Бүгін Мақтаарал ауданына жасаған іс-сапары барысында облыстық “Түркістан – Адалдық Алаңы” жобалық кеңсесінің жетекшісі Гүлзия Қарсыбай Атакент кентіндегі «Халықтық кеңсенің» жұмыс барысымен танысты.
Айта кетейік, ағымдағы жылдың наурыз айында Атакент кенті әкімі аппаратының ғимаратында мемлекеттік қызметтерді бір жерден алуға, кент әкімінің жеке қабылдауына жазылуға, арыз-өтініштер мен ұсыныстар беруге және консультациялық кеңестер алуға, жалғызбасты және мүмкіндігі шектеулі азаматтарға көмек көрсетудің түрлері бойынша құқықтық кеңес беруге, көмек көрсетуге, салық маманы, атаулы әлеуметтік көмекке өтініш берушілердің құжаттарын қабылдауға мүмкіндіктер беретін сервистік орталық іске қосылған.
Мұнда электронды терминал арқылы кезек алу, анықтама бұрышы, қызмет көрсету, күту залдарымен қатар азаматтар үшін арнайы «электронды үкіметтің» «Өзіне-өзі қызмет көрсету бұрышы» жасақталған.
Халықтық кеңседе ЭЦҚ алу, «e-gov», түрлі анықтамаларды алу, жәрдемақы тағайындауға өтініш, үй кезегіне тіркелу, жер, үй құжаттарын заңдастыру бойынша барлық қызметтің түрін «e-gov» порталы арқылы алу жолдарын үйрету бойынша консультациялық кеңестер беріледі.
Тұрғындардың қолайлы негізде қызмет алуына айрықша басымдық беруді тапсырған Гүлзия Нұрғалиқызы аталған “сервистік әкімдіктің» – мемлекеттік қызмет көрсету саласында орын алуы ықтимал сыбайлас жемқорлық қылмыстарының алдын алуда, жұмыс сапасын арттыруда тиімді рөл атқаратынына тілектестік білдірді.