Inicio Басты жаңалықтар ҰЛТТЫҚ ҚОҒАМДЫҚ СЕНІМ КЕҢЕСІ – ОРТАҚ МҮДДЕ ҮШІН

ҰЛТТЫҚ ҚОҒАМДЫҚ СЕНІМ КЕҢЕСІ – ОРТАҚ МҮДДЕ ҮШІН

Ағымдағы жылдың 17 шілде күні Қазақстан Республикасының президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің құрамын жариялады. 44 адамнан тұратын қоғамдық кеңесті ел президенті Қасым-Жомарт Кемелұлының өзі басқарады.

Басты міндет – билік пен халық арасында алтын көпір орнату. Яғни, мемлекеттік бағдарламалар мен заңдардың жобаларын қоғамдық сараптамадан өткізіп, өзге де тараптардың пікірін ескеріп, ортақ шешім қабылдау.

– Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі – қажет уақытта құрылды деп ойлаймын. Құрамына мүшелік ететін 44 адамның түрлі саладан екендігі қуантарлық. Алайда, негізгі мақсат – халық, саяси партиялар және билік арасында диалог орнату. Ел ішіне іріткі салудың қажеті жоқ. Барлығы да ортақ шешіммен бейбіт шешілуі тиіс. Әрине, күтетін үмітіміз көп. Оның ішінде ауылдық жерлерді дамыту, жастарды қолдау, жұмыссыздықты азайту сияқты мәселелер шешімін тапса деген тілегіміз бар. Алдағы уақытта, шығысқазақстандықтар кеңестің жұмысын толық қолдайды деп сеніммен айта аламын, – деді филология ғылымдарының докторы, профессор Арап Сләмұлы.

Айта кетейік, кеңестің алғашқы отырысы тамыз айында өтеді. Жарлыққа сәйкес, кеңестің жиыны жылына үш рет өткізілуі тиіс. Ал, кеңестің шешімі ҚР Конституциясы, заң актілері мен бұйрықтары негізінде қаралатын болады.