Түркістан қаласының басшысы Р.Аюпов қаладағы аналар қауымымен кездесті. Еркін форматта
өткен басқосуға қалалық әйелдер кеңесі мен облыстық іскер әйелдер
қауымдастығының мүшелері және әртүрлі салада белсенді қызмет етіп жатқан
қыз-келіншектер қатысты.
Жиында қалалық әйелдер кеңесінің төрайымы Ұлжан Мұстафаева, еңбек ардагерлері
Таскүл Махмұтова, Раушан Сержанова, қалалық әжелер алқасының төрайымы Айғаным
Серім, ардагер ұстаз Зағира Мұстафаева, облыстық іскер
әйелдер қауымдастығының төрайымы Инара Намазбаева, жеке кәсіпкерлер Зоя Шин,
Мухаббат Ибрагимова, Мукаррам,ардагер журналист Балтагүл Нұржанова, ардагер
дәрігер Күнила Көптілеуова, кітапханашы Әлима Сүннатіллақызы, Қ.А.Ясауи
атындағы ХҚТУ-нің қызметкерлері Мариям Тасболатқызы,Үміт Мелдебекова, Әдемі
Толысбаевалар өздерінің ұсыныстары мен ой-пікірлерін айтып, қала басшысының
қызметіне сәттілік тіледі.
-Кедейлікті көріп өстім. Ата-анама көмектесу
мақсатында еңбекке ерте араластым. Сондай қиын күндерде анам:«еңсеңді көтеріп
жүр» деген ақыл-кеңесін жиі айтып отыратын. Маған көп күш-қайрат берген анам болды.
Сонда бір минут уақытым болса кітапханаға барып кітап оқитынмын. Сондықтан,
әрбір отбасында ананың орны ерекше деп ойлаймын. Мен де бүгінгі биігіме анамның
арқасында қол жеткіздім. Сондықтан, аналарды құрметтеу – басты парызым. Көп
нәрсе аналардың қолдарында, басымды иемін,-деген қала әкімі Рашид Аюпов қоғам
өмірінде аналардың рөлі өте жоғары екенін айтып, аналарды халық игілігі
жолындағы игі тірліктерге қолдау көрсетуге шақырды.
Баланың ана алдындағы өлшеусіз парызы туралы қала
әкімінің жантебіреніске толы сөзіне аналар қауымы риза пейілде болды. «Ұлық
болсаң кішік бол» дегендей, шынайы сезіммен айтылған сөздер аналардың жүрегін
мейірімділікке толтырды. Қаланың жаңа басшысымен болған кездесу ресми жиналыс
емес, баласының анасымен сырласқанындай рухани байлыққа толы болды.