Inicio Әлеумет ҚАЗАҚ ТІЛІНІҢ МӘРТЕБЕСІ  ҚАШАН ДА МАҢЫЗДЫ

ҚАЗАҚ ТІЛІНІҢ МӘРТЕБЕСІ  ҚАШАН ДА МАҢЫЗДЫ

Қазақ тілі – Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілі. Жалпы бүгінгі қолданыстағы Тіл туралы заңымыз 1989 жылы 22 қыркүйекте қабылданып, қазақ тілі мемлекеттік мәртебеге ие болды. Бұл әрине сол жылдары қазақтың рухын көтеруге ықпал ететін ең негізгі саяси оқиғалардың бірі еді…

Ел тәуелсіздігі жарияланған соң 1997 жылдың 11 шілдесіндесінде Қазақстан Республикасының «Тіл туралы Заңы» қабылданды. Бұл күн елімізде ұзақ жылдар бойы Тіл мерекесі ретінде аталып келді. Алайда 2017 жылы ұлт ұстазы,  қазақ халқының ағартушысы әрі  тілімізді тұңғыш рет лингвистикалық тұрғыда жүйелеген ғалым-реформатор   Ахмет Байтұрсынұлының туған күнінің  құрметіне – 5 қыркүйекке ауыстырылды. Содан бері 5 қыркүйек – Қазақстан халқының тілдері күні ретінде атап өтіледі.

Қазақстан тәуелсіздік алғанына 30 жылдан астам уақыт өтсе де, мемлекеттік тілдің қолданыс аясы әлі күнге дейін жақсармай тұр. Тіл мамандары қазақ тілінің ресми мәртебесі күшейгенімен, күнделікті өмірдегі қолданысы жеткіліксіз екенін айтады. Бұл мәселені шешу үшін қазақша контенттің сапасы мен санын арттыру қажеттігіне баса назар аударғанымыз жөн. Себебі, бүгінгі таңда өскелең ұрпақ интернет, ақпарат желісі арқылы дамып келеді.

Трендтегі  қазақтардың ойынша ана тілінде сөйлеуден кейде тартынатынын, ал кейбіреулер үшін орыс тілінде сөйлеу қалыпты жағдайға айналғанын айтады. Осы ретте айтыскер ақын, ана тіліміздің жанашыры  Бекарыс Шойбековпен де тілдестік. Бекарыс ағаның айтуынша,   қазір ақпараттың, ақпараттық технологияның  заманы. «Ақпаратты қай тілде көп аламыз сол тіл қолданыста болады мемлекеттік тілдің абыройын көтеру үшін тілімізді барынша ақпарат майданында кеңірек қолдану керек.Тек біз ғана емес, басқа да көршілес елдер отарлық кезеңді бастан өткерді.(Тұтас он бес республика Кеңестік отарлау жүйесінде болды). Бірақ олар ұлттық санасын сақтап қала алды. Отбасындағы тәрбиенің, тілге деген құрметтің рөлі олар үшін ерекше маңызды болды» дейді айтыскер ақын.

Елімізде тілге деген қызығушылықты арттыру үшін стереотиптерді жою керек. Кейде қазақша сөйлеуден ұялу қалыптасқан стереотипке айналған секілді. Мысалы, кейбір жастар ауылдан келгенін білдірмес үшін орысша сөйлеп, өзін заманауи көрсетуге тырысатыны жасырын емес. «Калькасыз қазақ тілі» Telegram каналының авторы, филолог Назгүл Қожабек қазақ тілін көбісі керексіз көреді, ал қажеттілік болуы үшін әр азамат жүрген жерінде ана тілін бірінші орынға қою керек деп есептейтінін жазды.

Әр адам тілге деген жанашырлықты өзінен бастау керек. Қазақ тілін қоғамдық өмірдің барлық саласында қолдану заңмен бекітілгенде ғана оның мәртебесі нығаятын еді. Оқу ордаларымызда да қазақ тілінің мәртебесі айтарлықтай жақсы емес. Қазақ отбасысында дүниеге келсе де тілі орысша шыққан балалар бар. Бұл қазақ тіліндегі контенттің аз екеніне  көрсетеді.

Мемлекеттік тілдің қолданыс аясы және оны дамытудың мәселелері туралы  Түркістан қаласы әкімдігінің «Тілдерді оқыту және дамыту орталығының» директор орынбасары Жанерке Тәкібаева ханыммен сұхбаттасқан едік.

– Иә, мемлекеттік тіл мәртебесі бола тұра тіліміздің қолданыс аясы әлі де кең емес. БАҚ пен әлеуметтік желілерде қазақ тілінің белсенділігін арттыру жолдары ретінде мына төмендегілерді ұсынар едім:

Бірінішдіен, Мемлекет тарапынан қолдауқажет. Яғни, қазақ тіліндегі телеарналар мен радионың сапасын арттыруға және қаржыландыруға ерекше назар аудару. Екіншіден, цифрлық контент дамыту: Қазақ тіліндегі анимациялық фильмдер, веб-сериалдар, подкасттар мен YouTube арналарының санын арттыру. Қазақ тілінде контент жасайтын блогерлерге мемлекеттік және коммерциялық гранттар тағайындау. Үшіншіден, жасанды интеллект  пен жаңа технологияны қолдану: Қазақ тіліне арналған тілдік модельдер, автоматтандырылған аударма құралдары мен сөйлеу тану технологияларын дамыту. 

Мектептер мен ЖОО-ларда қазақ тілінің оқытылу сапасы және қос тілділік туралы айта кетсек қазақ тілі пәні мектептерде міндетті болғанымен, оны оқыту әдістері көбіне ескірген. Әсіресе орыс тілді мектептерде қазақ тілі қарым-қатынас құралы емес, тек пән ретінде ғана оқытылады. Бұл оқушылардың қазақ тілін үйренуге деген қызығушылығын төмендетеді. ЖОО-ларда қазақ тіліндегі ғылыми еңбектердің аздығы да күрделі мәселе. Техникалық және нақты ғылымдар бойынша қазақша оқулықтардың тапшылығы байқалады. Қос тілділік жүйесі пайдалы болғанымен, қазақ тілін дамытуға кері әсерін тигізбеу үшін, қазақ тілінің қолданылу мүмкіндігін кеңейту керек. Қазақ тілі ғылым тілі, технологияның тіліне айналуы керек, сондықтан бұл мәселеге баршамыз зор жауапкершілікпен қарауымыз керек деп ойлаймын, -дейді тіл маманы. Жанерке ханым одан әрі ойын былайша сабақтайды: «Қазақ тілін үйренуге қызығушылықты арттыру – ұлттық бірлікті нығайту мен мәдени мұраны сақтаудың маңызды жолы. Бұл мақсатқа жету үшін жан-жақты тәсілдерді қолдану керек. Мысалы, қазақша фильмдер, әндердің көптеп шығарылуы, тілді еркін меңгерген азаматтарға жұмысқа орналасу кезінде артықшылықтар беру, қызметте жоғарылату немесе материалдық сыйақылар тағайындау олардың ынтасын күшейте түсепек. Қоғамдық пікірталас клубтары, тіл үйрену марафондары мен арнайы іс-шаралар ұйымдастырылса,  университеттерде қазақ тілді орта қалыптастыру, қазақша сөйлеуді сәнге айналдыру секілді маңызды міндеттерді іске асыру қазақ тілінің қолданыс аясын кеңейтуге зор ықпал етер еді.

Қорыта айтқанда, қазақ тілінің қолданыс аясын кеңейту үшін мемлекет, білім беру жүйесі және қоғам бірлесіп әрекет етуі қажет. Ең бастысы, қазақ тілін күнделікті өмірдің барлық саласында қолдануға мүмкіндік туғызу керек. Сонда ғана қазақ тілі өз деңгейінде дамып, шынайы мемлекеттік тіл ретінде орнығады».

 Мақаланы әзірлеу барысында Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы Түркістан облыстық филиалының төрағасы Бақытжан Сүлейменұлымен де тіл тақырыбында сөйлесіп, ой бөлісуін өтінген едік. «Ана тілімізге жанашырлық танытып, оны күнделікті өмірде белсенді қолдану – ортақ міндетіміз. Демек, егер қазақ тілін әлемдегі 5000-ға жуық тілдің ішінде ең жоғарғы сатылардан көргіміз келсе әрекетті қазірден бастағанымыз жөн. Әйтпесе тарихы өте бай, бірақ та тілі жұқалтаң елге айналарымыз анық. Марқұм ОАР президенті Нельсон Манделадан қалған сөз бар: «Егер тіліңді жоғалтсаң шекараңды аша сал, себебі сені қорғайтын ештеңең де қалмады!». Осы бір ауыз сөзден ел үшін мемлекеттік тілдің, туған  қадір-қасиетін ұғуға болады  -дейді тіл жанашыры.

                                                                   Жансая Сәрсенәлі,

Ахмет Ясауи университетінің 4 курс студенті.