арызданған. Бұл – елімізде әлеуметтік қорғау бағытында әлі де күрмеуі шешілмеген мәселе көп екенінің белгісі. Бүгінгі қабылдау қортындысы бойынша «Қамқорлық» жобасы бойынша да бірнеше отбасы тізімге қосылуы мүмкін.
«Nur Otan» партиясы Түркістан облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Б.Тәжібаев «Партияның қоғамдық қабылдау бөлмесі халық пен биліктің арасындағы көпірге айналды десек қателеспейміз. Арнайы кесте әзірленіп, басшылардың қабылдау күндері алдын ала хабарланып жатыр. Бүгінгі қоғамдық қабылдауға да тұрғындар келіп, тиісті жауаптарын алуда. Мұндай жаппай ашық есік күні 7 ақпанда сағат 15.00-де Шымкент қаласында да өтеді. Түркістанға келе алмаған облыс тұрғындары сол қабылдауға барса болады», – деді. Шалғайдағы аудандарда көшпелі қоғамдық қабылдаулар да тұрақты өтетінін мәлімдеді.
Бүгінгі қоғамдық қабылдауда кейбір тұрғындардың мәселесі бойынша бірден шешу жолы ұсынылса, бірқатарына заң аясында кеңес берілді. Жөн сілтенді. Әрбір проблема мен шағымды басқарма өкілдері арнайы жазып алды. Алдағы уақытта бұл шағымдар бойынша жұмыс атқарылып, шешім қабылданады. Ешбір тұрғынның мәселесі назардан тыс қалмайды.
«Nur Otan» партиясы Түркістан облыстық филиалының баспасөз қызметі