Inicio Әлеумет ТҮРКІСТАН: АУДАНДАРДАҒЫ МЕКТЕП ҚҰРЫЛЫСЫ ҚАДАҒАЛАНУДА

ТҮРКІСТАН: АУДАНДАРДАҒЫ МЕКТЕП ҚҰРЫЛЫСЫ ҚАДАҒАЛАНУДА

Түркістан облысында елді мекендердің инфрақұрылымын жақсарту, халықты әлеуметтік жұмыспен қамту жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. Бұл мәселе өңір басшысы Дархан Сатыбалдының тұрақты бақылауында.

–Аймақты дамыту, халықтың әл-ауқатын көтеру, ауылдардың инфрақұрылымын жақсарту, жаңа жұмыс орындарын ашу бағытындағы жүйелі жұмыстар жалғасын табады» ,-деген болатын облыс әкімі Д.Сатыбалды «Қазинформ кз»  ақпарат агенттігі сайтының тілшісіне берген сұхбатта.

Түркістан облысы әкімінің орынбасары Бейсенбай Тәжібаев Мақтаарал ауданына жұмыс сапарымен барып, ауданда жүргізіліп жатқан маңызды нысандардың құрылыс барысымен танысты. Мердігерлер, бас жобалаушылар, техникалық қадағалаушылар, жауапты басқарма өкілдеріне құрылыс кестесінен кешікпеу, жұмысшы күшін екі есе көбейту, құрылыс сапасына аса мән беруді тапсырды. Егер мерзімнен кешігу немесе құрылыс сапасы төмен болған жағдайда айыппұл салынатыны ескертілді.

Алдымен аудандық білім бөліміне қарасты «Толағай» лагеріне барды. Жазғы сауықтыру лагері биылғы 3 маусымда жұмысын бастаған. Қазіргі таңда мұнда  ауысымдағы 200 оқушы демалуда. Жалпы жаз айларында 1660 бала демалады деп жоспарланған. Бес мезгіл тамақ беріледі. Қолөнер, сурет салу, футбол алаңы, шахмат, дойбы сынды үйірмелер мен бассейн бар. Сонымен қатар салқындатқыш кондиционерлер мен бейнебақылау камералары орнатылған.

Сонымен қатар, А.Қалыбеков ауылдық округі, Төрткөл елді мекеніндегі фельдшерлік акушерлік пунктінің құрылысы да тексерілді. Былтыр қыркүйек айында басталған құрылыстың бас мердігері – «Нүрі-Л-Жетісай» ЖШС.  Ал Бірлік ауылдық округі, Алғабас елді мекеніндегі мәдениет үйдің күрделі жөндеу жұмыстары биыл наурыз айында басталған. Ғимараттың жалпы ауданы 1835,3 шаршы метр, жер телімінің ауданы – 0,45014 га.  Бас мердігер – «Allians & Arena» ЖШС.

Облыс әкімінің орынбасары Атакент кентіндегі Қ.Сәтбаев атындағы №6 жалпы білім беретін мектебіне барып, сонда жүргізіліп жатқан күрделі жөндеу жұмыстарымен де танысты. Типтік үлгідегі мектеп 1986 жылы пайдалануға берілген. 570 орынға арналған білім ошағында мыңға жуық оқушы білім алады. Бас жобалаушы – «Вибo-строй» ЖШС. Биыл маусым айында басталған құрылыс бір жылға жоспарланған. Келер жылы тамыз айында тапсырылмақ. Мектептің қабырғалары плитадан қаланған үш қабатты негізгі 3 блоктан тұрады. «Construction Group SAMRUK» ЖШС тарапынан күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Қазіргі таңда мектептің Б, В, Г блоктарының  бұзу және бөлшектеу жұмыстары аяқталды. Әрі қарай ішкі сылақ жұмыстары, шатырды орнату, терезелерді дайындау, электр сымдарын орнату жалғасуда.

Іссапар барысында «Жастар» ресурстық орталығында Мақтаарал ауданындағы этномәдени бірлестіктер мен ҚХА құрылымдары жетекшілері, қоғам белсенділерімен кездесті. Мақтаарал ауданы әкімінің міндетін уақытша атқарушы Бейсенбай Төребеков аудандағы жалпы ахуалды, этнос өкілдерінің жұмыс барысын таныстырды. Сұрақ-жауап форматында еркін әңгіме өрбітіліп, қатысушылар пікір алмасты. Ел бірлігін нығайту, этносаралық келісімді сақтау жөнінде ой қозғалды.

– Өңіріміздің дамуы мен экономикалық өсімі қоғамдағы тұрақтылық, ынтымақ пен достық, өзара сенім мен құрметтен бастау алады. Қоғамда әділдікті, еңбекті дәріптеу, жастарға қолдау көрсету маңызды. Ол үшін балаларды дұрыс бағытқа бағыттап, сапалы білім беруге баса мән беру керек. Жұмыс күші де жетіспейді. Бос жүрген жастарды, жұмыссыз азаматтарды тартқан жөн. «Жастар практикасы» бар, «Серпін» бағдарламасымен оқу, әскерге шақыру жұмыстары туралы түсіндіру жұмыстарын жүргізіңіздер. Сондай-ақ NEET санатындағы жастарды колледжге оқыту мәселесі де өзекті. Биыл жаңа оқу жылына 15500 орынға мемлекеттік тапсырыс беріп отырмыз. Жастар грантта оқи алады. Халық ақпараттануы керек. Ел татулығы мен бірлігін, қоғамның қауіпсіздігі мен тыныштығын қамтамасыз ету – басты қағидатымыздың бірі. Біз бірлесе атқарған жұмыстар арқылы азаматтарымыздың экономикалық-әлеуметтік әл-ауқатын арттыра аламыз, – деді облыс әкімінің орынбасары.