Inicio Басты жаңалықтар А.ШПЕКБАЕВ: САПАЛЫ ҚҰРЫЛЫС, БЮДЖЕТ ҚАРЖЫСЫН МАҚСАТТЫ ЖҰМСАУ БАСТЫ НАЗАРДА

А.ШПЕКБАЕВ: САПАЛЫ ҚҰРЫЛЫС, БЮДЖЕТ ҚАРЖЫСЫН МАҚСАТТЫ ЖҰМСАУ БАСТЫ НАЗАРДА

Облыс орталығына арнайы іс – сапармен келген Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігінің Төрағасы Алик Шпекбаев жаңа облыс болып құрылған Түркістанда бой көтеретін құрылыс нысандарымен танысты. 
Алдымен Агенттік Төрағасы «Отырар» мөлтек ауданындағы құрылыс алаңын аралап, қарқын алған құрылыс жұмыстарының сапа деңгейіне назар аударды. Нысандарды қарау барасында облыстық құрылыс басқармасы басшысы Тоқтар Үсіпәлиев «Отырар» мөлтек ауданында үстіміздегі жылдың бірінші жарты жылдығында «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша 660 пәтерлі 11 көпқабатты тұрғын үй, ал жыл соңында 540 пәтерлі 9 көпқабатты тұрғын үйді пайдалануға берілетінін, бұл үйлер қала үй кезегінде тұрған тұрғындарға өз кезегімен берілетіндігін баяндады. 
Сонымен қатар, «7-20-25» бағдарламасы аясында жаңа мөлтек ауданда жеке инвесторлар есебінен көпқабатты 6 ипотекалық тұрғын үй құрылысы жүргізіліп жатқандығынан да хабардар етті. 
Төраға өз сөзінде, салынып жатқан құрылыс нысандарының сапасына тиісті бақылауды назарда ұстау туралы айтып, бюджеттің әрбір қаржысы жіті бақылауда екенін де ескертіп өтті.
Айта кетсек, рухани астананың құрылыс жұмыстары негізінен Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің маңындағы «Тарихи аймақты» қайта жаңғырту бойынша жүргізілуде.