Inicio Әлеумет Цифрлы кеңістік – тілдің қолданыс аясын кеңейтетін мүмкіндік

Цифрлы кеңістік – тілдің қолданыс аясын кеңейтетін мүмкіндік

Бүгінде қазақ тілінің коммуни­кациялық әлеуетін күшейтуге байланысты ілкімді іс-қи­мылдар жүзеге асып келеді. Осы орайда тілдің қолданыс аясын кеңейту, қазақ тілін ғылым мен білім тіліне айналдыру, цифрлы кеңістіктегі рөлін арттыру сияқты маңызды мәселелерге назар аударатынымыз анық. Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының тілші-ғалымдары бұл бағыттағы іс-шараларға байланысты пікір­лерімен бөлісті.

Институттың Тіл мәдениеті бө­лімінің бас ғылыми қызметкері, филология ғылымдарының док­то­ры, профессор Нұргелді Уәли «Тілдің қолданыс аясын ке­лістіру үшін тілді емес, тілдік ком­­­му­никацияны қаперге алуы­мыз керек» деген пікірде. Осы орайда бірқатар түйткілді мәсе­лелерді ортаға салып, өткендегі тәжірибеге қарағанда, тілді оқы­­ту жақсы жолға қойылып келе­ді. Бірақ нәтиже аз», дей­ді. Оның себептерін тілдік комму­ника­цияның қаперге алынбауы­мен байланыстырған ғалым Тәуел­сіздіктің алғашқы жылдарында өзге ұлт өкілдеріне қазақ тілін оқыту мәселесінің нәтижелі бол­ған­дығын еске алды.

Институттың бас ғылыми қыз­меткері, ҰҒА академигі, филология ғылымдарының докторы, профессор Зейнеп Базарбаева «Тіл реформасы –  рухани жаң­ғыру бағдарламасының өзегі. Ол қоғамның рухани жаң­ғы­руы­на және қазіргі жаһан­дану жағдайында мәдени өзін­дік идентификацияның қалып­та­суына ықпал етеді. Қазіргі модернизация, инновация, цифр­ландыру заманында латын гра­фикасы арқылы әлемдік ақпарат­тық коммуникацияға еркін кі­ру­­ге болады», деп ой тас­тай ке­ліп, «Біздің жастарымыз латын әліпбиін білуге ынталы. Себебі өз мансабын жасау үшін олар дамыған елдердің жа­зуын білу керек әрі латын әліпбиі олар­дың санасында жоғары сапа жә­не жетістіктермен байланысады. Латыннегізді қазақ жазуы арқы­лы жастарға жаhандық білім жүйе­сіне құрмаласу оңайы­рақ болады. Сонымен жаңа әліпби табыс­ты өзгерістер әкеледі, латын графикасына негіз­делген қазақ тілі қалың жұрт­шылыққа тартымды болады, соның нәтижесінде қазақ тілінің мемлекеттік тіл ретінде қолдану аясы кеңейеді», деді.

Тілдің дамуын қолданыс ая­сының кеңеюімен байланыс­тыр­ған институттың бас ғылы­ми қызметкері, филология ғы­лымдарының докторы, профессор Бағдан Момынованың айтуынша, тілдік қолданысты кеңейту бала танымын қазақша қалыптастыруға көңілді көбірек бөлуден басталады. Ол үшін балалар қызығатын телебағдарламалардан бөлек, түр­лі қызғылықты ойын бағ­дар­­­ламаларын ұсыну керек. Сон­дық­тан «Балаларға арнал­ған мультфильмдерді тек қазақ ертегілеріне ғана негізде­ген­нен гөрі, адамгершілік құнды­лықтарды түсіндіретін аса сауат­ты аударма мультфильмдермен толықтыру қажеттігі тұр. Қа­зақ тілін ана тілі ретінде оқы­ту мен екінші тіл ретінде оқы­ту әдістемесін әлі де жетілдіру керек. Тіл біліміндегі жаңа бағыт­тармен зерттеулер жүргізуге мүм­­кіндіктерді молайтатын тіл теориясына арналған гранттық қаржыландыруларға мемлекеттік тіл саясатында ба­сымдық беріліп отырса, теория­лық ізденістер жыл­­дар өте келе өз жемісін бере­рі анық» деп атап өтті Бағдан Момынова.

«Қазақ тілін дамыту үшін қо­ғам­ның барлық саласында оның мемлекеттік мәртебесінде қызмет етуін толыққанды әрі тиімді қамтамасыз ететін заманауи, жетілген нормативтік-заңнамалық база керек. Бұл қазақ тілінің мемлекеттік тіл ре­тіндегі функциясын сақтайды» деген пікірін ортаға салған Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының директоры, филология ғылымдарының кандидаты Анар Фазылжан ір­ге­лі зерттеулер тіл білімінің әлеу­мет­тік лингвистика саласында жүргізілуі керек екенін айтады. Осы орайда биылдан бастап инс­титутта Әлеуметтік тілтаным бөлімі ашылып, мамандар мем­лекеттік тілдің өміршеңдігін қам­та­масыз ететін шамалар мен тіл саясаты, қоғамның тілдік капиталы мен Қазақстандағы тілдік жағ­даятқа қатысты зерттеулермен шұғылдануда.

«Қазақ тілі – ұлттық тіл, қа­зақ ұлтының ғасырлар бойы жинақ­таған зияткерлік, ахлақтық, рухани, эстетикалық, құқықтық, т.б. сан-салалы білімдер жүйесін сақтаушы, жинақтаушы, жүйе­леуші, ұрпақтан-ұрпаққа жеткі­зуші, тасымалдаушы, реттеуші құрал, қазақ ұлты тілі арқылы ғана жалпыадамзаттық құндылықтарға өз үлесін қосып отыр. Осы бағытта қазақ тілін тек Қазақстанда ғана емес, сол сияқты өзге де мемлекеттер аумағындағы мәдени қауымдастықтардың тілі, яғни автохтонды тіл екенін дұрыс та­нып, қазақ тілінің мәдени кар­­тасын жасап, оған мемлекет шеңберінен тыс таралған кеңістікте де қамқорлық көрсетуді Ұлттық жобаларға енгізу керек. Бұл бағытта институтта ір­гелі жә­не қолданбалы зерттеулер үздіксіз жүргізіліп келеді. Осы­ зерттеу нәтижелерін пайдалана отырып, қазақ мәтіндерінің ақпарат­тық-инновациялық ақылды тілта­нымдық базасы – Қазақ тілінің ұлт­тық корпусы әзірленіп, интернет ресурсы жасалды – qzcorpus.kz, онда қазақтың әр сөзінің «пас­пор­ты» беріледі», деген Анар Фа­зылжан қазақ тілін ғылым ті­лі­не айналдыру бағытында ора­сан еңбек атқару керек, деп ой түйеді. Яғни заңнамалық базаны қалыптастыру, мәселен, Қазақстанда қорғалатын ғылыми жұмыстардың, әзірленетін ғы­лы­ми еңбектердің бір данасын мемлекеттік тілде дайындап, тіркеуді міндеттейтін норматив қажет. Бүлдіршіндерге, жас­өс­пірім­дер мен жастарға арналған ғылыми ақпарат беретін қызықты IT қосымшалар, теле-радио бағ­дар­ламалар, қағаз және электрон­ды нұсқадағы мерзімді басылымдар, алуан түрлі қызықты конкурстар ауадай қажет. Қазақ тілін ғылым тіліне айналдыру үшін ұлттық терминологияны тиісті деңгейде дамыту маңызды, осыны көздеп, биыл институттың Терминология бөлімі орталық болып қайта құрылды.

Қазақ тілінің қолданыс аясын кеңейтуді цифрлы кеңістіктегі рөлін арттырумен тікелей байла­ныстырған институттың ғылыми қызметкері,  PhD Қуатбек Дүйсе­нов республика аумағында қызмет ететін коммерциялық және ком­мерциялық емес мекемелерді интернет кеңістікте мемлекеттік тілде ақпарат таратуға ынталан­дыру қажет екенін айтады. Ал институттың жетекші ғылы­ми қыз­меткері, филология ғылым­да­рының кандидаты Жанар Жұмабаева «Қазіргі уақытта тіл­дің қолданыс аясы ауызша сөз формасы жағынан да ерекше назарда болуы шарт. Себебі сөз әуезді, құлаққа жағымды, көкейге қонымды болуы үшін қазақ тілінің үндестік заңы үлкен қызмет атқарады. Ал үндестік заңы орфоэпияның негізгі тірегі болып табылады. Бір қарағанда, дыбыстардың үндеспеуінің еш зияны жоқ сияқты болып көрі­­неді, ал, шынтуайытына кел­ген­­де, дауысты дыбыстардың үн­десіп, дауыссыз дыбыстардың үйлесіп айтылуы қазақ тілінің басқа тілдерден ерекшелігін, өзін­дік табиғатын көрсетеді»,  де­ген ойда. Сондықтан қазіргі уақытта балабақшадан бастап, мектеп жасындағы оқушыларға дейін орфоэпияны ерекше үйрету қажет.