Inicio Әлеумет Әдеп – тәртіптің діңгегі

Әдеп – тәртіптің діңгегі

Құрметті оқырмандар, мемлекеттік органдар мен мемлекеттік қызметшілердің қызметі көпқырлы, сонымен қатар – жауапты. Мемлекеттік қызметшілер мемлекеттік қызметтердің көп санын көрсетеді, азаматтар мен заңды тұлғалардың өтініштерін (шағым) қарайды және оларға жауап береді, Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерінде белгіленген құзыреті шегінде тіркеуші органдардың, басқа да субъектілердің қызметіне тексерулер жүргізеді және тағы да көптеген қызметтерді көрсетеді,  сонымен бірге мемлекеттік қызметшінің кәсібилігі, сыртқы келбеті мен әдеп нормалары маңызды роль атқарады.

«Адам әдебімен көрікті», — дейді қазақ халқы. Халқымыздың осынау «әдеп», «әдептілік» ұғымының мәнісі тамыры терең ұлттық рухани мәдениетімізден бастау алады. Олай дейтініміз, адамның сөйлеу мәнері, іс-қимылы, жүріс-тұрысы, өзін ұстай білуі оның мәдениетті, әдепті екендігін аңғартады. Адамның бойынан әдептілік қасиеттің көрінісі — ол парасаттылық пен адамгершілік. Әдептілік – адам бойындағы жағымды қасиет, оның қоғамда қабылданған әдеп талаптарын мінсіз орындауы болып табылады. Ол қоғамда, үйдегі тәлім-тәрбиенің негізінде қалыптасады. Қоғам мемлекеттік қызметшіні өзінің барлық күш-жігерін, білімі мен тәжірибесін атқаратын кәсіби қызметіне жұмсайды, өзінің Отаны Қазақстан Республикасына адал да қалтқысыз қызмет етеді деп сенім білдіреді. Демек, адамдар арасында осы қызметші туралы дұрыс пікір, оң көзқарас, оған деген айқын сенімділік қалыптасуы қажет. Бұл үшін бір ғана кәсіби білімділік пен білгірлік жеткіліксіз, одан басқа қызметшінің жеке мінез-құлық мәселесі өте маңызды орынға ие. Яғни, кызметшінің кәсібилік деңгейі мен жоғары моральдық-адамгершілік қасиеттері қатар тұру керек. Мемлекеттік қызметкер мемлекеттің кәсіби дамуына, ел мүддесіне жауапты тұлға. Заман талабына сәйкес, мемлекеттік қызметшілердің әдебі мен мінез-құлық мәселелеріне талаптар күшейтілуде.  

Қазіргі Қазақстанда этикалық қағидаттар, әсіресе тез өзгеріп жатқан қоғам мен жаһанданып жатқан әлем контекстінде маңызды рөл атқаруда. Қарқынды экономикалық өсу мен технологияның дамуы бізге жаңа моральдық сын-қатерлер туғызуда. Мысалы, қоғамдағы маңызды талқылау тақырыбына айналған сыбайлас жемқорлық мәселесін алайық. Бұл құбылыс қоғамдық және саяси өмірдегі әділеттілік, адалдық және ашықтық принциптеріне күмән келтіреді. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес, азаматтардың билікке деген сенімін қалпына келтіру және моральдық таза және тиімді мемлекеттік құрылымды құру — мұның бәрі процестің әрбір қатысушысынан моральдық ұстанымдар мен жауапкершіліктің қатаңдығын талап етеді.

Әдеп адам өмірінің барлық саласында өз орнын табады. Қазақ халқының ұлттық дәстүрлері мен ұлы ойшылдарының даналық сөздері қазіргі заманға дейін бізге моральдық бағдар беруде маңызды рөл атқарады. Адамның жақсы қасиеттері — адалдық, әділдік, қайырымдылық, мейірімділік — қоғамның тұрақтылығын және болашағын анықтайтын басты құндылықтар болып табылады. Әдептік нормаларды сақтау, қоғамның дамуына және адамдар арасындағы қарым-қатынастың ізгілікті болуына септігін тигізеді.

А.Б.Бекмуратов,
Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігі Табиғи монополияларды реттеу комитетінің Түркістан облысы бойынша департаменті басшысының орынбасары.