Inicio Әлеумет БОЛАШАҚ БАҒЫТЫМЫЗДЫҢ КЕПІЛІ

БОЛАШАҚ БАҒЫТЫМЫЗДЫҢ КЕПІЛІ

Мемлекет басшысының «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Қазақстан халқына арнаған Жолдауында бүгінгі қоғамдағы аса маңызды мәселелерге баса назар аударды. Сонымен қатар, ел экономикасын одан әрі дамыту, халықтың әлеуметтік әл-ауқатын жақсарту жолдары тағы басқа да көптеген мәселелер де қамтылды. Елдің ішкі экономикасын дамытуда отандық өнімдерге деген сұранысты арттыру жолдары да атап көрсетілді. Ең бастысы, бұл Жолдауда Қазақстанның болашақ даму жолының бағыт-бағдарлары айқындалып, халықтың әл-ауқатын жақсартудың нақты жолдары көрсетілді. Әрбір жарияланған Жолдау Мемлекет басшысы айқындаған нақты жос­пар-стратегиялар еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына, рухани түлеуімізге, тәуелсіздігі­міздің шынайы нығаюына негіз болып келеді.Жолдауда айтылған басым бағыттардың бірі елімізде жер-жаһанға зор қауіп төндірген пандемияға қарсы күрестің алдын алу мақсатында шараларға тоқталып өтті. Азаматтардың өмірін және денсаулығын қорғау үшін бар күш-жігерімізді біріктіру, елге төнген осындай сын сағатта ынтымағы жарасқан халқымызды бірлікке шақырып, жұдырықтай жұмылуға үндеді. Осы күресте алдыңғы шепте қызмет жасаған дәрігерлерге, құқық қорғау органдарының қызметкерлеріне, әскери қызметшілерге, еріктілерге, кәсіпкерлерге және осындай шақта бей-жай қалмаған барша азаматтарға Мемлекет басшысы өз алғысын білдірді.Осы шақта Үкімет нақты шектеулер мен бейімді карантин әдісін енгізіп, пандемиямен күрес жөнінде кешенді бағдарлама әзірледі. Мемлекет тарапынан әлеуметтік саладағы және экономиканы қолдауға бағытталған барлық міндеттемелер орын­далып келеді. Бұл мақсатқа Ұлттық қордан 1 триллион теңге бөлінді. 2023 жылға дейін шамамен 1 триллион теңгеден астам қаржы бөлу жоспарланып отырғанын атап өтті.Сонымен қатар, Президент қазіргі қиындықты міндетті түрде еңсеретінімізді, дегенмен, еліміздің жаңа геосаяси ахуалдағы ұзақ мерзімді дамуын естен шығармауымызды еске салды. Қазір әлем соңғы 100 жыл ішінде болмаған аса күрделі дағдарысты бастан өткеруде. Сарапшылардың айтуынша, жаһандық экономиканы қайта қалпына келтіру үшін кемінде 5 жылға дейін уақыт қажет екенін жеткізді. Болашақта көш бас­тайтын мемлекеттердің бәсекеге түсу қабілеті дәл осындай дағдарыстар мен іргелі өзгерістер кезінде шыңдалатынын, бұл жолда Қазақстан жаңа әлемде өзінің лайықты орнын алатынын мәлім етті.Мемлекет басшысы өз Жолдауында: «Тұңғыш Президент – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың көреген саясатының арқасында экономиканың дамуы үшін берік негіз қаланды, әлемдік аренада абырой-беделге ие болдық. Сондықтан әлемнің жаңа болмыс-бітімі қалыптасып жатқан шақта біз реформаларға тың серпін беруіміз керек. Бұл бағытта Ұлт жоспарын және Бес институттық реформаны негізгі бағдар етіп ұстануымыз қажет. Біз азаматтарымыздың лайықты өмір сүруіне жағдай жасауға, олардың құқықтарын қорғауға, заң үстемдігін қамтамасыз етуге, жемқорлыққа қарсы күресті күшейтуге міндеттіміз», – деген болатын. Олай болса, ел ертеңі кемелденсін десек, жас буынға дұрыс бағдар беріп, келешекте көркейген Қазақстанның негізін осы Жолдау жүктеген міндеттер аясында нақты іспен жүзеге асырайық демекпін.

Бақытжан БУКЕБАЕВ,қалалық ішкі саясат бөлімінің басшысы.