Ұлттық өнеріміз айтыста өзіндік өнерімен ерекшеленіп, қиялға қанат сермеген қазақ ақындарының анасы Әселхан Қалыбекованың шығармашылығы мен өмір жолдары бүгінгі ұрпаққа өшпес өнеге болары сөзсіз. Осы мақсатта кеше киелі Отырар даласынан жұлдыздай жарқырай шығып, дүйім ел алдында қара сөздің қадірі мен қасиетін орамды ой, өткір де шырайлы тілмен тыңдарман жүрегіне жеткізе білген арқалы ақын өзінің туған жері Көксарай ауылындағы жерлестерімен кездесті. Туған жеріне ерекше толқыныспен келген Халық ақыны алдымен өзінің атасы Ергөбек Құттыбайұлының атындағы негізгі орта мектепте болып, тарихи-мәдени өлкетанушылар бұрышының ашылу салтанатына қатысты. Шара барысында айтыскер ақын баба рухына тағзым етіп, мектеп қабырғасына ілінген суретінің алдына гүл шоқтарын қойды. Елбасымыздың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында айтылған міндеттерді жүзеге асыру мақсатында ұйымдастырылған жиынға аудан әкімінің орынбасары Пердехан Жаппарқұлов арнайы қатысып, шараның кейінгі ұрпаққа берер тағылымы мол екенін атап өтті.Тарихи деректерге сәйкес Ергөбек Құттыбайұлы 1865 жылы Оңтүстік Қазақстанның Отырар ауданындағы Шәуілдір деген жерде дүниеге келген. 1917 жылы Өзбекстанның Зеңгіата ауданына қарасты Ащы деген жерде қайтыс болған. Ергөбектің ағасы – Қалыбек. Қазақстанның Халық ақыны атанған Әселхан Қалыбекова – осы Қалыбектің немересі.«Тойға біреу шақырса,Есек мініп барамын.Құлшығаштың ішіндеКедейліктен дарамын.Жылап келіп дүниеге,Жылап кетіп барамын»,-деп жырлаған Ергөбек ақын жайында кеңінен әңгімелеп берген Әселхан Қалыбекова шараның ұйымдастырушыларына шынайы алғысын жеткізді. Мұнан соң ақын М.Әуезов атындағы жалпы орта мектебінде «Жаулығының ұшына жұпар түйген» атты кездесу кешіне қатысты. Еліміздегі карантиндік шектеулерге байланысты санитарлық талаптарды сақтай отырып өткен кездесуде ақын жырларымен сусындап өскен мектеп оқушылары кезек-кезегімен сахнаға шығып, асқақ рухты өлеңдерін мәнерлеп жатқа оқып берді. Одан әрі ұлағатты ұстаз Жұмакүл Нәлібаева жүргізген жиында мемлекеттік «Парасат», «Достық» ордендерінің иегері Әселхан апамызды әңгімеге тартып, ақынның өмірі мен шығармашылығы жайында келелі ойлар айтылды. Сұхбат барысында ақын сағынып көріскен жерлестеріне ерекше тебіреніспен әлі сиясы кеппеген жырларын оқыды. Кездесу кешінде ауыл округінің әкімі Әбдірахман Мәуленқұл мен аудандық мәслихат депутаты Айнұр Сыздықәлі ақынға деген ізгі ниетке толы ақ тілектерін арнап, зерлі комзолды иығына жапса, көксарайлық замандастары Өмірзақ Жүсіпқожа мен Балтабай Әуелбековтер арнау-тілектерін өлеңмен жеткізді. Сондай-ақ ақынның сыныптастары мен қатар құрбы-достары да естеліктерімен бөлісіп, ақынның балалық шағын баяндап берді. Әсерлі әңгіме мен рухты жыр-арнаулар оқылған кеште ақынның сөзіне жазылған әуезді әндер де шырқалып, көпшіліктің көңілін көкке көтеріп тастады. Нар кеудені кернеген дарыны бар,Айтыс десе жұлқынған арыны бар.Бастау алған кәусәрдан Ергөбектей,Сарқыраған, сарқылмас сарыны бар – деп ақындар жырлағандай айтыстың ақтаңгері, қара өлеңнің қара нары Әселхан Қалыбековамен өткен кездесу осылайша әсерлі қорытындыланды.