Бұлай дейтін себебім, мазмұнды ақпараттарды елемей, әлеуметтік желідегі өсек-аяңдарды дәріптейтіндер көбейіп кетті. «Сіз неге даурықпа сөздерге әуессіз?» деп сұрай қалсаңыз, қайыратын жауабына қынжыласың. Сондағы айтатыны «Әлеуметтік желіде шындықтың бір ізі болуы мүмкін…».
Мұндайлар ұлттық тілдегі басылымдардың мақсат-мүддесін қайдан түсінсін? Рахманқұл Бердібайдың «Қазақ интеллигенті өз ана тілін білмейді» дегені айдан анық. Мұнан алпыс жыл бұрын баспсөзде тайға таңба басқандай бетке салық қылып, ескерткенмен қандастарымыз әлі күнге дейін қыңқ етер емес.
Қостанайлық юморист қаламгер Дәмер Сәкенұлы бір әзіл әңгімесінде «Парламенттегі азаматтардың түгелге жуығы өз қандастарымыз болса да қазақша сөйлеуге ұялады. Еліміздің Үкіметінің құрамы да сол шамада ғой. Дегенмен, олар да қазақша сөйлеуге қымсынады» деп түйрегені бар еді.
Саралап отырсам, қаламгердің әзілі әбден дұрыс болған сияқты. Әттең, солар әлгі автордың сықақ әңгімесін оқи қоймайды-ау.
«Ана тілі» газетінің № 49 санындағы Қали Сәрсенбайдың «Сұңғыла» атты мақаласындағы Рахманқұл Бердібайды оның ғибратты сөздерін мақаласы арқылы еске алған соң үндемей қалуды лайықсыз санағанымды ескертпекпін.
Орал қаласындағы педагогика институтының қазақ тілі және әдебиеті факультетінен 1971 жылы диплом алдым. Мұқамбет Қадірбергенов есімді терең білімді ұстаз «Тіл біліміне кіріспе» аталған пән бойынша бірнеше жыл лекцияны құлағымызға сіңдіріп оқыды. Сол Мұқаң ағамыз алпысыншы жылдардың өзінде елімізге белгілі ғалымдары Мәулен Балақаев, Серік Қирабаевтардың ғылымға сіңірген еңбегін мадақтайтын.
Құдайға шүкір, қазір де тіл ғылымын зерттеуші жастардың қатары толығуда. Солардың зерттеушілігін «Ана тілі» үзбестен жариялап тұрса екен. Газет оқитындарымыз басылымдарға толық шолу жасамайтындарға насихаттаудан жалықпас едік. Себебі, басылымдарды жаздырып алуын алса да әлгіндей ғылыми мақалаларды оқымайтындар бар.
Сөзімді дәлелдеу үшін мына оқиғаны көлденең тартайын: орта жасқа келсе де ана тіліндегі көпше және жекешені айыра алмайтындар арамызда көптеп кездеседі. «Сендер қашан келдіңдер?» деп сауал қояды. Жасым үлкен болғандықтан әрі ескерту және ұялту мақсатымен «Інім-ау, жалғыз өзім тұрмын ғой. Үйдегі жеңгең күмәнданып, «Жаныңа қай әйелді ертіп келдің?» деп жанжалдасса, қайтеміз?» деймін. Сонда да жаңылысқанын біле қоймайды.
Тағы да бір мысал. «Маған» деген сөзді «Мағам», «Ағама» дегенді «Ағамға» деп шатастырады.
Мұның сыры тек ауызекі тілде сөйлегендіктен ғана емес, әлеуметтік желідегі желіктірме, қысыр сөз тіркестеріне еліктеуден туындап, жалғаса беретіндігінде.
Кешегі Кеңес дәуірінде жеті жүзге жуық мектептің жабылуының салдарынан көптеген қазақ балалары орыс кластарына ауысты. Бесіншіден сегізінші класқа дейінгінің әрбірінде үш паралельді класс болды. Солардың бір класына кіріп барғанда отыз оқушының жартысы қазақ балалары екеніне мен өзім мұғалім кезімде куә болдым.
Мұндай сорақылықтың сырын ашу үшін Білім министрлігі шара қолдануды бірден ойластырды. Әлі есімде, жетпісінші жылдардың алғашқы кезеңінде Қостанай облысының Әулиекөл (Семиозер) аудандық оқу бөлімінде жауапты қызметте жүрдім.
Алматыдан келген комиссия құрамына оқу бөлімі мені де қосты. Ауыл-ауылды аралап, ата-аналармен кездесу ұйымдастырдық. Комиссия басшылары оларға «Балаларыңызды неге қазақ кластарынан алып кеттіңіздер?» деп сауал қойды. Сонда ата-аналардың арасында ащына сөйлегендердің пікірі әлі күнге дейін құлағымда. Олар: «Балаларымыз аттестат алуын алар-ау, дегенмен, жоғары оқу орнындағы қабылдау емтихандары түгелдей орыс тілінде ғой. Үш ауыз орысшаны терең үйрене алмаған шәкірт қалайша ойын жеткізбек?»деп тіке айтты.
Жарайды, сол уақыт өзінің заманындағы талаптарымен кетті. Егемендік алып, көсегеміз көгерді. Аллаға шүкір, тілімізге еркіндік берілді. Ұлттық тілде білім беретін орта мектептер мен жоғары оқу орындарының саны көбейіп келеді. Алайда, ана тілімізде таза сөйлесу әлі де өзінің тұғырына көтерілер емес. Неге?
Қырық жылдай журналистикада қызмет атқарғанда көңіліме тоқығаным: орта және жоғары оқу орындарында қазақ тілі пәнінен сабақ мүлде жүргізілмейді. Ескерте кетейік, орта мектепте бұл пән сегізінші кластан кейін оқытыла қоймайды. Сосын, әрине, түлектер қазақ тілі грамматикасының ережелерін ұмытып қалады. Шындығына келгенде, ҚАЗАҚ тілі әлемдегі күрделі тілдердің қатарына жатады. Жалғыз ғана сөз түбіріне әлденеше жұрнақ, жалғаулар жалғанатынын неге ұмыта береміз?