Inicio Басты жаңалықтар АРЫСТЫҚТАРҒА ТҮРКІСТАН ТҰРҒЫНДАРЫ КӨМЕК КӨРСЕТУДЕ

АРЫСТЫҚТАРҒА ТҮРКІСТАН ТҰРҒЫНДАРЫ КӨМЕК КӨРСЕТУДЕ

Арыс қаласында орын алған оқиғаны бақылауда ұстау үшін облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев шұғыл брифинг өткізді. Аймақ басшысы баспасөз мәслихатында атқарылар шаруаларды тізбектеп берді. Осы бағытта қалалық жедел штаб құрылды. Штаб құрамында ТЖБ және полиция басқармаларының бастықтары, дербес бөлім басшылары бар.

     Арыс қаласы мен Отырар ауданының тұрғындарына қаламыздағы С.Ерубаев атындағы №7 мектеп-интернатының жатақханасынан 273 адамға жатын орын берілді. Олар Түркістан қаласы әкімдігі мен ерікті топтардың тарапынан азық-түлікпен қамтылды.

     «Төтенше жағдайдан зардап шегушілерге тиісті көмектер көрсетілуде. Атап айтқанда, үш мезгіл ас беріліп, дәрі-дәрмектер, киім-кешектермен қамтамасыз етіліп, педагог-психологтар балалармен жұмыс жасауда. Шәуілдір елді мекенінен эвакуацияланған тұрғындар жағдайдың тұрақталуына байланысты өздерінің үй-жайына қайтып жатыр»,-деді қалалық білім бөлімінің басшысы Ақмарал Батырбекова.

     Айта кетейік, Түркістандағы 6 қабылдау пункті 1200 адамды қабылдауға қауқарлы. Қосымша азаматтарды тіркеу жұмыстары әлі де жалғасып жатыр.

  Техногендік сипаттағы төтенше жағдай кезінде Түркістан темір жол станциясына келіп тоқтаған 1340 жолаушы арнайы автобустармен  Шымкент қаласына жөнелтілді.