Биыл әкімдердің елге есеп беру жиындары ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әкімдердің халықпен кездесулерін өткізу туралы» Жарлығы негізінде жаңа форматта өткізіліп жатыр. Барлық деңгейдегі әкімдер жыл бойы халықпен кездесулер өткізіп, жиын барысында халықты толғандыратын әлеуметтік мәселелерді тыңдайды. Осыған сәйкес Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев бүгін «Ақжайық» музыка мектебінің ғимаратында Түркістан қаласының тұрғындарымен жүздесіп жатыр.
Кездесу барысында облыс әкімі өңір мен Түркістан қаласында атқарылған жұмыстар жөнінде баяндады. Сонымен бірге проблемалық мәселелерге тоқталып, Қазақстанды жаңғыртудың жаңа бағдарының негізгі бағыттары туралы баяндады.
– Өздеріңізге белгілі Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы биыл 16-наурызда «Жаңа Қазақстан: Жаңару мен жаңғыру жолы» Жолдауын жариялады. Жолдаудың басым бөлігі еліміздің саяси жүйесін кешенді жаңғырту бағдарламасына, жергілікті өзін-өзі басқаруды орталықсыздандыру және дағдарысқа қарсы кезек күттірмейтін мәселелерге арналған. Сонымен бірге Мемлекет басшысы Түркістан облысының құрылуы тиімді және ұтымды болғанын атап өтті. Жалпы, Түркістан облысы құрылғалы бері әлеуметтік-экономикалық даму деңгейі едәуір артты десек болады. Экономиканың басты көрсеткіші болып табылатын жалпы өңірлік өнімі 2018 жылмен салыстырғанда анағұрлым артып, 2,6 трлн. теңгені құрады. Өнеркәсіп өнімінің көлемі 707,8 млрд. теңгені құрап, 3,6%-ға артты, – деді Ө.Шөкеев.
Облыстың өнеркәсіптік әлеуетін дамыту мақсатында 2021 жылы жалпы құны 186,6 млрд. теңгені құрайтын 34 инвестициялық жоба іске қосылған. Ауыл шаруашылығында 906,5 млрд. теңгенің өнімі өндіріліп, өсім 101,7%-ды құрады. Егіс көлемі 845500 гектарға орналастырылып, жоспар 2100 гектарға артығымен орындалған. Жаңадан 122 гектарға жылыжайлар салынып, жалпы көлемі 1467 гектарды құрап отыр. Елімізде экспортқа шығарылатын ірі қара мал етінің 75 пайызы, қой етінің 40 пайызы Түркістан облысының үлесінде. Түркістан қаласының инфрақұрылымы толық қаланып, шаһарды дамытудың екінші кезеңі басталды. Санақ нәтижесі бойынша қала халқы 56356 адамға өсіп, тұрғын саны 221 102-ге жетті. Жаңадан халықаралық әуежай, әкімшілік-іскерлік және рухани-мәдени орталықтары салынды.